• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Ақпан, 2025

Есте қаларлықтай ерекше концерт

121 рет
көрсетілді

Ертіс–Баян өңірінде ел есінде қаларлық ерекше концерт өтті. Жергілікті композиторлардың шығармалары орындалған кеште бұрын үлкен сахнаға аяқ бас­паған алыс аудандардың өнер­­паздары жарқ етіп көрінді.

Көрермендердің зор ықыласына ие болған «Алтын бесік – туған ел!» концерті осымен өңірімізде екінші рет өткізіліп отыр. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ұйытқы болған рухани іс-шарада бірқатар әндер оркестрдің сүйемелдеуімен орындалып, ансамбльдер мен жеке орындаушылар көңіл ­хошын ашатын шығармалармен құлақ құрышын қандырды.

Жоба авторы, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар ор­кестрінің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов Арқа даласындағы ән орындау­шылық өнері осындай концерттер арқылы жалғасып, жаңғырып отыратынын айтады.

– Кешегі Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Иса, Естай, Майра, Иманжүсіп сияқты халық композиторлары ән-жырға бөлеген Ертіс–Баян өңірінде бүгінде ұлттық колоритіміз – дәстүрлі әншілік өз деңгейінде сақталып отыр. Қаншама жас­тарымыз ел жадынан өшіп бара жатқан көне шығармаларды қайта жаңғыртты. Енді бірі заманға сай лайықтап, кейбір әндерге екінші өмір сыйлады. «Алтын бесік – туған ел!» жобасының мақсаты – ел ішіндегі таланттарымызды үлкен сахнаға жетелеу, жергілікті композиторлардың әндерін насихаттау. Баянауылдағы «Беу, жігіттер» халық ансамблінің орындауында ұзақ жылдар орындалып келе жатқан Аман Баязитовтің «Баяным», марқұм композитор Қайырбек Сәтиев­тің «Ақмарал» әндері бүгін оркестрмен орындалып, жұрт жылы қабылдағанын көзіміз шалды. Біз үшін биыл жас күйші Ұғыбайдолла Мүфтәннің «Алаш аманаты», белгілі күйші, Мәдениет саласының үздігі Серік Сыздықовтың «Терісқақпа тол­ғауы», «Тұрар Ақжелең» күйлері ерек­ше жаңалық болып отыр. Ұ.Мүф­тәннің аталған туындысын біздің оркестр былтырғы Домбыра күнінде Ертіс жағалауында орналасқан «Ertis Pro­menade» сахнасында орындап, көрер­мендер зор қошеметпен қабылдаған еді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов.

Биыл «Беу, жігіттер» ансамблінің құрылғанына 40 жыл толып отыр. Халық ансамблінің мүшелері осы жыл­дар ішінде үш мәрте ауысқан. 1986 жылы Баянауыл ауданындағы мәдениет үйінің жанынан үгіт-наси­хат бригадасы ретінде құрылған өнер ұжымының алғашқы жетекшісі – Жүрсінбай Мұқаев еді. Кілең жігіт­терден құралған ансамбль 1991 жылы Қабардин – Балқар елінде өткен дүние­жүзілік түркітілдес фестивалінде және 1993 жылы Дағыстанда өткен «Радига» фестивалінде өнер көрсетіп, лауреат атанады. Одан бері де көптеген республикалық және халықаралық концерттер мен кештерге қатысып, Арқа даласының өнерін паш етті. Жуықта Алматы қаласында өткен республикалық «Самғау» байқауында дәстүрлі ән аталымы бойынша жүлделі орынға ие болды.

– Тұңғыш рет оркестрдің сүйемел­деуімен үлкен сахнада ән орындадық. Иса Байзақов атындағы облыстық филармония ұжымы бізге осындай мүм­кіндік сыйлағанына ризамыз. Биыл желтоқсан айында ансамблі­міздің құрылғанына 40 жыл толғалы отыр. Соған орай бірнеше әнді репер­туарымызға қоспақ ойымыз бар. Мыса­лы, сөзін әйгілі Мұза­­фар Әлімбаев жаз­ған «Маралдым» әнін, Нұрғиса Тілен­диевтің «Баянауыл вальсін» өзгеше мәнерде, жаңаша ырғақта жазып жатырмыз. Жыл со­ңында Павло­дар және Қарағанды об­лыс­­тарының аудан-қала­ларын аралап, кон­церт беру ойы­мызда тұр, – деп жос­парларымен бөлісті «Беу, жігіттердің» орын­­­дау­шысы Жандос Адамов.

Талғат Кәрімов атап өткендей, дәс­түрге айналып келе жатқан биылғы концерт Жаяу Мұсаның – 190, Абайдың – 180, Майраның – 135, сондай-ақ Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналды. Алдағы уақыт­та жергілікті авторлардың ән-жыры таспаға түсіріліп, саз жинағын шығару ойда бар. Ал одан соң мұндай рухани кештерді өзге аудан-қалаларда ұйым­дастыру көзделіп отыр.

Концерттік кеште жергілікті ком­позиторлардың 20-дан астам ән-күйі орындалды. Кеште Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінен бөлек, «Шернияз» би ансамблі, камералық хор, «Samiyan» вокалдық тобы, «Ретро» вокалдық ансамблі, филармонияның жеке орындаушылары, әншілер Ербо­лат Бортыбай, Арман Рай, Алтынгүл Бақытхан, Есім Бейбітхан, «RUH» этно-микс ансамблі, Дәуренбек Сләмғали, Шыңғыс Асығатұлы, тағы басқалары өнер көрсетті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар