Былтыр 600-ден аса алматылық оқушы халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен. Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Дарын» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы қала оқушыларының жетістіктерімен бөлісті.
Былтыр орталық тарапынан 200-ден аса зияткерлік олимпиада мен байқаулар ұйымдастырылып, оған 250 мыңнан астам оқушы қатысқан. 30-дан аса халықаралық олимпиада мен байқауға қатысқан 894 оқушының 604-і жеңімпаз болған.
Бүгінде қала оқушыларының халықаралық олимпиадалардағы жетістігін ерекше атап өтуге болады. Былтыр ел құрамасы сапында Алматыдан 4 оқушы өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді. Ал республикалық жарыстарда қала командасы 63 медальды еншілеп, «Үздік олимпиадалық команда – 2024» атағын жеңіп алды.
Бүгінде алматылық оқушылар халықаралық олимпиадаларда ғана емес, роботтехника саласында да жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Былтыр қала командасы АҚШ-тың Даллас қаласында өткен чемпионатта үздік ондыққа енді. Олар алдағы жылдарда Женева, Сингапур және Афинада үш мәрте әлем чемпионы атанған.
№140 гимназия-мектебінің «Uly Dala» мүшесі Айғаным Шамшадин роботтехникадағы команданың алғашқы жеңісі 2022 жылы «First Lego League» турнирінен басталғанын айтты. Кейіннен «First Tech Challenge» деңгейіне өткен команда әр жарысқа табандылықпен дайындалып, қадамдарды, бағдарламаларды тұрақты жетілдіріп отыратынын атап өтті.
«Sana Team» капитаны Смаил Дарын екі жылдан аса уақытта роботтехниканың әліппесін терең меңгеріп, нәтижесінде, Аустралия, Кипр, Үндістан және Қырғызстанда еліміздің намысын қорғап, команданың жоғары марапаттарға ие болғанын жеткізді. Қазір команда Хьюстонда өтетін әлемдік жарысқа дайындалып жатыр.
АЛМАТЫ