• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Мәселе 27 Ақпан, 2025

Балалар бұзақылыққа неге барады?

206 рет
көрсетілді

Жасөспімірдер арасындағы әлімжеттік, балалардың бір-біріне буллинг, соның ішінде кибербуллинг жасауы – бүгінгі қоғамды алаңдатып тұрған мәселенің бірі. Бұл – айдың-күннің аманында орын алып жатқан жағымсыз жайттардан туған жанайқай. Күні кеше Семейдегі бір топ жас жеткіншектің 6-сынып оқушысын соққыға жығуы – соның айқын дәлелі.

Еске сала кетсек, 24 ақпанда әлеу­­меттік желіде жасөспірім мек­теп оқушыларының өз­дері қатарлас ұл баланы ұр­­ған видеосы кең тарады. Бір қы­зы­­ғы, әлгі ұлды тепкілегендер­дің ара­сында қыз балалар да бар. Ауыз­дары боқтық сөзге тол­ған олар «құр­бандықтарын» кемсітіп, мұ­қат­қан­дарын түгелдей таспаға түсірген.

Бұл оқиға Семейдің 343-орам ауданында болған деседі. Жерде жылап жатқан балаға еш аяу­шылық білдірмей, керісінше өз «ер­ліктеріне» мәз болған жас­өс­­­пі­рімдердің әрекеті желі қол­­дану­­шыларының жағасын ұстат­ты. Олар бұзақыларды тез арада құ­­рық­тап, жазаға тартуды талап етті.

Қоғамды дүрліктірген жайт­қа жергілікті полиция бірден ден қойып, көп өтпей оқиға қатысу­шыларының ұсталғанын әрі қылмыстық іс қоз­ғалғанын мәлімдеді.

«Кикілжіңге қатысқандар ата-ана­­­ларымен бір­ге полиция бөліміне жет­­кізілді. Жас­өспірімдер полиция бө­лі­­міне есепке қойы­лады. Олардың мінез-құлқын кәме­летке толмағандар істері жөніндегі облыстық комиссия қарайды», делінген Полиция депар­таменті таратқан хабарламада.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары баланы ұрып-соққан жасөспірімдердің ата-аналары өз балаларының тәрбиесіне немқұрайды қарағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын, балалар оқитын білім мекемелеріне қатысты да шара қолданылатынын мәлімдеді. Бұл оқиға Абай облыстық Полиция департаменті басшылығының айрықша бақылауына алынды. Қазір зардап шеккен 6-сынып оқушысымен арнаулы мамандандырылған орталықта психологтер жұмыс істеп жатыр.

«Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен психо­логтер балаға қолдау көрсе­тіп, оқиға­ның эмоциялық зардаптарын жою үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Құзыретті органдар баланың психологиялық жағ­дайын қалпына келтіру үшін көмек қо­лын созды», деп мәлімдеді жергілікті по­лиция.

Оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдіріп, облыс әкімі Берік Уәлимен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семей қаласында жасөспірім­дер тарапынан жасалған қылмысты талқылағанын жазды.

«Қылмыстың алдын алудың негізі – отбасылармен, мектепте балалармен жеке жұмыс істеу. Семей қаласында жас балаға қатысты қылмыс жасаған екі жасөспірімнің ата-аналары бұған дейін баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-аналар ретінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралған. Ата-аналардың бірі наркологиялық диспансердің есебінде тұр. Ал екінші отбасында бала мектепішілік есепке алынған. Осындай жағдайға тап болған отбасылармен кешенді жұмыс жүргізу қажет, әсіресе бұл жұмыс қа­был­данған заңға сәйкес елдің барлық ауданында ашылуға тиіс. Отбасын қолдау орталықтары арқылы жүзеге асырылуы керек. Қазір Абай облысында мұндай орталық тек бір ауданда бар. Болашақта тағы 10 аудан мен екі қалада, соның ішінде Семей қаласында да ашылуы қажет», деді ол.

Д.Зәкиева облыс әкімімен Отбасын қолдау орталықтарын ашумен қатар, заңға сәйкес қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру және қыркүйек айынан бастап мектептерде енгізілген бірыңғай тәрбие беру бағдарламасының іске асырылу сапасы мәселелері жайында сөз қозғалғанын атап өтті.

«Әкім бұл мәселелерге ерекше назар аударатынын айтты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл осы уақыт бойы зардап шеккен бала мен оның отбасының жанында болды. Қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданып жатыр. Баланың отбасына көмек көрсеткісі келген барлық жанашыр азаматтар­ға алғысымызды білдіреміз», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Кейінгі мәліметтерге жүгінсек, Семейдегі оқиғада баланы ұрған жасөс­пірімдердің бәрін уақытша оқшаулау жағдайында психологтермен жұмыс істеу үшін мінез-құлқында ауытқуы бар балаларға арналған ма­ман­­дандырылған мектепке жіберу көзделіп отыр.

«Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қалалық комиссия үш ата-ананы ата-аналық құқықтарынан айы­ру, сондай-ақ бір қамқоршыны екі балаға қатысты қамқорлықтан айы­руға ұсыныс жасады. Барлық мате­­риал­ сотқа жолданды, соңғы шешімді сот қабылдайды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот жасөспірімдердің мамандандырылған мекемеде қанша уақыт болатынын анықтап, ата-ана құқығынан айыру туралы соңғы қау­лыны шығарады», деп мәлімдеді жер­гілікті полиция.

Әлеуметтік желіде пікір білдір­гендердің көбі мұндай жағымсыз жайт­тардың алдын алу үшін заңды қатаңдату керек екенін алға тартып ­жатыр. Дегенмен белгілі құқықтану­шы, адвокат Айман Омарованың ай­туын­ша, заңды қанша жерден жетілдіріп, қатайтса да, оның орындалуы мен тиімділігі ең алдымен отбасындағы тәрбиеге, сондай-ақ сол заңды халыққа, әсіресе оң-солын енді танып келе жатқан жасөспірімдерге түсіндіруге байланысты.

«Мен Скандинавия елдерінде болдым. Ол жақтағы адам құқықтарының сақталу мәселесі керемет. Біреуді қорлау, оның киіміне, көлігіне, үйіне, түріне қарап кемсіту атымен жоқ. Өкінішке қарай, бізде осы жағы кемшін. Ең бастысы, отбасындағы құндылықтар басқаша», дейді ол.

А.Омарова Семейдегі оқиға сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін заң қабылдағаннан кейін құқық қорғаушылар, депутаттар білім мекеме­лерінде, отбасында осы заң талаптарын балаларға түсіндіруі керек екенін айтады. Өйткені қазір біздің жас­өспірімдер қылмыстың не екенін білмейді.

«Балаларға 1-сыныптан бастап-ақ біреуді ұрып-соқпақ түгіл, көшеде итерудің өзі құқыққа қайшы екенін түсіндірген жөн. Бұл мәселе ең алдымен отбасында үйретілуі керек. Қоғамда орын алып жатқан қатыгездік оқиға­ла­рының түп-төркіні – жастардың заңды білмеуі әрі адамгершілік құнды­лық­тарының отбасында үйретілмеуі. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі», деді ол.

Әлеуметтік желідегі видеоны көр­ген ата-аналар көпшілікті балалары­ның қауіпсіздігі алаңдатып отырғанын жазады. Мемлекет тарапынан бұл бағытта ілкімді қадамдар жасалынып жатқаны аян. Мәселен, өткен жылы заңнамаға әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзгерістер енгізілді. Алайда жоғарыда айтқандай, заңның жұмыс істеуі – халықтың оны сақтауы мен құрметтеуіне де тікелей байланысты. Ең бастысы, жасөспірімдер арасында түрлі бұзақылықтың етек алмауы бала тәрбиесіне бекем қарауда жатқанын түсінетін кез жеткен секілді. 

Соңғы жаңалықтар