Жақында Бұқар жырау ауданының жұрты көрнекті академик Қаныш Сәтбаевтың ізінен ерген ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы Арықтай Қайыповтың құрметіне Мәдениет үйінде «Ғалымның хаты өлмейді» атты тағылымды кеш өткізді.
Ғылымға салмақты үлесін қосқан ғалымның көп жылдан бері есімі ескерілмей қалған еді. Енді, міне, елі сол олқылықтың орнын толтырғандай. Былтыр академиктің туғанына 110 жыл толуына орай Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли бастаған жергілікті 13 депутат өз қаражаттарына сатып алған 125 көшетті Үлгідегі Қаныш бағына екті. Сонда аудандық орталық кітапхана қызметкерлері «Геологияның қос алыбы» көрмесін ұйымдастырған еді. Осы орайда, аталған кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарованың еңбегіне ерекше тоқтала кеткен жөн. Ол Арықтай ғалымның туған жері Үлгі ауылының тарихын, академиктің өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде талмай ізденіп, балалары мен туыстарынан деректер мен фотосуреттерді тірнектеп жинап, тартымды көрме мен бейнекөрініс әзірледі. Тағылымды кештің мазмұнын да бір өзі жазып шықты. Әрі өзі жүргізді.
Салтанатты кеште алғаш болып баяндама жасаған академиктің туған топырағынан шыққан PhD, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғылым жөніндегі проректоры Асылбек Зейниденов ғалымның игілікті ізі жөнінде сөз қозғады.
– Академик Арықтай Қайыпов өзінің соңында үш игілік қалдырды. Біріншіден, ол Орталық Қазақстан өңірінде Ақмая сирек металл кен орнын ашып, екіншіден, Ащысай мен Зырянов кен көздерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, қазіргі Алтай қаласында қорғасын комбинатының салынуына негіз болды. Үшіншіден, Қазақстан мен Орта Азияның металлогениялық картасын құрастырушылардың бірі. Біз ғалым ағамыздың осынау еңбегі мен мұрасын дәріптеуіміз керек. Бүгінде оның ісін жалғастырушы жас буынның жоқтығы жанға батады. Кезінде Арықтай бастаған қаншама ғалым шыққан Үлгіні былай қойғанда, Бұқар жырау ауданының өзінен ғылыммен шындап шұғылданып жүрген бірді-екілі адамды ғана білемін. Сондықтан бұл мерейтой өткенді еске алу ғана емес, Арықтай Қайыповтың ұрпақтарына үлгі болған ісін әрі қарай жалғастыруға серпін береді деп ойлаймын, – дей келе университеті атынан аудандық кітапханаға ғұлама ғалымдар Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетов туралы бірнеше кітапты тарту етті.
Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын мұндай салтанатты жиынның жастарға ой салатынын, өйткені ешбір мемлекет ғылым, білімсіз дамып, өркендемейтінін жеткізді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетімен екі арада өзара ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум жасасу туралы ұсынысын жоғары оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбеков мырзаға жолдайтынын айтты. Бұл келісім болашақта ауданның мектеп оқушылары арасынан ғылымға қабілеті бар балаларды анықтап, олардың жолын ашуға ықпал етеді.
Академиктің АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұратын ұлы, техника ғылымдарының докторы Мәлік Қайыповтың ұсынысымен және демеушілігімен Бұқар жырау ауданының былтырғы оқу жылында мектеп бітіретін түлектері арасында «Мен болашақта кім болғым келеді?» тақырыбында эссе жазудан байқау жарияланып, қорытындысы шығарылған еді. Байқау жеңімпазы атанған 11 оқушының әрқайсысына Арықтайдың Алматыдан арнайы келген жиені Юлия қаржылай сыйлық пен арнайы диплом тапсырды. Мұнымен қоса, білім саласына қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігін танытқаны үшін аудандық білім беру бөлімі ұсынған Ботакөз Сембаева, Мерей Қайратова, Салқын Баяхметова мен Ербол Айболаттай ұстаздар да Юлияның қолынан Алғысхаттар мен ақшалай сыйлық алды. Жыл бойы Арықтай атын ардақтау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген Майгүл Асқарованы да ұмыт қалдырмай, туыстары атынан алғысын білдіріп, оған да қаржылай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ аудандық кітапханаға үш тілде шығарылған «Қазақстан ғалымдарының библиографиясы: Қайыпов Арықтай Қайыпұлы» библиографиялық көрсеткішін, бірнеше мақала мен фотосуретті сыйлады. Сөйтіп, кітапхана қоры Қайыповқа қатысты 11 кітап, 18 мақала, 63 фотосурет, 4 ғылыми еңбек, 1 естелік кәдесыйға толықты.
Салтанатты кеште медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдірахман Кулов пен медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсентай Кулов Арықтайдың адами қасиетіне тоқталды. Оның ар мен адалдықты тең ұстаған тұлға екендігін есіне алды. Белгілі ақын-журналист Ержан Имаш пен ұлағатты ұстаз Жасұлан Хамитовтың академикке, оның туған жеріне арнаған өлеңіне көрермен қол соқты.
Бұл күні Үлгі ауылының да рухы оянды. Үлгіден шыққан ақындардың өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Бір-бірін көп жыл көрмеген ауылдастар арқа-жарқа күйге бөленді.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы