• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Айбын 28 Ақпан, 2025

Күштік құрылымдар темірдей тәртіпке сүйенеді

62 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін айтқаны белгілі. «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет», деді Президент.

Кейінгі жылдары Отан ал­дын­дағы борышын өтеуге бар­ған жастардың арасын­да түсініксіз жағдайда қаза табу не мер­тігу оқиғалары көбейгені бел­гілі. Қоғамда көп талқыға түскен өзекті мәселеге Мемлекет басшысы да назарын аударып, арнайы тапсырма берді. Бұл – ең алдымен, Қорғаныс министрлігіне қатысты мәселе. Осы­ған орай Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, әскер­дегі тәртіпті нығайуға бағытталған шаралар кешені қолға алына бастады. Бұл туралы Орталық коммуникация­лар қызметіндегі брифингте Қор­ғаныс министрлігі Тәрбие және идео­логиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев айтып берді.

– Бұған дейінгі брифингтер мен бас­қа да алаңдарда біз қабылданып жат­­қан шаралар туралы мәлімет бер­дік. Со­ның қатарында «Напарник», «Пира­ми­да», «Жауынгерлік дос» жүйе­лері арқылы жеке құрамды бақылау, «Отбасымен бейнеқоңырау» арқы­лы туыстарымен сөйлесу сервисінің жұмысы, жеке құрамдағы құқық бұзу­­шылық пен өлім-жітімнің алдын алу бойынша іс-әрекет алгоритмі, бей­не­бақылау камераларының, профилак­тика кабинеттерінің жүмысы, т.б. бар. Ал бүгінгі айтайын дегеніміз – өткен жылдағы техникалық шаралар мен жаңашылдықтан бөлек, әскери қызметшілердің әріптестеріне деген өзара сыйластығын қалыптастыруға, тәртіпті сақтауға бағытталған құқықтық әрі моральдық-этикалық нормалар бойынша тұрақты жүйелі сабақтардың енгізілуі, – деді Т.Басқожаев.

Оның айтуынша, бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Қазір әскери қызметшілерге қатысты бұзықтық пен басқа да құқық бұзушылық туралы хабарлауға арналған анонимді қауырт желі жұмысы жандандырылған. Бұған қоса тәртіпке жауапты офицерлер саны көбейіп, оларға басқару мен кикілжіңнің алдын алудың заманауи әдістерін оқыту жолға қойылған.

– Стресті төмендету мен кикілжің­дерді болдырмау үшін әскери қыз­метшілерді психологиялық қолдау жүйесі жаңғыртылды. Бұл жұмыспен әскери психологтер айналысады. Олар­дың қолында айрықша назар салуды қажет ететін әскерилердің тізімі бар, – деді Т.Басқожаев.

Қорғаныс министрлігінің өкілі мерзімді әскери қызметін өтеген жас­тарға 2023 жылдан басталған жеңілдік пен игі өзгеріс жайында кеңірек айтып берді. Соның бірі – әскери қызметті үздік өтеген сарбаздарға тегін білім грантының берілуі. Осы жоба аясында 2023–2024 жылдары 6 мың адам тегін грантқа ие болған. Оларға еліміздің 80-нен аса жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік берілген.

– Сонымен қатар мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға «несиелік демалыс» беру жобасы да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 17 мыңдай адам «несиелік демалысқа» қол жеткізді. Олардың 6,6 млрд теңгені құрайтын берешек қарызы бар, – деді Т.Басқожаев.

IIM Ұлттық ұлан Тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыс бас бас­қармасының бастығы, полковник Нұрбай Бектұрсынов Президенттің әскери қызметтің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге қатысты тапсырмаларын іске асыру үшін ІІМ мен Ұлттық ұланда «2025 жыл – профилактика жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, әскери қалашықтар аумағында, жатын орындарда, қару-жарақ сақтайтын бөлмелерде, жуынатын, тәуліктік наряд өткеретін, т.б. жердің бәрінде 3 218 бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін тағы қосымша 1 000 шақты камераны іске қосу жоспарда тұр.

Психологтердің деңгейін көтеру мақсатында бірқатар қоғамдық ұйым­мен, оқу орындарымен меморандум жасалғанын, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың отбасымен тұрақты түрде сөйлесуі жолға қойылғанын, Сарбаз аналары комитетімен тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өткен ол осы жұмыстың бәрі жемісін беріп жатқанын тілге тиек етті. Алайда барлық күштік саланың өзара күш біріктіруі арқылы атқарылатын шаруа әлі де шаш етектен.

– Былтыр ұландықтар қатарынан офицерлердің, әскери қызметшілердің суицид жасау, сондай-ақ бейбіт өмірде қаза табу оқиғалары тіркелген жоқ. Соған қарамастан, әскерилер өлім-жітімінің, соның ішінде суицидтік әрекеттің алдын алу мәселесі әлі де өзекті әрі командирлер мен басшы­лардың тұрақты назарында, – деді Н.Бектұрсынов.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орын­басары Серік Рахимов қоғам талқы­сындағы күрделі мәселеге тоқтала келе, әскери және құқықтық тәртіпті нығайту аясында Шекара қызметінің бөлімшелерінде Бас әскери прокуратура, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланмен бірлесе әскери қызметшілер арасында лудомания, суицид, басқа да жағымсыз көріністің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» бағдарламасы іске асып жатқанын айтты.

– Әскерге шақырылған сарбаз­дарды сапалы зерделеу үшін оқу орта­лықтарында қосымша 66 тәрбиеші, 40 психолог пен полиграфолог маман лауазымдары енгізілді. Бұл іс-шаралар әскерге шақырылған контингентті іріктеу сапасын арттырып, оларды бейімдеу үдерісін жақсартты. Был­тыр әскери психологтер әскери қыз­метшілер арасында моральдық-психо­логиялық климатты зерттеуге, сондай-ақ қызметтің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған 10 мың сауалнама өткізді. 1 мыңнан аса консультациялық және түзету іс-шарасы жүргізілді, – деді С.Рахимов.

ҰҚК Шекара қызметінің өкілі әскерге шақырылушылар арасында жарғылық емес қарым-қатынасты болдырмау мақсатында өткен жылдан бастап жаңадан келгендер мен одан бұрын шақырылған әскери қызметшілердің бөлек қызмет ету тәжірибесі енгізілгенін жеткізді. Яғни олар қызмет кезінде бір-бірімен байланыста болмайды, бұл жанжалдың туындауын барынша азайтады. Сондай-ақ сарбаздар тәулік бойы командирлердің бақылауында болады.

С.Рахимов Қорғаныс министр­лігі, Ұлттық ұлан, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жас­тарға әскери-патриоттық тәрбие беруге қатысты тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірленіп жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтқанда, осы мақсатта Шекара қызметі шекаралас аудандар мектептерінде 375 арнайы «Жас шекарашы» үйірмесін құрған. Олардың құрамында 7 мыңнан аса оқушы бар. Бұл үйірмелерден шыққан 131 жас ҰҚК Шекара академиясына, еліміздің және шет мемлекеттердің басқа да әскери жоғары оқу орындарына білімін шыңдап жатыр.

– Жалпы айтқанда, осы тәрбиелік-идеологиялық жұмыста қабылданған шаралар оң нәтиже беріп отыр. Соны­мен қатар халыққа балаларыңызға көбірек қамқорлық жасап, адамгершілік құндылық пен патриотизмге тәрбиелеу қажеттігін жеткізгім келеді. Себебі өсіп келе жатқан ұрпақ – Отанның қорғаны. Еліміздің бейбіт болашағын қамтамасыз ету үшін тек құқық қорғау органдары емес, барлығымыз күш-жігерімізді біріктіруіміз керек, – деді ҰҚК өкілі. 

Соңғы жаңалықтар