Орал қаласында Ермұхан Бекмахановтың 110 жылдығына орай «Отандық тарихты оқыту: жаңа бағыттар мен тәсілдер» атты республикалық форум өтті. Оған еліміздің әр аймағынан тарих пәнінің 130 мұғалімі қатысты.
«Әйгілі тарихшының мерейтойына орайластырылған бұл форумның мақсаты – еліміздің мектептерінде тарих пәнін оқытудың өзекті мәселелерін талқылау, тарих пәні мұғалімдерінің бірыңғай қауымдастығын құру еді» дейді осы іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығы тарих пәнінің әдіскері Динара Жексенғалиқызы. Жиын соңынан айтылып жатқан лебіз-пікірлерге қарағанда, бұл мақсат орындалған сияқты.
– Мен Астана қаласынан келдім. Кеңес кезінде алғашқы ғылыми жұмысымды Ермұхан Бекмаханұлының өмірі мен шығармашылығына арнағаным үшін кедергі, қысастық көргенім есімде. Көрнекті тарихшының Орал педагогикалық университетінде дәріс оқығанын естіп жатырмын. Жалпы, осы форумда Батыс Қазақстанның бай тарихына куә болдық, көп деректі естіп-біліп, тәжірибе алдық, – дейді Астана қаласы әдістемелік орталығының тарих пәнінің әдіскері Жанар Төлеуғасымқызы.
Форумға Астанадан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан, Батыс Қазақстан облыстарының барлық ауданынан тарих пәні мұғалімдері мен әдіскерлер қатысты. Алты бөлімнен тұрған форумның алғашқы бөлігінде оралдық ғалымдар, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева мен археолог Яна Лұқпанова дәріс оқып, отандық тарихтың тың деректері мен ғылыми жаңалықтарымен бөлісті. «Bootcamp» атты бөлімде тәжірибелі мұғалімдер өздерінің инновациялық әдістері мен оқыту тәжірибелерін ортаға салды. Педагогтер жаңартылған білім беру мазмұны аясында тарих пәнін оқытудың заманауи әдістерін талқылады. Ал «Creative Gallery» әдістемелік көрмесіне Орал қаласы, Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан келген тарих пәні мұғалімдері өздерінің авторлық лайфхактарын, тиімді әдістемелік құралдарын қойып, форум қатысушыларына таныстырды. Цифрлық интеллект карталар арқылы өлке тарихын визуалды зерттеу, тарихи фотосуреттер мен көрнекіліктерді пайдалану, картографиялық өнімдерді тарих сабағында қолдану секілді нақты кеңестер әр мұғалімге пайдалы болғаны анық. «Workshop&Pitching» атты әдістемелік алаңда ұстаздардың шеберлік сағаты ұйымдастырылып, оқытудағы құндылықтар, функционалдық сауаттылықты дамыту жолдары және жасанды интеллектінің тарих сабағында қолданылу мүмкіндігі талқыланды. Мұғалімдер өздерінің үздік тәжірибелерін ұсынып, пікір алмасты. Мұнда тарих пәнін оқытудағы ұлттық құндылықтың маңызына баса мән берілді.
Жиынның екінші күні форум қонақтары өңірдегі өлкетану және зерттеу бағыттарымен танысты. «Tarikh Talks» алаңында батысқазақстандық өлкетанушылар Айболат Құрымбаев пен Ахмедияр Батырханов сөз алып, интернет сайттарын тарихи-өлкетану жұмыстарында пайдалану мүмкіндіктері туралы, Екінші дүниежүзілік соғыстағы соғыс тұтқындарының дерегін Ресей Қорғаныс министрлігінің интернет ресурстарынан іздеу жөнінде тәжірибелерімен бөлісті. Форум командалық тарихи «Quiz» ойынымен қорытындыланды. Бұл сайыс мұғалімдердің танымдық қабілетін шыңдап, тарихты оқытуда ойын әдістерін қолданудың тиімділігін көрсетті.
Тарихи куиздің қорытындысы бойынша Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының педагогтерінен құралған топ жеңімпаз атанды. Бүкіл қатысушыларға сертификат пен Алғысхат табыс етілді.
Батыс Қазақстан облысы