• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Инвестиция 06 Наурыз, 2025

Шетелдік инвесторлар қызығып отыр

62 рет
көрсетілді

Қытайлық инвесторлар Ертіс–Баян өңіріндегі өндірістік әлеуетке қызығып отыр. Инвесторлар автокөлік дискісі мен қосалқы бөлшекті, катализатор және күнбағыс майының эстракциясын шығаратын зауыттар салуға ниет танытты.

Көрші елдің алпауыт компания­ла­рының Ертіс бойына құмартуына негіз бар. Облыста мұнай-химия зауыты, болат-қорытпа, алюминий шығаратын кәсіпорындар, мұнай коксы мен кәбіл өнімдерінің, ферроқорытпа өндірісі және өзге де металлургиялық өндіріс ошақтары шоғырланған. Электр қуатына қатысты мәселе жоқ. Зауыттар күн сайын тонналап шығарып жатқан өнім түрлерін екінші қайтара өң­деп, дайын тауар ретінде нарыққа жөнелту өндірісі ғана жетіспей тұр. Осы бір тың жатқан өндірістік алаң қытайлық кәсіпкерлердің көзіне түскендей.

Қытайлық «Beijing Jinghanlin Мould Manufacturing Co. Ltd» мен «Hua Аn International Investment Management LLP» компаниялары қазір Павлодар әкімдігімен көлік дискісін және қосалқы бөлшек өндіретін ірі кәсіпорын құру туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Жоба құны – 50 млрд теңге. Өндірісте жылына 2 млн дана өнім шығарылып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылуы мүмкін.

Облыс әкімі Асайын Байханов аталған компания басшы­ла­рымен кездесті. Онда тараптар өңір­дегі «Павлодар» арнайы эко­номикалық аймағының аума­ғын­да автокөлік өнеркәсібіне арналған автокөліктердің алюминий дискілері мен қосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салу мүмкіндігін талқылады.

«Облыс әкімі Асайын Байханов қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру басты басымдық еке­нін атап өтті. Ол кәсіпо­рынның болашағын жоғары баға­лады. «Beijing Jinghanlin Mould» ком­паниясының құрылтай­шы­сы мен басшысы Тау Хуачан дөңгелек дискілерін құю, сынау технологиясы, жүк көлік­те­рінің дөңгелектеріне арналған қалыптарды өндіру және экспорт­қа бағдарланған өнімнің артықшы­лық­тары туралы баяндады. Тараптар жобаны жан-жақты талқылауды жалғастыруды және оны іске асыру жө­ніндегі алдағы уақыттағы қадам­дар туралы уағдаласты», деп хабар­лады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd» – нарық­тағы негізгі ойыншы және өнім­дерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Еуропа­ға, Латын Америкасына, АҚШ-қа жеткізетін Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі. Тағы бір қытайлық компания «Rezel Catalysts Corporation» автокөліктерге арнал­ған FCC-катализаторларының өндірісін құруға ынта танытқан. Жуықта аталған компания өкілдері мен «КМХ-Катализаторы» ЖШС басшылығы облысқа арнайы келіп, өз ниеттерін жеткізді. Қытайлық инвесторлар 45 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жылына 10 мың тонна FCC-катализатор шығаруға 12 млрд теңге инвестиция құюға дайын.

Өңір басшысы Асайын Байханов әлеуетті инвесторларды қолдап, каталитикалық жүйелер есебінен отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарында қайта өңдеу маржасының айтарлықтай артатынын атап өтті. «Rezel Catalysts Corporation» директорлар кеңесінің төрағасы – бас директоры Чжоу Жуншэн компаниясының озық технологиясы – ауыр металдарға төзімді, сирек кездесетін элемент­тері жоғары Ү цеолитін пайдалану туралы айтты. Сондай-ақ көмір химиясына инновациялық техно­ло­гия­­ларды енгізуді бірлесіп талқы­ла­ды.

Кездесу соңында Павлодар облысының әкімдігі, «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ, «Rezel Catalysts Corporation» және «КМХ-Катализаторы» ЖШС арасында инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге «Jiansu Jielong Group» компаниясы өңірде май эстракциясы зауытын салуға 10-20 млрд теңге құямыз деп уәде етіп отыр. Тәулігіне 500–1 000 тонна шикізатты қайта өңдейтін кәсіпорын ашылса, аймақта жыл сайын тонналап жиналып қалатын күнбағыс дәнін кәдеге жаратуға мүмкіндік туар еді.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар