Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс екенін айтты. Туризм – экономиканың қарқынды дамуына ықпал ететін әрі инвесторлар үшін тартымды сала. Осы тұрғыда еліміз географиялық жағынан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуетін толық, жан-жақты пайдаланбай келеді.
Президент жергілікті жердегі республикалық, халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айта келіп: «Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет», деді.
Сұранысқа ие бағыттар
Жақында «Еuronews» арнасы 2025 жылдың туристік трендтерін жариялады. Зерттеуде еліміз астротуризм бағыты бойынша танылды. Астротуризм «Жұлдызды аспанды» бақылайтындарға қызық болған соң, туризмнің осы бағытын аспан денелерін, яғни жұлдыздарды тамашалауға қолайлы жазық далада дамытса болады. Бірер жыл бұрын Ұлыбританияның «Time Out» басылымы әлемнің әр түкпірінде жұлдыздарды тамашалауға қолайлы 10 туристік бағыттың тізімін жариялап, оған Арал теңізі де енген еді. Былтыр қаңтарда еліміз «India Today» нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін негізгі бағыт» аталымын иеленді. «Wanderlust Reader Travel Awards» байқауында сұранысқа ие жаңа бағыттардың топ бестігіне енді. «Lonely Planet» халықаралық баспа компаниясы да елімізді жыл сайын шығатын «best in Travel 2025» рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі деп бағалады. Сонымен бірге «CNN Travel» арнасы да Алматы қаласын биыл саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енгізген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық деңгейде ел туризмінің визит картасына айналатын, келешегі мол үш өңірді айқындады. Қазірде «Бурабай», Маңғыстау курорттық аймақтарын, Алматы тау кластерін дамытуға баса назар аударылып отыр. Үш дестинация бойынша 8 бағытты қамтитын 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды түзету жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарда дестинациялардың табиғи ресурстары мен туристік әлеуетін тиімді пайдалану үшін тұрақты инфрақұрылым құру көзделген. Сондай-ақ туристік аймақтардың қонақтарға тартымдылығын арттыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту сынды жұмыстар рет-ретімен іске асады. Туристік тартымды бағыттарға айналып келе жатқан Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі курорттық аймақтарының да әлеуеті жоғары. Президент тапсырмасымен қазір аталған үш өңірде жаңа әуежайдың құрылысы басталды.
Туризмге таптырмайтын өлкелер туралы айтқанда Астана қаласы, Ақмола облысы төңірегіндегі ауылдарды ерекше атап өту керек. Мұнда іскерлік туризм, медициналық туризмнен бөлек, экотуризм, этнотуризм ілгерілеп келеді.
Алматыға асығатын қауым көп
Туризмді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілмесе, біржақты тірліктен нәтиже шығару екіталай. Бірінші, туристік аймаққа жеткізетін тақтайдай тегіс жол қажет. Екінші, аумақтағы инфрақұрылым қонақтарға жайлы болуға тиіс. Үшінші, жарық, су, тазалық мәселесіне туристер мүлде алаңдамауы керек. Туризмді дұрыс жолға қоюды ойластырған өңірдің бірінші кезектегі, негізгі міндеттері осы. Сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсету сапасында мін болмауға тиіс. Туризмді дамытуға бел буған елдің қауіпсіздігімен қатар, туристік аймаққа жақын қаланың қолайлы болғаны керек. Туристерге арналған нұсқамалар, қарта, платформа, визит-орталықтар қажет.
Былтыр елімізге шетелден сапарлап келгендердің саны 15 млн адамнан асқан. Бұл алдыңғы жылғы статистикадан екі есе көп. Көрсеткіш биыл, келер жылы тағы өсуге тиіс. Туризм саласындағы 14 экономикалық қызмет түрiнің жалпы классификаторы бойынша бюджетке салық түсімдерінің көлемі 253,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 25% артық. Салықтың басым бөлігі азық-түлік өнімдері мен сусын ұсыну сияқты қызметтердің есебінен түскен. Туристер саны жөнінен Алматы қаласы көш бастап тұр. Қалаға туристердің 25%-ы барған. «Limon Travel» туристік компаниясының жетекшісі, сарапшы Алмас Маратұлы Алматының түрлі басымдықтарын тиімді пайдалануды ұсынады.
– Елдегі туризмнің, оның ішінде экотуризмнің бастауы – Алматы аймағы. Қалаға шетелден келетін туристер ағыны жылдан-жылға көбейіп келеді. Алматы тау кластері – еліміздің визиттік картасы. Облыс аумағындағы ауылдар жыл өткен сайын құлпырып, тұрғындары туристерге жан-жақты жағдай жасауға тырысып жатыр. 2016 жылы өзіміздің туристік компанияны ашып, жұмысқа кіріскенде, Алматы облысы мен қаласының аумағында 4000 туристке қызмет көрсеттік. Қонақтарды Көлсай, Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалына апардық. Беріде, 2021 жылы Түркістанда Орталық Азиядағы аса ірі туристік кешен ашылды. Сол Керуен сарайға көп бардық. Алматыдан аптасына 150–200 адамды компания атынан жіберіп тұрдық. Қазірде ел азаматтары Түркістан десе Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенесінен бөлек, Керуен сарайды да еске түсіреді. Елімізде өзен-көлдер, жазық дала, тау кластері, адам аяғы баспаған табиғат, орман алқаптары – бәрі-бәрі бар. Бозжыра шатқалы қандай. Шығыс Қазақстанның табиғаты тіпті керемет. Осы өлкелердің бірін Түркістанды елдегі туристерге жарнамалағандай шетелдіктерге танытуға болады, – дейді Алмас.
Көрікті жерлерді жарнамалай білу керек
Қазір табиғаты бай өлкелермен қатар тарихи-мәдени орындарды елдегі, шетелдегі туристерге танытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл ретте цифрлық, онлайн-ресурстардың, халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелердің, отандық, шетелдік ақпарат құралдарының мүмкіндігін молынан пайдалануға басымдық берілген. Халықаралық компаниялармен ынтымақтастық аясында баспасөз турлары ұйымдастырылып тұрады. Туристік дестинациялардың тартымдылығын арттырып, іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында шетелдің белгілі тұлғалары мен қайраткерлерінің арасынан «Қазақстан туризмінің елшілері» тағайындалатын болды. Былтыр қазақ тілінде еркін сөйлейтін жапон жігіті, полиглот Юджи Натсума осы құрметті атаққа ие болды. Блогер әлеуметтік желідегі контенті арқылы әлемнің әр қиырындағы оқырманын еліміздің бай мәдениеті мен таңғажайып табиғатын тануға шақырады.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «AirAsia X» әуе компаниясы шетел туристерінің қызығушылығын арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Осы орайда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде еліміз бағытындағы саяхаттың танымалдығын арттыру мақсатында қолға алған жұмыстар жемісін бере бастады. Айталық, Алматы бағытына ұшуға сұраныс 30%-ға артты. Жалпы, қонақтарды ақпараттандыру бағытында іске асып жатқан жұмыстар сан алуан. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігіне сауал жолдап, ресми жауап алған едік.
– «ITB Berlin тәрізді ауқымды көрмелер арқылы еліміздің туристік әлеуеті әлем жұртшылығына кеңінен таныстырылады. Көрмеде Шығыс Қазақстан облысындағы «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры» «Гүлденген қоғамдастықтар» санатында 3-орын иеленді. Былтыр 20 мемлекеттің өкілдері үшін Ақмола, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына, Астана, Алматы қалаларына 17 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Ел азаматтары көрікті жерлерге саяхат туралы 24 мыңнан аса ролик әзірлеп, ерекше локацияларды көрсетті. Жоба көпшіліктің ел ішінде саяхаттауға қызығушылығын арттырып, екінің бірі әлі де білмейтін ерекше орындармен таныстырды», деп жазылған министрліктің ақпаратында.
Кәсіпкерлерді қолдаса, жұмыс жанданады
2022 жылғы қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу, субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары туризм саласындағы 7 бағыт бойынша көрсетіліп келеді. Оның ішінде туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10% өтеу жөнінде жәрдем қарастырылған. Екінші, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға бағытталған кәсіпкерлік субъектілері шығындарын ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидиялау тапсырмасы бар. Үшінші, кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу жөніндегі шығындарының 10%-ы өтеледі. Төртінші, туристік қызметтегі кәсіпкерлік субъектілері жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автокөлік құралдарын сатып алатын болса, шығынының 25%-ы өтеледі. Бесінші, тау шаңғысы курорттарына жабдықтар мен техника сатып алу бойынша кәсіпкерлік субъектілері шығындары құнының 25%-ын өтеу тәртібі бар. Сондай-ақ ел аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды ұшақпен тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау тетігі қарастырылған. Қазір елде балалар авиабилетінің 100%-ы субсидияланады. Былтыр туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Алматы тау кластері, Маңғыстау облысы, Бурабай курорттық аймағына арналған кешенді бизнес-жоспарлар әзірленді. Жобалар кәсіпкерлерге өз қызметін тиімді ұйымдастыруға, экономикалық негізделген шешімдер қабылдауға, туристік инфрақұрылымды дамытуға қажетті құралдар ұсынады.
Президент туризмге инвестиция тарту мәселесін бірнеше мәрте айтты. Былтыр шетелдің ірі инвесторлармен 15-тен аса кездесу өтіп, жобалар талқыланды. Инвесторларға жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсыну, шетелдік қаржы институттарымен серіктестік орнату бағытында да көп жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта Маңғыстау облысының «Жылы жағажай» аумағындағы инвестициялық жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Онда қазір шетелдік инвесторлармен қатар еліміздегі компаниялар өз жобаларын іске асырып жатыр. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстардың бірінші кезеңі 2021 жылы аяқталып, «Rixos Water World Aktau» көпфункционалды туристік қонақүй кешені, аквапарк ашылды. Енді «Жылы жағажай» аумағында төрт жұлдызды қонақүйлер мен сауда орындары салынады деген жоспар бар. Кейінгі жылдары Алматы өңірінің қысқы туризмдегі әлеуетін кеңейтуге көп көңіл бөлініп, тау шаңғысы инфрақұрылымын дамытуға қатысты жобалар іске асып келеді. Елде туризм бағытында нақ қазір үйлесіп жатқан екі ірі жоба осы. Сондай-ақ Қытаймен туризм саласында берік байланыс орнап жатқаны белгілі. Әлемнің көптеген елімен визасыз режім жүйесі арқылы байланыс орнады. Мұның барлығы, сайып келгенде, туризмді дамытуға бағытталған нақты қадам.