• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Көрме 04 Сәуір, 2025

Жарқын өмірдің жаршысы

24 рет
көрсетілді

БҰҰ штаб-пәтерінде өткен Ядролық қаруға тыйы­м салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің конференция­сына Қарағанды облысының делегация­сы да қатысты. Өңірден барған делегация өкілдері Семей ядролық поли­гоны­ның зардабын тартқан әлемге әйгілі суретші Кәріп­бек Күйіковтің сурет­терімен, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры­нан «Полигон жаңғырығы» атты фотокөрмемен таныс­тырды.

Ядролық қаруды таратпау жөніндегі кон­ференция – үкіметтерді, ғалымдарды, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдерін қоса ал­ғанда, әлемнің түпкір-түпкі­рінен делегаттарды жинай­тын әлемдік аренадағы маңыз­ды оқиға. Көрме қатысу­шылардың назарын бей­бітшілікті сақтау жөнін­дегі жаһандық күш-жігер­дің маңыз­дылығына аударды. Кәріпбек Күйіков көр­месі, сондай-ақ мұражай қорын­дағы фотокөрме конференция бойы жұмыс істеді.

Көрмеге күн сайын­ 100-ден астам адам келіп, олар­дың әрқайсысы Кәріпбек Күйі­ковтің өнеріне, Қазақ­станның ядро­лық қаруды таратпау қоз­ғалысына қосқан ерекше үлесіне тәнті болды.

– Семей полигоны – КСРО-ның ядролық сынақ по­лигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық нысанасы болды. КСРО ядролық сынақ жүргізуге Қазақстанды таңдады. Өйткені далалық жері көп, халық саны аз. Қазақстанда 1949 жылы алғаш рет сынақ басталды. Семей полигоны жабыл­ғанға дейін қазақ дала­сында қаншама жарылыс жасалды. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген. Картиналарымда сол ядролық жа­рылыс сәтін, сынақтың зар­дабы тиген қазақ шаңырағын бей­неледім, – дейді суретші.

Кәріп­бек өнерінің арқа­сында әлемдегі бейбіт­ші­лік және ядролық қарумен күрес­­тің рәмізіне айналған жан. Картиналарында адам­зат­тың қасіретін жеткізді. Оны­сын әлем мойындады. Әлем­нің бірнеше елінде Кәріп­бек Телтайұлының картина­лары көрмеге қойылды. Сондай-ақ ол «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі болып, Семей ядролық по­лигонының жабылуына зор үлес қосты. Оның әр туындысында күрес, үміт, бейбіт өмірге ұмтылу бар.

 

Қарағанды облысы