• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс 04 Сәуір, 2025

«БЕНТ»-тің берекелі жолы

66 рет
көрсетілді

Жақында «БЕНТ» компания­лар тобына қарасты өнеркәсіп­тік компаниялардың жұмысы­мен танысудың сәті түс­ті. Нарықтың өзіне тиесілі сег­ментінде тісқаққан ойыншылар қатарында жүрген компания «Ремстройтехника» өндірістік бірлестігінің қысымды құбырлар зауыты базасында құрылды.

2015 жылы атауын өзгерткен өнді­ріс орнында түрлі салаға маман­данған бірнеше жауапкершілігі шектеу­лі серіктестік пайда болды. Бертін келе бірнеше өндіріс орны мен зауыттың басын қосқан компаниялар тобына айналды. Қазір «БЕНТ»-қа қарасты кәсіпорындар бірнеше үлгідегі темір-бетон шпалдарды, өндірістік қуаты жылына 800 мың данадан астам рельс бекіткішін шығарады. 2016 жылдан бастап жұмыс істейтін «ҚапшағайХимМонтаж» ЖШС қиыршық тас пен шойтас өндіреді. «Автоклав KZ» ЖШС автоклавты газ блоктарын шығарумен айналысады. Өндірістік қуаты – жылына 150 мың текше метрден астам газ блогі.

Компания басшысы Дін­мұхамед Кузиевтің айтуынша, зауыт өнімі – қабырғаларды, қалқаларды, қасбеттерді жылыту сияқты әртүрлі құрылыс үшін таптырмас құрал.

«Автоклавты газ блоктарын өндіру кезінде жоғары сапалы материалдарды ғана пай­даланамыз. Оларда сапа сер­тификатының бар-жоғы тексеріледі және мін­детті түрде зертхананың кіріс ба­қылауынан өте­ді. Тех­но­логиялық үде­ріс то­лығымен автоматтан­ды­рылған және компьютер­лендірілген, бұл адам факторын іс жүзінде болдырмауға мүмкіндік бе­ре­ді. Кәсіпорынға салынған инвестиция 2 млрд теңгені құрайды, сондай-ақ 150 жұ­мыс орны құрылды», дейді Д. Кузиев.

2023 жылы құрылған «Fas­teners Metal» БК» ЖШС – Алматы облысында ашылған ең алғашқы Қазақстан-Қы­тай бірлескен кәсіпорыны. Аталған кәсіпорында өнді­рілетін рельстік бекітпелер отандық теміржол мен метро­да қолданылады. Сондай-ақ Қырғызстан, Ресей, Өзбек­стан, басқа да елдерге экспортталады. Бұл өндірісті іске қосу «Қазақстан темір жо­лы» ұлттық компаниясының бас мердігерлеріне рельстік бе­кітпесі бар жиынтықта дайын те­мірбетон шпалдарды са­тып алуға мүмкіндік берді. Бұ­­рын бұл шпалдардың бұран­­даларын бөлек сатып ала­тындықтан, қосымша шығын­дар туындайтын. Енді бұрандасы бар шпалдарды жеткізудің нәтижесінде «ҚТЖ» шығыны да айтар­лықтай төмендеді.

Қазір «Fasteners Metal» компаниясы 800 мыңнан астам шпал мен 1 млн 200 мыңға жуық рельсті бекіткіш шығарады. Өндірістік қуаты – жылына 1 500 000 жол бұран­дасы мен 2 000 000 серпімді терминал. Еліміздегі бірегей өндіріс ошағы болып саналатын кәсіпорын жұмысы толықтай автоматтан­дырыл­ған.

Кейіпкеріміздің айтуын­ша, 2021 жылы ресейлік әріп­тес­термен бірлесе отырып, «StandLab» ЖШС – тәуелсіз аккредиттелген зерт­хана ашуға шешім қа­был­данды. Нарық сапалы тауарлардың қажеттігін енді ғана сезіне бастаған. Зерт­хана Алматы қаласы мен Алматы облысында құры­лыс және теміржол мате­риалдарының 400-ден астам түрін сынақтан өткізеді. Зерт­хана ашу нәтижесінде 80 адам жұмыспен қамтылды.

«2020 жылдың алдындағы ахуал «күріштің арқасында күрмек су ішедіні» еске түсірді. Сырттан көлеңкелі жолмен келетін, ешбір стандартқа сай емес құрылыс материал­дары нарықтың отандық өнім­дерге деген сеніміне селкеу түсірді. Аккредиттелген зерт­хана ашу қажет деген шешімге сол кезде бекіндік. Біздің компаниялар тобына қарасты кәсіпорындарында шығарылған тауарға қолда­натын шикізат құрамы алдымен сол зертханада тексеруден өтеді. Содан кейін на­рыққа жол тартады. Осы орай­да айта кетер тағы бір жайт – жұмыспен қамту мәсе­лесі. Біз көп жыл бойы жұ­мысшы тапшылығын бас­тан өткердік. Көпір крандары машинист, газ-электрмен дәнекерлеуші, қалыптаушы, зертханашы, бетон-аралас­тыру тораптарының операторлары қажет. Өкінішке қа­рай, мұндай мамандар Алма­ты облысында даярлан­байды. Зауыт жанынан ашылған аккредиттелген оқу орталығында 300 адамды оқыту жоспарланған болатын. Курсты бітіргеннен кейін «БЕНТ» фирмасының зауытында жұмыс істеуге міндеттеген жоқпыз. Олар өздері қалаған жерге жұ­мыс­қа орналасуға ерікті. Бірақ түлек­теріміздің көбі біз­­ге қарасты зауыттарда қа­лу­ға шешім қабылдады», дей­ді Д.Кузиев.

Оның сөзінше, нарықтың қазіргі беталысы тәп-тәуір. Салада серпіліс байқалады.

«Президент 2025 жыл­ды «Жұмысшы мамандық­тары жылы» деп жариялады. Аталарымыз, әкелеріміз 1960 жылдары техникалық мамандықтардың бәсі басым болғанын жиі айтады. Қазір де техникалық мамандықтарға сұраныс жо­ғары. Экономика цифрланып, автоматтандыру дең­гейі жаңа мамандықтарға сұранысты арттырып жатыр. Іргелі тарихы бар зауыттар жастарға белгілі бір салаға мамандануға мүмкіндік береді. Қазір «БЕНТ» өнер­кәсіптік компаниялар тобы қызметкерлерінің 54%-ы – техникалық мамандықты игерген 36 жасқа дейінгі жас мамандар», дейді Д.Кузиев.

 

АЛМАТЫ