• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Республика күні Бүгін, 12:40

Нью-Йоркте Республика күніне орай Қазақстанның туы көтерілді

30 рет
көрсетілді

Манхэттеннің қаржы орталығында ҚР Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтіп, Нью-Йорк мэриясы бұл күнді ресми түрде «Қазақстан мұрасы күні» деп жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты шараға Нью-Йорк мэриясының, дипломатиялық корпус өкілдерінің, БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі мен Нью-Йорк қаласындағы ҚР Бас консулдығының қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық диаспора мен жастар өкілдері қатысты.

Биылғы іс-шараның айрықша сәті – Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс атынан қол қойылған және ҚР Республика күніне орай «Қазақстан мұрасы күні» (Kazakhstan Heritage Day) деп жарияланған ресми прокламацияның табысталуы болды. Бұл құжат Қазақстанға деген құрмет пен қазақстандық қауымдастықтың қаланың мәдени және қоғамдық өміріне қосқан үлесін мойындаудың көрінісі ретінде қабылданды.

«Прокламация Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық байланыстардың беріктігін айғақтап, Нью-Йорк қаласының өзара құрмет пен халықаралық серіктестік қағидаттарына адалдығын білдірді. Қала әкімшілігі атынан құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық істер жөніндегі арнайы кеңесші Чарльз Даймонд диаспораның мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, Нью-Йорк пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қолдау білдірді», деп хабарлады  Қазақстан Республикасының Нью-Йорк (АҚШ) қаласындағы Бас консулдығы.

Шарада АҚШ-та тұратын қазақстандықтардың елдің халықаралық имиджін қалыптастырудағы рөліне назар аударылды. «Sony» компаниясының аға вице-президенті Галия Тлеуова шетелдегі жас мамандардың жетістіктері Қазақстанның жаңғыру бағытының жалғасы екенін атап өтті.

Нью-Йорк киноакадемиясының аға вице-президенті Дэвид Клайн мәдени және білім беру саласындағы серіктестікті дамытуға ниет білдіріп, Алматыдағы Академияның жаңа кампусы туралы айтып өтті.

Салтанатты кештің мәдени бағдарламасында америкалық музыкант Джефф Герш қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен дәстүрлі туындылар орындап, ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ «Viva Music Carnegie Hall – 2022» байқауының жеңімпазы Гүлзар Габман қазақ әндерін орындап, кештің рухын асқақтатты.

ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тлеулин Нью-Йорк мэриясына ризашылығын білдіріп, прокламацияның табысталуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық пен өзара құрметтің маңызды нышаны екенін атап өтті.