• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:35

Өнегелі Ольга

50 рет
көрсетілді

Қазақтың келісті келіні атанған Ольга Худянның әкесі – қытай, анасы – украин ұлтынан. Бір қызығы, Ольганың тілі қазақша шығыпты. Әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен жерде өмірге келген ол өлке тарихын қазақ тілінде тақылдатқанда, таңдай қағып қаласыз. Осындай рухты қыздың Қарқаралыдағы Оқановтар әулетіне келін болуының өзі бір әңгіме.

Тағдырдың жазмышымен Ольга әкесі Худян-Бин Виктордан, анасы Марина Оспичуктан жастайынан айырылады. Қос қанаты қырқылғанымен, өмірге деген өзгеше махаббаты қайратын мұқалтуға мұрша бермеді. Наға­­шы әжесі Людмиланың қолын­да өсіп, жылуын сезіне­ді. Жұдырықтай қыздың жанарын­дағы отты бай­қаған әжесі жанып тұрған жүрегіне жігер береді. «Қалайда осы қызды оқытып, тоқытамын», деген арманы шындыққа айналады.

Ольганың қазақ тілін еркін меңгеріп кетуіне ортасының да әсері мол. Қаймағы бұзылмаған орта! Қасиетті топырақ Қоянды қонысы. Ол осындағы №35 орта мектептен білім алады. Ондағы ұстаздар мен оқушылар Ольганың ана тіліне деген құрметін көріп, алақанына салады. Мектепте мерекелік концерттерге, қоғам­дық іс-шараларға белсене қаты­сады. Оқуда да озат оның ендігі ойлағаны – ұлағатты ұстаз болу.

Осы арманының ізіне түсіп, Қарағанды гуманитарлық кол­леджін бастауыш сынып мұға­лімі және практикадағы психо­лог мамандығы бойынша тәмам­дайды. Әрі қарай жо­ға­ры білі­мін тереңдетіп, Бо­лашақ академиясында педагогика және психология мамандығы бо­йынша диплом алады.

Уақыт өте келе Ольга өзі­нің өмірлік жары Ай­дын Тұрсын­ұлы­мен отау құрады. Өзі өсіп-өнген қастер­лі Қарқаралыға келін болады. Берекелі әулет Оқановтар шаңырағы ақ келінге құрметпен қарап, қолдау көрсетеді. Ұлт­тық салт-дәстүрлерді жетік біле­тін, келін әдебінің бәрін бойы­на сыйдырған ол, әрине, қайын­жұртында сыйлы.

Ольга өлең оқығанды жанын­дай сүйеді. Және қалай оқиды? Ол осы бір бойындағы асыл өне­рі арқылы телеарнадағы бағдар­ламаларға қонақ болып, көрермен көзайымына айналды. Әсіресе Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Ша­ханов, Күләш Ахметова, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Алмас Темірбай сынды лириктердің өлең­дерін жатқа соғады. Ең қызы­ғы, осы өнері жолдасы Айдын­мен танысуына сеп болыпты. Ольга­ның «ТикТок» желісіндегі па­рақшасында кешкілік поэзия саға­тын өткізіп отырғанын кезіктіріп қалған Айдын кілт тоқтап қалады. Талантына таңырқап қалған ол парақша­сын ұзақ уақыт бақы­лап жүріп, сезімін біл­дірсе керек.

Жан-жақ­­ты Ольга – қоғам бел­сендісі. «Отан орда» Қарағанды қоғамдық бірлесті­гінің мүшесі. Мере­келік концерт жүргізеді. Театрларда өлең оқиды. Кәсіби шеберлігі сондай, Астанада өтетін ауқымды іс-шараларға да шақырту алады.

Қазір жолдасы екеуі отбасы­лық кәсіпті дөңгелентіп отыр. Отағасы Айдын – жүк көлігінің жүргізушісі. Үнемі алыс сапар­ларға шығады. Ал Ольга – логистика саласының маманы. Тапсырыс қабылдап, барлық құжатын заңдастырып, табысын есептеп әрі еселеп отырады.

Екеуі ата-аналарының ақ батасымен еншісін алып, қалаға қоныс аударады. Бірақ қолдары қалт етсе қаладан қашып, ауылға қарай жол тартады. Ата-аналарының махаббатына шөлдейді. Ауылға бара салысымен қазан көтеріп, ет асып, бауырсақ, шелпегін пісіреді. Ата-енесі жақсы көретін тәтті бәліштерін даярлап, дастарқанын толтырады. Ас үйдің шаруасына да пысық Ольга «енем екінші анама айналды» дейді.

– Анамнан ерте айырылған­дық­тан, үлкеннің жан жылуын аңсай­мын. Енем Назира аз уақыттың ішінде ақылшыма, қамқоршыма, сырласыма айналды. Білмегенін үйретеді. Жолдасым екеуміз ауыл­ға асыға­мыз. Аса қатты алаңдамай­тыны­мыз, қолдарында абысыным бар. Біз қаладан барған сайын емен-жарқын сөйлесіп бір қуанып қаламыз. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар емес пе? Сол себепті ата-анамыз­дың қадірін білуден басқа біз үшін ұлы міндет жоқ, – дейді Ольга.

 

Қарағанды облысы