• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Энергетика 04 Сәуір, 2025

Тариф неге қымбаттады?

67 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында сәуір айынан бастап заңды тұлғалар үшін электр энергия­сы бағасының әр кВт үшін 59,27 теңгеге көтерілуі шағын және орта бизнес өкілдерінің наразылығын туғызды. Олар тарифтің жоғарылауы жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, электр қуатын көп мөлшерде тұтынатын өнім өндірушілердің қаржылық тұрақтылығына жағымсыз әсер етеді дейді. Алайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Энергосистема» ЖШС-ның заңды тұлғалар үшін электр энергиясы төлемдерін 50%-ға өсіру туралы ұсынысын мақұлдамай, 13–15%-ға көбейтуге шешім шығарды.

Бұл мәселе өңірлік «Атамекен» пала­тасының кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­нін­дегі кеңесінде талқыланды. Палата дирек­торының орынбасары Руслан Куй­шиновтің айтуынша, өңірде кейінгі екі жылда электр қуатының тарифі заңды тұл­ғалар үшін 112%-ға өскен.

«Осы кезге дейін бес тоңазытқышы мен бір мұздатқышы бар, аумағы 200 шаршы метр болатын азық-түлік дүкенінде электр қуаты үшін жаз мезгілінде айына 80 мың теңге төленсе, 1 сәуірден бастап оның бағасы 200 мың теңгеге шарықтайды. Дүкен иесі шығындарын азайту мақсатында кіші техникалық қызметкер мен сатушыны қысқартып, олардың жұмысын жалғыз өзі атқарады. Екінші жағынан, тарифтің өсуі азық-түлік пен қызмет көрсету бағасын да қымбаттатады. Біз жан-жақты саралап, бір шешімге келу үшін Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне ресми хат жібердік», деді Р.Куйшинов.

Өңірдегі электр энергиясын тұты­ну­шыларға жеткізумен айналысатын «Энергосистема» ЖШС өкілдері тарифтердің қымбаттауына еліміздегі қуат таратушы бірыңғай оператор «Рес­­публикалық фронт-кеңсе» ЖШС-ның шығын­дарын 40%-ға өсіруі және жет­кізуші компаниялар – «KEGОC», «ҚТЖ», «Қазхром», «Aqtobe su-energy group»-тың қызмет бағасын көтеруі себеп болып отыр дейді.

«Электр желілеріндегі техникалық нормативтерді жабу үшін тарифті көтеруге мәжбүрміз. Оған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық желі­ле­рін қайта жарақтандыру туралы Үкімет тапсырмасына сәйкес, биыл Ақтөбе облысының аудандарында төрт электр желісін қайта жүргіземіз. Оған 4,4 млрд теңге керек. 1950–1965 жылдары салынған осы желілер әбден тозған, қыста бағаналарға мұз қатып, қуат жиі-жиі сөніп қалады», дейді «Энергосистема» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Аманғалиев.

Қазір Ақтөбе облысында электр желілерінің тозу деңгейі 82%-ға жеткен. 2007 жылдан бері осы мекеме электр желілерін жаңғыртуға 20 млрд теңге қаражат салған. Ақтөбе облысында заңды тұлғалар мен жеке тұтынушылар үшін әртүрлі тариф қойылған: жеке тұрғындар әр кВт үшін қосылған құн салығымен 18,61 теңге, заңды тұлғалар 49,99 теңге төлейді. Осыдан көрініп тұрғандай, ШОБ нысандары тұрғындарға қарағанда екі есе артық төлейді. Кәсіпкерлердің наразылығына байланысты Үкімет 2030 жылға дейін жеке тұтынушылар мен заңды тұлғалар арасындағы электр қуаты төлемдеріндегі сәйкессіздікті біртіндеп жою туралы шешім қабылдап отыр.

2023 жылдан электр энергиясын өндіруші компаниялар өздері өндірген қуатты «Республикалық фронт-кеңсеге» жіберіп келсе, осы бірыңғай оператор одан әрі таратушы компанияларға сатады. Электр қуатының бағасы өндіруші бекіткен бағаға ғана емес, жеткізуші компаниялардың бағасына да байланыс­ты. «KEGOC» магистральдік желілері арқылы тасымалдау құнын өсіріп отыр. Өңірде электр қуаты бағасы неге жоғары дегеннің бір жауабы –  аумағы 300 мың шаршы шақырым Ақтөбе облысында тарату желілерінің ұзын болуы. Желінің ұзындығы көп болған сайын, қуат жоғалту мөлшері де көбейеді екен. Сондай-ақ облыс орталығы төңірегінде желілердегі жүктеме жоғары. Бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарына қарағанда, өндірісі бар Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар аудандары қуат көзін көбірек тұтынады.

Кәсіпкер Сергей Симонов тарифтер­дің теңгерімсіздігі көп сұрақ туындатып отыр дейді. Мәселен, жеке тұтынушылар әр кВт-қа 18,61 теңге, заңды тұлғалар 49,9 теңгеден төлесе, бюджеттік мекемелер үшін басқа тариф бекітілген.

«Жеке тұтынушылардың кей санатына мемлекеттен субсидиялар бөлініп жатыр. Мұның бәрі терең зерделеуді қажет етеді. Өйткені ашықтық жетпейді. Бір нәрсе анық – электр қуаты бағасының жоғарылауы жергілікті кәсіпкерлерге салмақ түсіреді. Монополист мекеме бағаның өсуінен түскен табыстың бір бөлігі желілерді жаңартуға жұмса­лады деп отыр. Бюджет есебінен инвес­тициялық жобаларға қаржы бұрыннан да бөлініп келді емес пе? Оның есебі қайда? Жұрт өз қалтасынан төлеп жат­қан қаржының қандай мақсатқа жұмсал­ғанын білуі керек. Желілерді жаңарту қажеттігін кәсіпкерлер де мақұлдайды. Себебі өндірістік мекемелер электр қуатын өте көп тұтынады. Бірақ тасымалдау жағынан наразылық көп, өйткені қуат көзі біркелкі жетпей жатады. Бірде кернеуі жоғары, бірде төмен, ондайда жабдықтарымыз істен шығып қалады. Осы жағын реттеу керек. Сонымен бірге барлық тұтынушы үшін бірыңғай тариф енгізу қажет», дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер Арман Жылгелді «Энерго­система» ЖШС-ның инвестициялық жобаларды кәсіпкерлер есебінен атқаруы еш заңдылыққа жатпайды деген пікірде.

«Оның үстіне, монополист мекеме қала төңірегіндегі 400-ден астам бау-бақша ұжымына қарасты желілерді өз меншігіне алуға асықпай отыр. Осы 400-ден астам бау-бақша ұжымында 200 мыңнан астам тұрғын бар. Олар қазіргі бекітілген тарифтен бірнеше есе жоғары төлейді әрі қаражат бірнеше қолдан өтеді. Қараусыз желілерді тиісті мекеме құзыретіне алуға асықпаса да, бірақ оған қызмет көрсеткені үшін бюджеттен қаржы алып отыр», деп айыптады.

Осылайша, электр қуатының баға­сы­­ның шарықтауы кәсіпкерлердің нара­зылығын туғызып қана қоймай, қараусыз қалған желілер мен осы жердегі заңсыздық әрекеттерді де көрсетіп берді.

 

 Ақтөбе облысы