Павлодар қаласындағы Әскери даңқ музейінде Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың соғыста серігі болған зеңбірек сақталып тұр. Ол 1992 жылы Литваның Вильнюс қаласынан елімізге жеткізілген.
7385 нөмірлі зеңбірек 1944 жылы ақпан айында жасалған. Сол жылдың тамызында аға лейтенант Махмет Қайырбаев басқарған 5-батареяға беріледі. Қайырбаев бастаған зеңбірекшілер қолына старшина Горшковтың есебінен тапсырылған. Соғыс құралы Екінші дүниежүзілік соғыста 2200 шақырымнан астам жер жүріп, жау снарядтарының әсерінен 10 рет істен шыққан. Бірақ жөнделген соң қайтадан қатарға қосылып отырған. Жойқын қарудан жауға қарсы 1193 снаряд атылып, 10-нан аса танк, 14 пулемет, 2 автокөлік, 8 взвод және 3 бақылау пункті қиратылған.
– Әкем 1991 жылы «Казахстанская правда» газетінен Кеңес Одағының батыры Черниковскийдің ескерткіші бұзылғаны туралы мақала оқыпты. Содан Литва жеріндегі зеңбіректің жайына алаңдай бастады. Ішкі ойын әріптестеріне жеткізіп, өзімен үзеңгілес ел ағасы Қабиден Жұмабековке де айтқан болуы керек.Қабиден ағамыз өзінің ұлы, кәсіпкер Кеңеске біздің әкеміздің зеңбірегін туған жеріне алдыруды ойластыруды сұрайды. Сөйтіп, облыстық ардагерлер кеңесімен ақылдасып, ұйым атынан Литваға хат жазылады. Алғаш барғанда зеңбірек жекенің қолына өтіп кеткені мәлім болды. Қалталы азаматтың бірі оны теңіз жағалауына қоймақшы болған көрінеді. Кеңес әлгінің көңілін тауып, зеңбіректі қайтарып алды. Ауыр қару бөлшектеліп, жүк көлігімен елімізге жеткізілді, – деп еске алады батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев.
Отты жылдар белгісіндей болған батырдың зеңбірегі бүгінде музей ауласында тұр.
ПАВЛОДАР