Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов қалың жұртшылыққа бір емес, екі кітабын ұсынып отыр. Бұл жинақтар мазмұндық жағынан да, тақырыптық тұрғыдан да өзара сабақтас. Екеуі де басқару жүйесінде ұзақ жыл қызмет істеген, тәуелсіздіктің кірпішін қалауға аянбай атсалысқан тәжірибелі саясаткердің қолынан шыққан. Екеуі де талайлардың маңдай тері тоқтамай төгілген мемлекет ісіне арналған. Екеуі де егемендік рухында, мемлекетшілдік ыңғайында жазылған. Бір-бірінен айырмашылығы – алғашқысы жеке адам туралы дүние болса, екіншісі ел дамуының белестері жөніндегі ой-тұжырымдар. Яғни біреуі – ердің сипаты, екіншісі – елдің тұрпаты жөніндегі толғамдар.
Сонымен қос кітап. Біріншісінен бастайық. «Қазақтың Қонаевы» деп аталады. Елдің ықыласына бөленген тұғырлы тұлға туралы байыпты баян. Жалпы, адамды жақсы білу үшін оның жанында жүру керек деген қағидаға сүйенсек, автордың бұл кітапты жазуға толық моральдық құқы бар. Ол өз кейіпкерімен қатар қызмет істеді. Тәрбиесін көрді. Тәлімін алды. Тағдырын тоғыстырды. Өмірдегі өсіп-өну жолдары сол кезеңге тап келді. Дүйім жұрттың құрметіне ие болған осынау жанның ғибратты ғұмырындағы жұрт біле бермейтін жәйттерге куә болды. Саясаттағы серіктесі ретінде ел шежіресіндегі тарихи шешімдерді іске асыруға бірге үлес қосты. Ендеше, бұл кітапты сол дәуірдің куәгері жазбағанда кім жазбақ?
Қазір мемлекет қайраткерінің қалам ұстауы таңсық емес. Тек олардың ұсынған дүниелеріне көбіне «қалай жазды екен?» деп емес, сол кездің өзекті мәселелері «қалай көрініс тапты екен?» деп зер салатынымыз анық. Ал бұл жолы «қалай жазды екен?» деген сауалды алға тарттық. Себебі ол – мемлекеттік қызметке қаламы мен қағазын ұстай келіп, сол қимас құндылықтарын өмір бойы қолынан тастамаған адам. Бір кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз журфактың, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Жергілікті басылымның қазанында қайнап, баспаханасында балқып, қорғасын әріптің уын жұтқан майталман маман. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш ақпарат министрі. Сондықтан оның қадамына да, қаламына да күмән болмауға тиіс.
Ол бұл кітабында мынадай үрдістерді ұстанды.
Біріншіден, кейіпкеріне баршаға танымал лауазымды қайраткер емес, қалың елге жаққан қарапайым адам ретінде қарауға ден қояды. Ол кейіпкерінің мәртебелі мансабына емес, жан дүниесіне және ішкі әлеміне үңіледі. Әдебиетті ардың ісі деп балаған академик Зейнолла Қабдоловтың салиқалы сөзінен тамыр тарта келіп, Димаш Ахметұлының мемлекеттік қызметте ар-намысты бәрінен биік қойғанына назар аударады. Соған орай, жазудың желісін де, ойдың өрісін де осы бағытта өрбітеді.
Екіншіден, автор жазған дүниесін оқылымды етіп ұсыну мәселесін қалтарыс қалдырмайды. Ол алдымен, республика басшысы қызметінен босаған сәтін баяндап алады да, естеліктерінің қалған бөлігін шегініс тәсілі арқылы тәпсірлейді. Тірек нүктесі ретінде Қонаевтың және оның төңірегіндегілердің басына күн туған сәтті белгілеп, адалдық пен азаматтық қасиеттер сынға түскен кезеңді боямасыз баяндап, сол дәуір оқиғаларына парасат призмасы арқылы зер салады.
Үшіншіден, елге сын болған мазасыз мезгілде биліктегі тұлғалардың өзін қалай ұстағаны, қандай іс-қимылға бейім тұрғаны жөнінде ой сабақтайды. Мәскеумен екі ортаға сабылып, жанығып-жанталасқандардың да, сабыр сақтап, артық-ауыс әрекеттерге тойтарыс бергендердің де есімдерін атайды.
Төртіншіден, қазақ жұртын ырқына көндіруге тырысқан өршіл орталықтың белсенді адамдары мен беймәлім жоспарлары туралы жеткілікті мәлімет береді. Аппарат қызметінде де, ақпарат саласында да шыңдалған жазбагер ретінде өктем жүйенің өр кеуде өкілдерін өзгеше қырынан танытады.
Бесіншіден, оқырманды осы уақытқа дейін елене қоймаған қызықты деректерге қанықтырады. Мәселен, КОКП Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Василий Шауро авторға мынадай әңгіме айтады. Ол ілгеріде басшылықтан Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабының қолжазбасын оқып шығып, пікір білдіру жөнінде тапсырма алыпты. Екі күнде оқып шығып, «Бұл кітап соғыс жағдайында армиямен бірдей дүние болмақ», – деп рецензия жазыпты. Содан соң қолжазба «Звезда» журналында басылған. Кейін жеке кітап болып шыққан. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлына да баяндалған көрінеді.
Алтыншыдан, аталған жинақта билік эшелонының үрдістері, мемлекеттік қызметтің қағидалары жан-жақты тиянақталған. Мысалы, «Көп мәселені лауазымды қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас шешеді» деген тұжырым дәлел-дәйектемелерімен қоса ұсынылады.
Жетіншіден, кітаптың өн-бойында тағылым боларлық сәтті детальдар біршама орын алған. Бірде «Кеңсай» зиратына келген Димаш Ахметұлына жанында жүрген бір серіктесі: «Биліктің биігінен көтерілдіңіз, сіз – ұлы адамсыз!» – деп қалыпты. Сонда Димекең жұлып алғандай: «Тұра тұр... Ұлы адамдар әне жатыр», – деп әке-шешесі жерленген тұсты нұсқапты.
«Отыз жылдың ой-толғауы» деп аталатын екінші кітап Қуаныш Сұлтановтың журналист Гүлсім Еңсеповамен сұхбаты түрінде жарық көрген. Мұны ел мен жер, ұлт пен жұрт, мемлекет пен халық туралы байсалды байыптама деуге болады. Осы орайда қарымды қайраткердің сұхбаттасының сауалдарына орын-орнымен жауап беріп, әр тақырыпқа байсалды талдау жасағанын атап өтуге тиіспіз. Бұл – осынау кезең ішіндегі ел өміріндегі елеулі оқиғаларға деген көзқарастар жиынтығы. Салмақты саясаткердің сараптамасы. Мемлекетшіл менеджердің мінбері. Ардақты ағаның ақтарылуы. Тұғырлы тұлғаның толғамы.
Кітап авторы – еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де биліктің буындарында беделді қызмет істеген азамат. Сол ұшан-теңіз тәжірибесі өз алдымызға шаңырақ көтеріп, дербес мемлекет болған тұсымызда толығымен іске асты. Әдепкі жылдарда дипломатиялық қызметке басқару мектебінен өткен білікті кадрлар тартылғаны баршаға мәлім. Қуаныш Сұлтанұлы сол жылдарда Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалып, шекараны шегендеу, тарихи байланыстарды жүйелеу, мәдени мұраны түгелдеу және басқа мәселелерді реттеуге өлшеусіз үлес қосты. Соның бәрі «Отыз жылдың ой-толғауында» нақты көрініс тапқан.
Сөйтіп, оқырманның кітап сөресі ұлт тарихындағы тегеурінді тұлғалар, тәуелсіздіктің шаңырағын көтеріп, діңгегін тіктеп, уығын шанышқан азаматтар, мемлекет құру жолындағы талпыныстар мен түйткілдер, халқымыз бастан өткерген белестер туралы баяндалған елеулі екі жинақпен толықты. Саяси сараптама. Танымдық топтама. Қоғамдық қағида. Ұлттық ұстаным. Сындарлы сұхбат. Әсерлі әңгіме. Жанрын жұптағыңыз келсе, қалай атасаңыз да өз еркіңіз. Себебі бұл жинақтардан осы ұғымдардың қай-қайсысы да молынан табылады.
Қорыта айтқанда, аппарат пен ақпараттың мектебінен өткен Қуаныш Сұлтановтың бүгін қолымызға тиіп отырған қос кітабын елдіктің естелігі немесе мемлекетшілдіктің дәрістері деп бағалауға болар.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ