• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тағзым 05 Сәуір, 2025

Дәулеткерейдің дәуірі

92 рет
көрсетілді

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына орай «Күй төресі – Бапас» атты күй кешін өткізді.

Қазақтың күй өнерінде өзіндік орны бар Дәулеткерей Шы­ғай­ұлының туғанына биыл 205 жыл толып отыр. Осы бір мерейлі датаға орай күйшінің туған жерінде әдемі іс-шара өтті. Бұл жиынға Қазақстанның ха­лық әртісі, профессор Ай­гүл Үлкенбаева мен «Да­рын» Мем­лекеттік жастар сыйлы­ғы­ның лауреаты Ержан Жа­мен­кеев арнайы келді.

Республикалық байқау­лардың лауреаты Әділет Жол­ды­ғалидың орындауындағы «Көркем ханым» күйімен бас­тал­ған концерт сырлы да сазды шығармалар бірінен соң бірі әуелеген өнер кешіне айналды.

Мәртебелі мейман Айгүл Нариманқызының өзі Дәу­лет­­керейдің «Қыз ақжелең», Динаның «Бұлбұл», Құрман­ғазының «Қайран шешем» күйлерін бірінен соң бірін тартып, келген жұрттың құлақ құрышын қандырды. Ержан Жаменкеев орындаған Дәу­лет­керейдің «Қос ішек», Қожеке Назарұлының «Күй шақыртқы» шығармалары да көпшілікті бей-жай қалдырмады.

Кеш барысында Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Нұржан Сертеков Дәу­леткерейдің «Топан» күйін, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жарас Сатыбалдиев «Көроғлыны», Мәде­ниет саласының үздігі Ер­бол Ғұбайдуллин Түр­кеш­тің «Қоңыраласын», респуб­ли­калық байқаулардың лау­реаты Тұрлыхан Әбуханов Дәулет­керейдің «Жігер» күйін ұсынды. Мәдениет саласының үздіктері Асқар Кенжеғалиев «Қосалқа» күйінің бірінші нұсқасын, Асылхан Қазиев «Бапас» күйін, Ермак Молдабеков «Жеңгем сүйерді» күмбірлетті.

– ХІХ ғасырда қазақ күй өнерінің аспанында сөнбес жұлдыз болған Құрманғазы, Дәулеткерейдің өнер жолы Шамғон Қажығалиев, Тұяқ Шәмелевтермен жалғасты. Бүгінде Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев ағаларымыз арамызда жүр. Бұлардың бәрі де біздің арқа сүйеріміз, өнерде үлгі тұтқан жандар. Өз басым 1984 жылы Құрманғазы академиялық оркестрінің құ­рамында Орда жеріне дейін барып едім. Осы жолы байқағаным – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония ұжымы «Атамекен» өнер ордасы деп аталатын керемет ғимаратқа ие болған екен. Өнердің дамуына барлық жағдай жасалыпты. Сол үшін қуаныштымын, – дейді Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева.

 

Батыс Қазақстан облысы