7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай «ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Ақтөбе облыстық орталығы» мекемесінің мамандары адам иммун тапшылығы вирусының алдын алу жөнінде сауда орындарында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дәрігерлер АИТВ инфекциясының алдын алудың негізгі шаралары, вирус жұқтырған жағдайда дер кезінде көрсетілетін көмек жолдары туралы айтты
«Орталық мамандары қауіпті топтар арасында (мәселен есепте тұрған нашақорлар) адам иммун тапшылығы вирусының таралуын азайту мақсатында байланысқа дейінгі препараттарды тегін таратып жүр. Бұл АИТВ жұқтыру мүмкіндігін азайтады деген ойдамыз. Биылғы 1 сәуірге дейінгі жағдай бойынша Ақтөбеде байланысқа дейінгі препараттарды қабылдайтын адамдар саны 889-ге жетті. Елімізде осы препараттар тегін беріледі», дейді Ақтөбе ЖИТС орталығының бас дәрігері Айгүл Дүйсенбаева.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында Ақтөбе облысында АИТВ(адам иммун тапшылығы вирусы) шалдыққаны үшін 17 тұрғын есепке алынды. Оның 14-і ер адамдар болса, 3-і әйел. Жетеуі жұмыс істесе, сегізі –жұмыссыздар санатында, екеуі студент болып шықты. Барлығы да 20-59 жас арасындағылар.