• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 20:29

Мәнті – көшпенділердің асы: Астанада Түрік асханасы апталығы аясында қазақ-түрік халқының тағамдары әзірленді

Астанада 21–27 мамыр аралығында өткен Түрік асханасы апталығы аясында қазақ және түрік халқының көне түркі тарихынан тамыр тартқан ортақ тағамдары әзірленіп, көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркі дүниесін біріктіретін гастрономиялық мұраны жаңғырту, таныстыру және насихаттау мақсатын тұтқан Түрік асханасы апталығы әлем бойынша биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайынғы шараның негізін қалаушы – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның жұбайы Эмине Ердоған.

Биыл апталық «Дастархан басындағы мұра» тақырыбымен өтті. Әдетте, жайылған дастархан үстіне түрлі халықтардың тағамдары ұсынылуы мүмкін. Алайда, олардың ғасырлар бойғы тарихтан сыр шертетіне мән бермейміз. Демек, «дастархан» – түрлі ұлттарды, мәдениеттерді, тарихты өзара тоғыстыратын алаң.

Қазақстандағы Түркия Елшілігі ұсынған мәліметке сәйкес, Астанаға шақырылған шеф-аспаздар мейрамханалардың бірінде қазақ және түрік халықтарына ортақ тағамдарды даярлап, жас аспаздармен тәжірибе бөлісті, жиналған қауымға олардың шығу тарихын баяндап берді.

Әзірленген астың бірі – мәнті. Тағамдардың шығу тарихын 25 жылдан астам зерттеп келе жатқан шеф-аспаз әрі көптеген шәкірттің ұстазы – Али Ронайдың айтуынша, мәнті – көшпенділердің асы әрі гастрономияның тамаша үлгісі. «Себебі бұл тағам Орта Азиядан бастау алып, Анадолыға жеткен, кейін Еуропаға тараған. Оның дамплинг деген атауы бар, Әзербайжанда – дұшпара, бізге мәнті болып келеді. Ал Еуропаға барғанда равиоли, тортеллини болады. Тағам мәдениетпен бірге қозғалып, атауы өзгере берген. Мәнті – ескіден келе жатқан көшпенділер асы. Ол құнарлы әлі тойымды», - дейді.

«Қалдықсыз ас әзірлеу» қағидатын қатаң ұстанатын шеф-аспаз Гөкхан Чылак пен Али Ронай мәнтіден бөлек, тұздығы қымыздан дайындалған тұшпара да ұсынды. Бұдан бөлек, дастарханға жапыраққа оралған сарма, ішли көфте және түрлі салмасы бар қамыр тағамдары қойылды. Негізгі тағам ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген – кешкек тарту етілді (қозы еті бидай және өзге жармалармен бірге ұзақ уақыт баяу отта дайындалады).

Ал «тәттілер» бөлімінде қаймақтан жасалған балмұздақ тыс, түріктің дәстүрлі десерттері мен қазақтың ұлттық тағамдары жент пен қоспа бір дастархан басында үндестірілді.

1890 жылдан бері атадан мирас болып қалған наубайшылық дәстүрді жалғастырып келе жатқан Хакан Доғанның айтып өткендей, нан пісірудің мыңдаған мәзірі арасынан апталық үшін бірнешеуін ғана таңдап алу қиынға соққан. Наубайшы жұқа нан, базлама, шағын пиде және табиғи ашытқымен нан пісіріп, оны қорытылған маймен және түрлі шөптерден дайындалған маймен ұсынды.

Айта кетейік, шеф-аспаз Али Ронай Анадолы мен Ұлы дала арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ өмір салты мен дастархан мәдениеті жөнінде Jibek Joly телеарнасындағы «Demdi.life» бағдарламасында кеңінен әңгімелеп берді.

Соңғы жаңалықтар