• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Инфографика 09 Сәуір, 2025

Туризм экономиканы ілгерілететін салаға айналады

75 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ту­ризм­ді дамыту мен цифрландыру мә­селесі қаралды. Отырыста тиісті ведомство басшылары саладағы түйінді мәселелерді баян­дап, олардың шешу жолдарын ұсынды.

Туризм басқармалары құрылады

Елде туризмді дамытуға қатысты бірқатар қордаланған мәселе бар. Оларды түпкілікті шешу үшін заңна­маға өзгеріс енгізіліп жатыр. Тиісті заң жобасы – Мәжіліс қарауында. Мәселен, әкімдікке елді мекеннен тыс жерде, оның қатарында ұлттық парк аумағында туристік инфрақұрылым салуға заңнамалық өкілеттік берген дұрыс. Бұл – негізгі бастаманың бірі. Мұндай қадам негізгі туристік дести­нацияның инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді.

«Туристік дестинацияларда инфра­құрылым құрылысын қаржы­ландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленеді. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беруге жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармасын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталуда», деді Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов. 

Министрдің айтуынша, фермерлерге өз учаскесінде агротуризммен айналысу құқығын беру керек. Қазір елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орнын құруға, ауылдың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Оған қоса туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыруға ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайтуға заңнамалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл экотуризмді дамытуға инвестиция тарту мен инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Қонақүй сервисі сапасын арттыруға қонақүйді жіктеу жүйесін реформалау жоспарланған. Қолданыстағы критерий 2008 жылдан бері өзгермеген. Яғни заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Турист сапарын жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу пунктінде ұйымдастырылған туристік топқа басымдық беру – жасыл дәліз тетігін енгізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта бұл механизм Ресей мен Қырғыз шекарасында қанатқақты режімде жұмыс істеп тұр.

«Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – тау туризмін дамыту. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тауда демалатын туристердің орташа шығыны 350 дол­ларға тең. Бұл көрсеткіш жағажай туризмінде 50 долларды құрап отыр. Шығыс Қазақстан облысында тау туризмін дамыту әлеуеті зор. Катон­қарағай мен Зайсандағы әуе­жай­­лардың құрылысы жүргізілуде. Министрлік облыс әкімдігімен бірлесіп тау туризмін дамытуды пысықтауды бас­тады», деді Е.Мырзабосынов.

Туризмнің этномәдени, балалар мен жасөспірім, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрі басымдыққа ие. Оқиғалық туризмді дамыту үшін «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталы негі­зінде іс-шараның бірыңғай күнтізбесі әзірленді. Өткен жылы күнтізбеге 137 іс-шара еніп, оның 80%-ы Астана мен Алматыда өтті. Министр осы орайда өңірлік әкімдіктерді әр облыста өтетін ірі іс-шараны күнтізбеге енгізу жөнінде ұсыныс беруге шақыратынын айтты.

 

Реинжиниринг негізгі мәселені анықтады

Туристік саланың цифрлық трансформациясы туризмнің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға, инно­ва­циялық технология есебінен үдеріс­ті автоматтандыруға, туристер ағы­нын басқаруға бағытталған. Қазір сала министрлігі туроператорларды екі кіші түрге лицензиялауға қызмет көрсетеді. Бірінші кіші түрі – шығу туризмі. Екіншісі – келу мен ішкі туризм. Көрсетер қызмет толық автоматтандырылған. Былтыр 680 лицензия берілді — олардың барлығы электрондық форматта.

«Цифрлық трансформация шең­берінде сала министрлігінің 47 бизнес-үдерісіне реинжиниринг жүргізілді. Ол мемлекеттік қолдау шарасы мен лицензиялауды қамтыды. Реинжини­ринг негізгі мәселені анықтады. Оның қатарында – цифрлық деректердің болмауы, қолдаудың тиімсіз бөлінуі мен заң­сыз қызмет көрсетушілердің болуы.  Мәселені шешуге сала министрлігі цифр­лық платформа әзірлеп жатыр. Ол жұмыс барысын автоматтандырып, шешім қабыл­дауда адам факторының әсерін азайтады. Сондай-ақ туроператордың бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады. Бұл азаматтарға саяхатты сатып алудан бұрын қызметтердің заңды­лығын тексеруге мүмкіндік береді», деді Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

 

Жүйелі бес тапсырма жүктелді

Үкімет басшысы Қазақстан – тарихы терең, табиғаты әсем, мәдениет пен салт-дәстүрге бай мемлекет екенін айта келіп, ұлан-ғайыр даланың әр қиырында туристі қызықтыратын көрікті жер көп екеніне тоқталды. «Сондықтан туризм ел экономикасының өсуіне жаңа серпін беретін салаға айналуы қажет. Бұл ретте, елдегі туризмнің даму әлеуеті – өте жоғары. Кейінгі 5 жылда турист саны 7,5 есеге өсті. Былтыр 15 млн-нан астам адам саяхаттап келді. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. «Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары бел­сенді жүріп жатыр», деді О.Бектенов.

Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында бес жұлдызды қонақүй мен тақырыптық ойын-сауық паркін салу жобасы іске асады. Кендірлі курорт­тық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін беріледі. Фер­мерлерге агротуризммен айналысуға құқық беруге тиісті жұмыс жүріп жатыр. Инвесторға қолдау көрсетіп, туындайтын мәселені шешуге әрқашан әзір. Оқиғалық және мәдени туризм белсенді дамуда. Көптеген мәдени және спорттық іс-шаралар, бизнес-форумдар өткізіліп жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдар ауқымды іс-шараларды туристерді тартуға бейімдеуге нақты тетікті әзірлеуі керек.

«Цифрландыру – туристік саланы дамытудың тағы бір маңызды бағыты. Туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру мәселесі пісіп-жетілді. Осы орайда «TravelStan» қосымшасының жасалуы өте өзекті. Сервис нарықтың барлық қатысушысын біріктіріп, туристердің сапалы әрі сенімді қызметке қол жеткізуіне кепілдік береді», деді Үкімет басшысы.

Өткен жылы «Your tourist pass» жобасы басталды. Бұл құрал QR-кодты сканерлеу арқылы ұлттық туристік порталға, eQonaq көші-қон сервисіне, такси қызметі мен басқа да пайдалы ресурстарға бірыңғай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұған қоса, әлемнің көп елінде кең танымал «Tax Free» қанатқақты жобасы да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Сонымен қатар туристік дестинацияның инфрақұрылымын дамыту мен оны қолжетімді етуге тиісті шара қабылданып жатыр.

«Өткен жылы Ұлы жібек жолының бойымен өтетін «Жібек жолы» туристік пойызы іске қосылды. 125 теміржол вокзалын жаңғырту жұмысы басталды. Алматы, Шымкент және Қызылорда да әуежайдың жаңа терминалы салынды. Көші-қон рәсімін оңайлату шарасы қолға алынды. Мәселен, шекара бекетінде ұйымдасқан туристік топтарды кезексіз өткізуге қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл шара паспорттық бақылаудан өту уақытын 5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді», деген Премьер-министр, жалпы, туризмді дамытуда қабылданған шараның бәрі кешенді түрде жүруге тиіс екенін айтып, Туризм және спорт министрлігіне бірқатар тапсырма берді.

Біріншіден, Цифрлық даму министр­лігімен бірге, 3 ай мерзімде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шара жоспарын бекітуге тиіс. Курорттық аймақ пен таби­ғи парктің бас жоспарын цифр­ландыруға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ ұлттық туристік порталға кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтарды әуе­жай, вокзал мен шекара бекетінде, туристер жиналатын жерде орналастыру ләзім.

Сонымен қатар  өңір әкімдіктерімен бірге, 2 ай мерзімде барлық мәдени, оқиғалық, спорттық және басқа да іс-шараның бірыңғай күнтізбесін бекіткен жөн. Тарихи ескерткіштерді, көркем табиғи пейзаждар мен елдің басқа да көрікті жерін турларға интеграциялау керек. Экологиялық талаптардың бұзылмауын, табиғи және мәдени ескерткіштің сақталуын нақты қадағалап отыру маңызды. Сондай-ақ туристік гидтерді даярлау мен біліктілігін арттыру жөнінде тиісті шара қабылдау керек.

Мәдениет, Сыртқы істер министрлік­терімен бірге ел ішінде және шетелдерде Қазақстанның туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқанды қамтамасыз етуге тиіс. Өтінім берудің барлық рәсімін цифрландыру арқылы «Neo Nomad Visa»-ны танымал ету қажет. Қорыта айтқанда, икемді визалық саясат жүргізілуге тиіс.

Сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірге, «Tax Free» тетігін енгізудің нақты алгоритмін әзірлесін. Бұл құралды туристке ыңғайлы болуы үшін, әсіресе әуежайда қаражатты қайтару тетігін іске асыруға толығымен цифрландырып, автоматтандыру керек.

Өңір әкімдері туристік объектілерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмысын жандандырады. Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмысын жалғастырсын. Күре жол бойындағы дәмхана, жанармай құю бекеті мен техникалық қызмет көрсету стансалар қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ осы бизнес­те жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталан­дыру мәселесін пысықтауды тапсы­рамын. Бұл ретте туристердің қауіпсіз­дігін арттыруға ерекше назар аударыл­сын. Бүкіл инфрақұрылымға – әуежай­дан бастап қонақүйлерге, сауда нүкте­леріне, тамақтану орындарына, концерт алаң­дарына дейін – қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізілуі қажет.

Туризм, Мәдениет, Денсаулық, Ішкі істер министрлігі, арнаулы мемлекеттік органдар ауқымды мәдени, спорттық және туристік іс-шара өткізу кезінде жәрдем көрсетуге тиіс екеніне тоқталған Үкімет басшысы, оны ұйымдастыру мен өткізу деңгейі экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, елдің имиджін ны­ғайтып, инвестор мен туристке тар­тым­дылықты арттыра түсетінін айтты.