Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін резервтен 40 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаражатты көктемгі егіс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету, 2025 жылдың өнімін қабылдау үшін астық қоймаларын босату, қазақстандық астық экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ жаңа өткізу нарықтарын игеру сияқты кешенді міндеттерді шешуге бағыттау жоспарланған.
«Өздеріңізге белгілі, 2024 жылы елімізде дәнді дақылдар бойынша 25,2 млн тонна көлемінде рекордтық өнімі жиналды. Жоғары өнімділікке агротехнологияны дұрыс қолдану нәтижесінде және қолайлы ауа райының арқасында қол жеткізілді. Сонымен қатар ішкі нарық сұранысы шамамен 10 млн тоннаны құрайды», делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында атап өткендей, Қазақстанның дәнді дақылдар бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаны құраған.
«Бұл – ауқымды көлем және үлкен жауапкершілік. Үкіметтің басты міндеті – шаруаларға өз өнімдерін шетелдік нарықтарда өткізуде жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінде бұл экспорттық әлеуеттің 10 млн тоннасы бағыттары әзірленген дәстүрлі өткізу нарықтарына, ал 2 млн тоннасы алыс бағыттар мен жаңа нарықтарда сату үшін жөнелтілді», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Осылайша, тасымалдау шығындарын азайтуды субсидиялау шаруаларға астықты жаңа нарықтарға дер кезінде экспорттауға және астық қоймаларын жаңа өнімге дайындауға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы деректер бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен сәуір айына дейін астық экспорты 6,9 млн тоннаны құраған, ол 2023-2024 жылдардың ұқсас кезеңінен 54%-ға көп.
Бүгінде экспорттың дәстүрлі бағыттары – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан. Иран мен Әзербайжанға жеткізу көлемі ұлғайған. Транзиттік жолдар Ресей, Латвия, Литва, Эстония, Әзербайжан, Грузия, Түркіменстан және Қытай аумақтары арқылы өтеді.