• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қаржы 10 Сәуір, 2025

Ірі банктерден 840 млрд теңге түсім түсті

66 рет
көрсетілді

Банк секторының экономикаға ұсынатын несиесі экономикада шешуші рөл атқарып, салық аударымдары арқылы мемлекеттік бюджетті толтыруға айтарлықтай үлес қосады. Мұндай түсімдер әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымдық жобаларды және елді дамытуға қатысты басқа да маңызды бағыттарды қаржыландыруға көмектеседі.

Мәлімет ұсынушы «Ranking» шолушылары еншілес ұйымдар туралы ақпаратты шоғырландырылған қаржылық есептілік бо­йынша аудиторлық есептерден, сондай-ақ ашық көздерден алған. Әр ұйымның, оның ішінде банктердің және өзге де еншілес ұйымдардың салық аударымдары туралы деректер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитеті ұсынған ақпаратта көр­сетіл­ген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша елдегі барлық ЕДБ арасында «Kaspi.kz» ең ірі салық төлеуші атанды: салық аударымдарының сомасы 285,8 млрд теңгеге жетті. Айта кетерлігі, бір жыл ішінде төленген салық сомасы 24%-ға артқан. «Kaspi»-дің ел аумағында қызметін жүзеге асыратын 11 еншілес ұйымы бар. Екінші орынға «Halyk» тобы жайғасты. «Halyk Bank» және оның еншілес ұйымдарының 2024 жылы төлеген салық сомасы 270 млрд теңгеден асты. Қазақ­стан­дағы 10 еншілес ұйымы есепке алынды.

«Kaspi.kz» пен «Halyk»-тың қосынды салық аударымдары 556,5 млрд теңгені немесе еліміздегі 12 ірі банк төлеген барлық салықтың 66,3%-ын құрады. Үздік үштікті өзінің төрт еншілес ұйымымен «Центр КредитБанкі» түйіндейді: 75,7 млрд теңге. Сонымен бірге алғашқы бестікке «ForteBank» тобы (42,8 млрд теңге) және «Еуразиялық банк» тобы (34,7 млрд теңге) енді. Айта кетерлігі, еншілес ұйымдары жоқ ЕДБ да бар. Тиісінше, олардың тікелей салық ауда­рым­дары ғана ескерілді. Мұндай қаржы институттарының қатарында «Отбасы банк», «Ситибанк Қазақстан», «Bereke Bank» және «Altyn Bank» бар», деп мәлімдейді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің 12 ірі банкі салық аударымдары түрінде бюджетке 840 млрд теңге аударған. Осылайша, банк секторының бюджетке қосқан үлесі миллиардтаған теңгемен есептеліп, бұл сегментті экономиканың негізгі қаржы донорларының біріне айналдырады. Осы арада айта кетерлігі, мұндай жағдай жылдар бойы сақталып келеді, банк секторы бюджетке түсетін салықтың ең ірі көзінің бірі болып қала бермек, ал мұндай салым жыл сайын жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді.

«Болашақта банктердің салық аударымдарының көлемі қаржы нарығының өсіміне, реттеудегі өзгерістерге және елдегі жалпы экономикалық жағдайға байланысты болады. Алайда бүгінде банктер экономикалық тұрақтылықта шешуші рөл атқарады. Мысалы, тек 2024 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктер активтерінің сомасы бір жылда 19,7%-ға, 61,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар ЕДБ активтерінің елдегі ІЖӨ-ге қатынасы бір жыл ішінде 45,2%-дан 47,8%-ға дейін өсті, бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш болып саналады», дейді мамандар.