Дүниежүзілік банк зерттеуінің деректері бойынша, ел азаматтарының 14,6%-ы кедейлікте өмір сүреді. Шамамен 2,9 млн адам. Бұл ішкі статистика көрсеткішінен 5,1%-ға, 3 есе көп.
Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, кейінгі кезде кедейліктің сипаты ауысты. Бұрын оның шырмауына зейнет жасындағы қариялар түссе, ендігі «тұтқындары» жас балалы отбасылары екен. «CFO Summit»-те сөйлеген сөзінде ол ел үшін 5 маңызды қатерді атады.
2030–2035 жылдары басталатын мұнай дәуірінің аяқталуы; Халықтың әрбір төрт жылда 1 млн-ға өсуі; Геологиялық жағынан белгілі ресурстардың қысқаруы және жаңаларын табу қарқынының төмендеуі. Инфрақұрылымның әлсіздігі. Ауыл шаруашылығындағы әлеуетті игерудегі қиын жағдай.«Жыл сайынғы 400 мың адам туу көрсеткіші мен Алматы, Астана, Шымкент және Ақтау қалаларының даму деңгейі сәйкес келмейді. Бұл қалалар ел ішіндегі миграциялық толқынға шыдамайды. Бұл мәселелерді шешу үшін жаңа қалалар салу керек. Жоғарыда атап өткен 4 қала мемлекеттің миграциялық толқынын шеше алмайды. Бізге шешім қабылдамас бұрын осыған дейінгі қателіктерімізге себеп болған құбылыстарды талдап, қандай реформалар қажет екенін анықтау маңызды», дейді.
Сарапшының айтуынша, 5 жыл бұрын ең төменгі жалақы 29 мың теңге болса, қазір оның деңгейі – 85 мың теңге. Мұның өзі дамыған елдердің көрсеткішінен артта тұр.
Сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша, кедейшілікті жеңу мүмкін емес.
«Ватиканнан басқа бірде-бір ел кедейлікті түп-тамырымен жойған емес. Кедейшілікке әсер ететін факторлар – құрғақшылық, су тасқыны, цунами, жер сілкінісі болып жалғасып, сыбайлас жемқорлықпен тұйықталады. Біз жоспарлы экономика синдромынан әлі айыққан жоқпыз. Кедейшілікті және онымен күресті атадан қалған мұра ретінде қабылдап алған сияқтымыз. Қытайдан тауар тасып, «біздің өнім» деп көрсеткен күндеріміз де болды. Қоғамдық сана масылдық психологиядан тазармай, кедейлік деңгейін төмендете алмаймыз», дейді З.Қаражанов.
Айтуынша, әл-ауқаттың төмендігін мемлекеттік бағдарламалармен шешу мүмкін емес. Бұл мәселе қоғамдық сананың өсуі, экономиканың дамуы арқылы шешімін табады.
«Біріншіден, ең төменгі жалақыны лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін деңгейге дейін арттыру табысы төмен топтың кедейлік аймағынан шығуына мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды жайт – табысы төмен отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі. Бұл мәселені субсидия арқылы шешуге болады. Прогрессивтi салық жүйесiн енгiзу арқылы аз төленетiн топтарға салықтық жүктеменi азайту кедейлiкпен күрестегi маңызды қадам болуы мүмкiн. Қазір ел ішінде кедейлік ұғымы әртараптандырылып кетті. Жасарды. Тіпті «мәдениетті кедей» деген ұғым да пайда болды. Әлемдік өлшем бойынша күніне 5,5 доллардан төмен табыс табатын адам – кедей. Егер біз оны теңгеге шағып көбейтсек, адам басына есептегенде айына шамамен 70 мың теңгеден төмен табысы бар адамдар кедей болып есептеледі. Бізде көрсеткіш одан төмен. Болмашы зейнетақысы коммуналдық төлемінен артылмайтын қариялар да, айлық табысының 50 пайызын несиеге беріп, өзін, отбасын жетілдіруге қаржы таппай қалатын жас отбасылар да әлемдік өлшем бойынша кедейлер санатында тұр», дейді З.Қаражанов.
2024 жылы ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге, орташа жалақы 402 251 теңге болды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша бір жыл ішінде қызметтер құны – 13,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,6%-ға, азық-түлік тауарлары 5,1% -ға өсті. Өткен жылдың алғашқы жартысында халықтың 4,6%-ы күнкөріс минимумынан аз табатыны хабарланса, екінші жарты жылдықта бұл көрсеткіш 5,1%-ға дейін көтерілді.
АЛМАТЫ