Ұлттық академиялық кітапхана төрінде жуырда құрылған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының жұмыс-жоспары таныстырылып, «Қазақ күшінің картасы» жобасы басталды.
Алқалы жиынға Бас редакторлар клубы мүшелері, сондай-ақ спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері қатысты. Іс-шара аясында қазақтың ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті туралы құнды ақпараттар айтылып, белгілі күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаровтың қазақ күресі мен балуандар, асық ату, көкпарға қатысты бірқатар кітабының қолжазба нұсқасы, сондай-ақ «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылды.
«Baluan tas» құрылтайшысы А.Қалназаров жаңа құрылымның мақсаты, бағыт-бағдарымен, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Осы сәттен бастап «Қазақ күшінің картасы» жобасы ресми түрде бастау алады. Оны түрліше атауға болады. «Қазақ күшінің картасы», яки «Қазақ күш-қайратының картасы» немесе «Ұлы даланың күш картасы» десек те, бәрінің мағынасы бір. Түркі әлемінің әлеуетін көрсетеді. Басты мақсат – халқымыздың жауынгерлік-спорттық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі алып күш-қайрат иелерінің күш мұрасын тізімдеу мен зерттеу. Ел аузында «Балуан тас» деп аталатын ауыр тастарды іздеп тауып, олардың географиялық орналасу нүктелерін картаға түсіріп, ұлттық құндылық ретінде мәртебелеу мен насихаттау», деді ол.
Сондай-ақ сенатор Бибігүл Жексенбай тарихи-мәдени мұраның ішінде балуандық сынақтар рәсімінің маңызды болғанын айта отырып, ауыр тастардың қазақ халқының ерлік дәстүрін, күш пен батырлықты дәріптейтін элементтер ретінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқанына тоқталды.
«Қазақтың алып күш иелерінің тарихи рөлін насихаттау мақсатында ауыр тастарды зерттеу – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жастарға рухани мұрамызды түсіндіріп, насихаттаудың маңызды тәсілдерінің бірі. Бұл жағынан елімізде алғаш бастама көтеріп отырған Абылайхан Мамырайханұлын қолдауға қашанда әзірміз. Мен оның батыр, балуан, тіптен «түйе балуан» болған аналарымыз – Дариға, Айсәуле, Ұмсын, Күреш туралы әңгімелерін талай естіген едім. Олар да назардан тыс қалмайды деп білемін», деді Бибігүл Жексенбай.
«Қазақ күшінің картасы» жобасы балуан тастардың географиялық орындарын карталық тізімге енгізіп, тарихи және мәдени-спорттық мұра ретінде сақтауға жол ашу, балуан тастарға қатысты аңыз-әпсана, хикаялар мен ел аузындағы әңгімелер, тарихи деректерді жинақтау және осындай көшпелі саламатты өмір салты мен спорттық-жауынгерлік ерлік дәстүрін ғылыми айналымға енгізу сынды мақсаттарды көздейді.
Жиын барысында балуан Арман Сүлеймен, спортшы Қуаныш Шәріпбекұлы күш ойынын көрсетіп, Әлихан Дүйсенбай ән шырқады. Сондай-ақ ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында «Baluan tas» пен Бас редакторлар клубы арасында өзара іс-қимыл меморандумына қол қойды.
Жиын «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ұлттық академиялық кітапхананың, Ұлттық спортты қолдау қорының қолдауымен өткізілді.