• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Сәуір, 2025

Абай жолы рухани кемелдікке жетелейді

20 рет
көрсетілді

Биыл ұлы Абайдың туғанына 180 жыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұлу Көкшенің Бурабайында өткен Құрылтайда Абай орталықтары арқылы әлемге қазақтың мәдениетін дәріптейміз деді.

Абайтанушы ғалым Сейдалы Оразалиев бұл хабарды қуана-қуана қабылдады. Өйткені қазақ дегеніміз Абай. Абайды танығаның қазақтың кім екенін білгенің. Ал Абайдың рухани әлемі Ислам дінінен тамыр тартады. Ақын шығармашылығының өзегі асыл дінде жатыр.

«Абай өзінің өлеңі мен қара сөздерінде шын иман иесі болуға, адалдықтан аттамауға, әділдік жолын таңдауға, білім мен ғылымды сүюге шақырады. Ілім үйренуді Ислам діні құптайды. Құран мен хадистерде бұл жайында көп айтылған. «Ілім іздену әр мұсылман ер мен әйелге парыз». «Ғылым үшін Қытайға барсаң да білім ал» деген секілді хадистер толып жатыр. Ислам оқу мен тәрбиеге көп көңіл бөледі. Сондықтан Құнанбай қажы Абайды молдадан сауат аштырып, ауыл балаларына бір имамды жалдаған. Сондай-ақ Құнанбай қажы өз ауылынан, Қарқара қаласынан мешіт салдырған. 1876 жылы Меккеге қажылық сапарға барып, Әл-Харам мешітінің жанынан қажылар түсетін қонақүй тұрғызады. Мен умра қажылығына барғанымда сол орынды іздеп таптым. Қазір ол жерде 26 қабаттық зәулім қонақүй тұр. Оның құрылысы басталмай тұрғанда арабтар кеңестер одағынан Құнанбай жайында сұрастырған екен. Бірақ Мәскеуден мардымды жауап ала алмапты. Әрине бұл біз үшін өкінішті жағдай» деді ғалым.

Абайтанушының пікірінше ұлы ақынның мінезі, болмыс-бітімі қазақы-мұсылмандық тәрбиенің негізінде қалыптасқан. Ақын өзінің философиялық ойларында көбінесе Құран, хадис іліміне сүйенген. Содан рухани нәр алған. «Бұл Құран адамдардың санасын жетілдіру үшін және дінге берік сенгендерге мейірбандық үшін жіберілген жетекші» деп қасиетті кітаптың Жасия сүресінде айтылғандай, Абайдан алдыңғы Шығыстың шайырлары мен оқымыстылары да еңбектерінде Құранға көп арқа тіреген. Ғалымның айтуынша Алла Тағаланың «Рахман», «Рахим» деген есім-сипаттары бар. Сол ілімнің негізінде Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген ой-тұжырымдамасы туады.

Ғалым өз сөзінде Алаш қайраткерлері Абайдың «таза мұсылман, толық адам» анықтамасына кіретінін айтады. Өйткені олардың көпшілігі жастайынан молдадан сауат ашып, мұсылманшылық тәрбиені бойларына сіңіріп өсті. Еліміз тәуелсіздік алғанына шүкір, тәубе дейді абайтанушы ағамыз. Сол егемендіктің арқасында еңсеміз тіктелді. Өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Халқымыз құрып бара жатқан тілін сақтап қалды. Ұмытулыға айналған салт-дәстүр, тәрбиесін қайта жаңғыртты. Ең бастысы ата-баба ұстанған асыл дінге қазақ елі қайта бет бұрды. Тәуелсіздіктің берген жемісі халық дінді ұстануға еркіндік алып, ғибадат орындары– мешіттер мен ілім орталықтары – медреселер пайда болды деген ой білдірді ғалым.

«Абай өмір сүрген дәуірде халық ескіше хат танитын. Сондықтан арабша оқып, оның не мағына беретінін ажырата алатын. Сол себепті Абай қара сөздерінде кейбір арабша атауларды сөзбе-сөз жазды. Сөйте тұра оның түпкі мағынасын, құпиясын ашуға тырысты. Мәселен 38-қара сөзінде «Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиғла иллаһи» деген хадис шарифтің «инналаһу йухиббул муқситин» деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. «Әтәмурун әннәсә билбирри уәәхсәну инналаһу йухиббул мұхсин», «уәлләзинә әмәну уәғәмилу салихати улайна асхабул жәннәти һәм фиһа халидун» деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих не екенін білмейміз. «Уа әммәлзина амәну уәғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уаллаһу лә йүхиб-буз-залимин» аятына қарасаң, ғамалус-салих залықтықтың зидды болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі «мән-лә хаяун лаһу» деген дәлел дүр» деген секілді сөздермен ой сабақтайды ұлы ойшыл. Осылайша Абай исламдық таным-түсінік арқылы адамдарға дұрыс көзқарас пен тәрбие жолын көрсеткісі келді. Ақынның ойынша адам кәмілдікке тек Жаратушысын тану арқылы жетеді. Зердесі мен амал-әрекеті иман нұрымен қуат алғанда ғана мұсылман нағыз толық адамға айналады. Құдайдан безінген адам ар-ұят, адамгершіліктен де жұрдай болады деген ойға келеді. Оны ақын «Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла» деген сөзімен растайды. Ұлы ақын қазақты дін Исламның шуағына бөлетіп, иман мен адамгершілік шеңберінен шықпай ілім, білім ізденуге талпындырды» деді С.Оразалиев.

Айтқандай ағамыздың жуырда «Құран тілінің сөздігі» атты зерттеу кітабы жарық көргелі жатыр. Ол руханият саласындағы тың ізденіс, үлкен жаңалық болмақ. Себебі бұған дейін қасиетті кітаптың ішінде жазылған аят, сүре сөздерінің мағынасын айшықтап, түсіндіріп беретін қазақ тіліндегі еңбек жарық көрмеген. Оқулық Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің дін істері комитеті тарапынан мақұлданған. Бұл еңбектің құндылығы сонда онда хадистерден бөлек «толық адам іліміне» негіз боп қаланған Абай шығармаларының түсініктемелеріне де кеңінен орын берілген. Кітапта көнерген, қолданыстан шығып қалған ескі сөздердің немесе арабша атаулардың мағынасы баяндалатындықтан тіл білімін зерттеушілер үшін де құнды дүние болмақ.

Ғалымның пікірінше, Абайды тану Ислам ілімімен қатар жүруі тиіс. Асыл дінге үңіліп болмай ақынның болмысын ашу айтқан ойларын, шығармаларын толық түсіну мүмкін емес. Қазақтан Абай аңсаған «толық адам ілімін» жасау үшін халқымыз бірінші кезекте рухани кемелдікті бабалар дәстүрі мен дінінен іздеуі тиіс.