Былтыр Алматы қаласының индустриалды аймағында салат, руккола, базилик және басқа да көк шөп түрлерін өсіруге арналған инновациялық кешен іске қосылған болатын. Биыл жылыжайдың өндірістік көлемі артып, жаңа циклдар іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мың өнімді құрайды. Инвестициялар көлемі – 121 млн теңге, оның 100 млн теңгесі компанияға тиесілі болса, 21 млн теңге «Аlmaty» микроқаржы ұйымынан» 2 пайыз мөлшерлемемен алынған қаражат.
Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі аясында баспасөз турында компания директоры Ульяна Савченко жылыжай ашу идеясы жаңа және экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуына байланысты болғандығын атап өтті.
«Бүгінде көптеген адамдар дұрыс тамақтануды қалайды. Гидропонды жүйелер бізге сапалы көк шөп өнімдерін жыл бойы, ГМО мен химия пайдаланбай өсіруге мүмкіндік береді. Маусымдық өзгерістер бағаға әсер етпейді, тіпті маусымның ең қызған кезінде де бағалар тұрақты болып қалады» деді ол.
Жобаны іске асыруға кәсіпкерлер жеке инвестиция салып, оған металл сөрелер жасалып, шамдар, кептіргіш, кондиционер, су сүзгілері, контейнер, сондай-ақ өнімді жеткізуді ұйымдастыруға арналған автомобиль сатып алынды.
АЛМАТЫ