• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 17 Сәуір, 2025

Эндаумент-қор туралы заң жобасы мақұлданды

0 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиында депутаттар эндаумент-қор туралы және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ қатысушылар аумақтық қорғаныс және Ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың шамадан тыс заңнамалық регламенттелуін болғызбау туралы құжаттарды қарады.

Парламент Мәжілісінің депутаттары алдымен «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және оған ілеспе заң жобасын қарады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен әзірленген бұл құжат нысаналы капитал қорларын және эндаумент-қорларды ашық түрде қалыптастыру мен жұмыс істеуіне құқықтық негіз беруді көздейді.

– Қазіргі уақытта елімізде 22 эндаумент қоры бар. Оның 15-і – білім саласында. Орташа капиталы 1 млрд теңгеден аспайды. Ірі қорларды атап өтсек, Физмат, «Қазақстан халқына», Назарбаев университетінің қор­лары. Жеке заңның қажеттілігі эндау­мент-қорлардың инвестициялық қыз­метін, инвесторлардың эндаумент-қорлары­на мақсатты жарналар бойынша мүлік­тік құ­қықтарын, олардың мақсатты пай­да­лануы­на тәуекелді бақылау, тағы басқа мә­селе­лерін реттейтін бірқатар норматив­тік-құқық­тық актілердің болмауына байла­нысты. Эндаумент-қорлар қайырымдылықты инвестициялық қорлардың функцияларын қос табиғатын біріктіреді, сондықтан да жеке заң қажет болды, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Құжатта эндаумент-қор құруға болатын нақты салалар белгіленген. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт және мәдениет. Осылайша әлеуметтік сала­дағы мемлекеттік бюджетке түсетін сал­мақты кезең-кезеңмен азайтуға болады. Жал­пы эндаумент-қорлары – барлық елде кең таралған тәжірибе. Сондықтан заңды әзірлеу барысында АҚШ, Ресей, Аустра­лия, Сингапур, Франция тәжірибесі ескерілген.

– Эндаумент-қорын қолдаушыларды, донорларды ынталандыру үшін арнайы салық жеңілдіктерін беру ұсынылды. Депутаттардың қолдауымен қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқан Салық кодексінде салымшылардың эндаумент-қорға салған жарнасын 100 пайыз салықтан босату туралы норма енгізілді. Заң жоба­сының тағы бір мақсаты – қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде қоғамда батырдың құрметіне, танымал тұлғаның құрметіне, көше атауын өзгертуге арналған қорлар ашу әдетке айналды. Жаңа құжат қолданысқа енгізілсе, осындай қорлар үшін де ашық қағидаттарға негізделген, құрылтайшылар мен салымшылар аудит жүргізе алатын арнайы платформа қалыптасады, – деді С.Нұрбек.

Эндаумент-қордың активтері құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік кіре алады. Оған мүлікті шектеусіз мерзімге, кем дегенде 10 жылға дейін беруге болады. Берілген мүліктің құны сақталады, тек оны басқарудан түскен инвестициялық табысты ғана жұмсауға рұқсат етіледі.

Активтер көлемі заң жобасында белгіленген шектен асқан жағдайда, олар міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуге тиіс. Депутаттардың ұсынысы бо­йынша бұл шек 10 мың АЕК мөлшерінде бел­гіленді, ал активтерді беру мерзімі – 3 ай. Осы уақытқа дейін олар екінші дең­гей­лі банктердің депозиттерінде орналастырылады. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары нақтылап өткендей, бұл заң жобасы автономды білім беру ұйымдарының эндаумент-қорларының қызметіне қолданылмайды.

Депутат Еділ Жаңбыршин нысаналы капитал қорлары салымшылары дәстүрі­мізге сай келмейтін теріс идеология жүр­гізуі мүмкін бе деген күдігін жеткізді.

– Эндаумент-қорлар құрылады, ертең үлкен ақшалар жиналады. Бұл қордың иелері сол мектептердің ішінде дін атын жамылған уағыздар жүргізу, басқа біздің дәстүрімізге нұқсан келтіретін кейбір идеологиялық мәселелерді іске асыруы мүмкін. Солардың ішінде мемлекеттік стандарттармен жұмыс істейміз дейді де, басқа бір істермен айналысып кетуі мүмкін. Осыны қалай қадағалаймыз, қалай бақылаймыз? – деп сұрады Е.Жаңбыршин.

Оған жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек діни сала толыққанды бұл заң жобасы аясынан шығарылғанын, салымшылардың қорға тікелей қатысы жоқ екенін алға тартты.

– Эндаумент-қорлардың жалпы халық­аралық тәжірибеде де, біздің заң жобасының аясында да салымшылар мен олардың берген ақшалары қайырымдылық ретінде есептеледі. Олардың сол білім немесе спорт ұйымының қимыл-әрекеттеріне құрылтайшы ретінде ешқандай құқығы жоқ. Ол құрылтайшы да емес, тікелей қатысы жоқ. Салымшы тек сол ұйымды қолдау үшін активтер береді. Нақты заңда қарастырылған, – деді министр.

 

«Жергілікті полиция қызметі» ұғымы жойылады

Одан кейін «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілері­не ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

– Заң жобасы аясында 16 заңға өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, тиісті саланы реттеу жөніндегі негізгі мақсаттар мен міндеттерді, құзырет қағидаттарын және өкілеттіктерін белгілеу қамтылған. Алқалы шешім қабылдауды талап ететін және ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша Үкіметтің құзыретін айқындау ескерілген. Ішкі істер органдарының нормативтік-құқықтық қабылдау бойынша жалпы құзыретін айқындау қарастырылған. Сонымен қатар бірқатар нақтылайтын функция­ны заңдардан алып тастап, оларды заңға тәуелді актілердің деңгейінде бекіту ұсы­нылады, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Түзетулерге сәйкес «жергілікті полиция қызметі» ұғымы алынып тасталады. Бұл 2016 жылы құрылған ЖПҚ өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағанымен байланысты. ЖПҚ құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған.

– Жергілікті полиция қызметі жергілікті қауымдастықтың полиция жұмысына деген сенімінің артуын қамтамасыз ету керек еді. Алайда бірқатар себеппен 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен бірнеше қайта құру жүргізілді. Мысалы, әкімдерге жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау жөніндегі функцияны беру дара басшылық қағидатының бұзылуына және полиция департаменттері мен жергілікті полиция қызметінің басшылары арасындағы келіспеушілікке алып келді. Учаскелік инспектордың алдына бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттер қойылды, нәтижесінде оның халықпен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі негізгі функциялары екінші орында қалды. Осыған орай, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі екі басқарма құра отырып, аталған қызметті қайта ұйымдастыру ұсынылады, – деді қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Заң жобасында қазіргі таңда ай сайынғы төлемдер алмайтын тұлғалардың жағдайын жақсартуға бағытталған түзетулер көзделген. Жаңа нормаға сәйкес қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан барлық құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері бір жолғы төлемдерден бөлек, қосымша ай сайынғы төлемдер алуға құқылы болады (жесірлерге – өмір бойы, балаларға – 23 жасқа толғанға дейін). Бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін (яғни 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті заң күшіне енгенге дейінгі) қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелері енгізіледі. Бүгінде бұған ай сайынғы ақшалай төлем алмаған 530 отбасы кіреді.

 

Қорғаныс әлеуетін арттыру тетігі

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және соған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұл заң елдің қорғаныс қабі­летін арттыруға, халықтың, аумақтық қор­ғаныс нысандарының қауіпсіздігін қамтама­сыз етуге және мобилизация, әскери жағ­дай мен соғыс уақытында республиканың аумағын қорғауға бағытталған. Құжатта еліміздің қорғаныс жүйесі үшін «өзін-өзі қорғау құрылымдары» және «ерікті» деген жаңа ұғымдар енгізіліп отыр.

– Өзін-өзі қорғау құрылымдары әскери жағдай мен соғыс уақытында жер­гілікті әскери басқару органдары ар­қылы құрылады. Ал өзін-өзі қорғау құры­лымдарына ерікті түрде қабылданған Қазақстан азаматтары еріктілер болып саналады. Олардың қатарына мобилизацияға жататын және жатпайтын, бірақ өзін-өзі қорғау құрылымы құрылған сәтте Қарулы Күштер қатарына шақырылмаған азаматтар кіреді. Олар елді мекендерді, аумақтық қорғаныс нысандарын күзету және қорғау, қорғаныс бекіністерін салу, эвакуациялық іс-шараларды өткізу және басқа да міндеттерді орындауға тартылмақ. Еріктілерден құралған кейбір өзін-өзі қорғау құрылымдары жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Қарулы Күштердің құрамына енгізілуі мүмкін, – деді құжатты таныстырған депутат Максим Рожин.

Ілеспе түзетулер арқылы Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл түзетулер аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың (қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары, әкімдіктер және басқа органдар) құзыреттерін бекітеді.

 

Спутниктердің ахуалы алаңдатады

Күн тәртібіне сәйкес мәселелер қарастырылған соң депутаттық сауалдарға кезек берілді. Әдеттегідей халық қалаулылары өткір де өзекті проблемаларды көтерді. Мәселен, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаевтың Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге көктемгі дала жұмыстары, Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков вице-премьер Роман Склярдың атына KazSat-2 және KazSat-3 спутниктерінің ахуалы туралы депутаттық сауал жолдады.

– KazSat-2 және KazSat-3 спутниктерінің қызмет ету мерзімінің жақындап келе жатқанын ескерсек, Қазақстанның алдында ғарыш инфрақұрылымын жаңғырту, атап айтқанда, спутниктерді ауыстыру міндеті тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа спутниктік интернетті тарату мүмкіндігін болдырмай, тек телерадио хабарларын және ұялы байланыс­тарды тарату функцияларымен жаб­дық­тауды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Министрлік тәсілдің өзгеруін жобаның төмен құнымен негіздейді. Кейбір шетелдік спутниктер теледидар, интернет және ұялы байланыс сигналдарын қатар таратуға қабілетті. Ескірген технологияларды таңдау ұзақмерзімді шығындардың өсуіне әкелуі мүмкін, – деді ол.

Депутат Азат Перуашев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, оффшорлық аймақтардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жария­лауды ұсынды.

– Қазіргі әлемдегі ахуал Қазақстан экономикасын оффшордан азат етуге таптырмайтын мүмкіндік ұсынып отыр. Жеке табыс салығын төлеу шартымен оффшорлық және басқа да шетелдік юрисдикциялардан қайтарылатын капи­талға басқа жауапкершілік жүктемей рақымшылық жасау мәселесін қарауды ұсынамыз. Келесі жылдан бастап жаңа салық мөлшерлемелерінің күшіне енуі де активтердің тезірек қайтару үшін маңызды қосымша ынталандыру болуы мүмкін. Мұндай қадам жасырын олигархтарға геосаяси ахуалы шиеленісіп тұрған жағдайда оффшорлық шоттардағы қаражаттың одан әрі құнсыздануы кезінде ықтимал шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал экономикаға қосымша қаражат пен инвестиция әкелу мүмкін. Оффшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялау мәселесін қарастыруды ұсынады, – деді Азат Перуашев.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев ел жастары есірткінің жаңа түріне тап болды деп дабыл қақты.

– Азот тотығы медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда «күлкі тудыратын шариктер» деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды. Медицина және наркология саласының мамандары азот тотығының адам ағзасына кері әсері бар екенін айтты. Ол ресми түрде есірткілер тізімінде болмаса да, оның әсері нашақорлықтың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Елімізде бұл газдың заңсыз айналымы үшін нақты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған, – деді мәжілісмен.