• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Сәуір, 2025

Медициналық туризмнің жөні бөлек

0 рет
көрсетілді

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында былтыр 225 шетелдік азамат тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі шеңберінде ем алыпты. Бұл еліміз­дің медицинасына деген сенімнің жоғары екенін, маман­дарымыздың біліктілігін көрсетеді.

Науқастар арасында Түр­кия, Үндістан, Пә­кістан, Қытай, АҚШ аза­маттары бар. Олардың бар­лығы дәрігерлердің кәсібилігі мен қызмет көрсетудің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, ем-шараларына ризашылығын біл­дірген. Мысалы, Түркиядан келген пациенттің жүрегіне жоғары технологиялық әдіспен операция жасалды. «Мен мұндай сапалы қызмет аламын деп күткен жоқпын, дәрігерлер тобына өте ризамын», дейді ол.

Үндістаннан келген жүкті әйел­ге (36 апта) дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігі операция­сын жасап, нәрестені SIPAP ап­па­ратының көмегімен аман алып қалды. «Өзімді әл­деқайда жақсы сезінемін, белсенді өмірімді жалғастыруға дайынмын, сә­биім де ширап келеді», деген қуаны­шымен бөлісті бақытты ана.

Пәкістан мен Қытайдан келген науқастар да көрсетілетін медициналық көмектің қол­жетімді әрі сапалы екенін айтады. Олар медициналық қыз­меткерлердің қапысыз қарым-қатынасын айрықша атап өтті. АҚШ-тан Алматыға туристік мақ­сатта келген пациенттер де аурухананың медициналық сервисі туралы оң пікір білдірді. «Велосипедтен құлап қалған мені дәрігерлердің жылы қарсы алғанына, жіті көңіл бөлгеніне разы болдым. Емделушілерге өте қолайлы жағдай жасалғаны қуантты. Мамандар сапалы медициналық көмек көрсетті», дейді америкалық азамат.

«Біз әрбір науқасқа сапалы медициналық көмек көр­сете отырып, жайлы атмосфера сыйлауға ұмтыламыз. Меди­ци­налық туризм – денсау­лы­ғыңызды жақсартумен қатар, елі­міздің бірегей мәдениеті мен тамылжыған табиғатын тама­шалауға мүмкіндік береді. Егер біздің елге медициналық тур жоспарласаңыз, сізге көмектесуге әрқашан дайын екенімізді біле жүріңіз», дейді сала мамандары.

 

Алматы облысы