Мұғалжар қыраттарының Жем өзені бастау алатын тұсында ежелгі адамдар петроглифтері сақталған Төлеубұлақ үңгірі бар. Қазір ол жер құм арасындағы елсізде, қорғаусыз жатыр.
1998–2000 жылдары палеолит кезеңін зерттеген қазақ-орыс біріккен ғылыми экспедициясы Мұғалжар тауларынан алғашқы адамдардың алпыстан астам тұрағын тапса, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты ғалымдары Мұғалжар тауынан ерте қола дәуірі металлургтері мыс өндіріп, байытқан сегіз кеніш орнын анықтады. Олардың ең ірісі – Таранғұл қонысы.
Төлеубұлақты ерекше қорғалатын ескерткіштер тізіміне енгізбесе, бірер жылдан соң жоғалтып алуымыз ықтимал. Қыстың аязды-боранды күндері, жаздың аптап ыстығы, күшті жел алғашқы адамдардың қонысын жоюға жақындаса, қазіргі табиғат бүлдірушілер де олардан кем түсіп жатқан жоқ. Алғашқы адамдар өмір сүрген уақытта Мұғалжар тауының тасты-қыратты, кварцқа бай сусымалы құмдары тіршілікке қолайлы еді.
Ақтөбе жеріне алғашқы адамдар біздің заманымызға дейінгі 500-350 мың жыл бұрын ерте палеолит кезеңінде қоныстана бастаған. Алайда елімізде ежелгі адамдардың аманатын сақтау өте өзекті мәселеге айналды. Археологтер бір обаны зерттеп жатса, ашылған он ескерткіш тонауға түседі. Елімізден тас ғасыры адамдарының сүйек қалдықтары табылған жоқ. Соған қарамастан қазақ-жапон, қазақ-орыс, қазақ-неміс ғалымдарының қатысуымен палеолит дәуіріне қатысты еліміз аумағынан 80 ежелгі үңгір зерттелді.
Ақтөбе облысы