• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2025

Енді жергілікті бюджеттің борышы үшін әкімдер жауап береді

0 рет
көрсетілді

Қазақстанда өңірлік деңгейде мемлекеттік борышты басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Бұл жұмыстарды ҚР Ұлттық экономика министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы негізінде жүзеге асырды, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде өңірлік қарыздарды басқару ісінде бірқатар кемшіліктер анықталған болатын. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бөлінген қаражаттар жергілікті атқарушы органдардың басқа кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалған. Бұл шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескеріліп, орталық бюджетке қосымша борыштық жүктеме салған.

Сонымен қатар, кейбір өңірлерде қарыз алу лимиттері (кірістердің 10%-ынан аспау керек) сақталмаған. Ең маңыздысы — осы талаптардың бұзылғаны үшін жауапкершілік көзделмеген. Қарызды басқару тәсілдері де әртүрлі және бірізділіктен алшақ болған.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Ұлттық экономика министрлігіне нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізуді тапсырды.

Нәтижесінде, 2025 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Бюджет кодексіне тиісті түзетулер енгізілді:

Енді жергілікті қарыздарды өтеуге жұмсалатын шығындар өңірлердің жалпы әлеуметтік шығындарының (білім беру, медицина, инфрақұрылым және т.б.) болжамына енгізілмейді. Бұл өңірлердің өз қарызына өздері жауап беруін қамтамасыз етеді; Жергілікті борыш лимиттері енді ҚР Президентінің жарлықтарымен бекітілетін нысаналы бағдарларды ескере отырып айқындалады; Қарыз лимитінің сақталмағаны үшін облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері тікелей жауапты болады.

Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің салықтық және салықтық емес кірістерін асыра орындаудан түскен қосымша қаржы тоқсан сайын олардың борыштық міндеттемелерін өтеуге және жоғары тұрған бюджеттердің әлеуметтік маңызды шығыстарын қаржыландыруға бағытталады.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған өзгерістер бюджеттер дербестігін нығайтуға, қаржылық тәртіпті күшейтуге және бюджет қаражатын тиімді бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған.