Алматы мерекесі айрықша музыкалық оқиғамен өрнектелді. Almaty Cover Show атты ауқымды шоуға 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Шаһар тұрғындары мен қонақтары 90-2000 жылдардағы алтын хиттердің кавер нұсқасын тыңдап, қазіргі таңда хит-парадтарды бағындырып жүрген заманауи тректерді тамашалады, деп жазады Egemen.kz.
Кештің басты хедлайнері көптен күткен Ninety One тобы болды. Сондай-ақ, сахна төріне ADAM, «Азия» тобы, Бахыт Шадаева, Qali, Зарина Омарова, Арман Қоныр мен Аша Матай, Ерлан Көкеев, Сейфуллин Жолбарыс, Жеңіс Ысқақова, Жазира мен Жанболат, Мөлдір Әуелбекова, Бағым Мұхитденова, Тоқтар мен Бейбіт, Мұхтар Ханзада және басқа да өнер иелері шықты. Іс-шараны танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов жүргізді.
«Мен студентпін, достарыммен бірге келдім. Қазақстандық сүйікті артистерімнің көпшілігі осында өнер көрсетті. Әсіресе, Ninety One тобының сахнаға шығуын тағатсыздана күттік», – деді Айдана Қайыпбай.
«Мен бұл іс-шараға алғаш рет келдім, эмоция керемет. Жанды дауыста ән тыңдадық. Концерттің атмосферасы керемет әсер сыйлады. Жаңа әншілерді танып білдім, алған әсерімді міндетті түрде Instagram-ға жазамын», – деді Эльнара Арманқызы.
Almaty Cover Show нағыз музыкалық марафонға айналды. Мұнда классика, ретро мен заманауи әндер тоғысып, қалаға қуаныш пен бірлік сыйлады. Бұл кеш Алматының өнерді ұлықтап, музыканы дәріптей білетін қала екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бүгін Астана алаңында сағат 10:30-дан 22:00-ге дейін мерекелік үлкен концерт өтіп жатыр. Хедлайнерлер қатарында – Қайрат Нұртас, 6ellucci, TURAR, «МузАРТ» тобы, Алан Черкасов, Құрмаш Маханов, Еркеш Хасен және басқа да белгілі өнерпаздар бар.