• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2025

Ұлттық кітап күні: ой мен орам

660 рет
көрсетілді

Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Оқитын ұлт қалыптастыру жолын­да Мемлекет басшысы да бірқатар бастама көтеріп, тіке­лей назарында ұстап отыр. Үшінші Ұлттық құрылтайда бар­ша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырғаны да есте.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, Президент айтқандай, кітап оқырманға қолжетімді болуы ­керек.

Мемлекет басшысының «Ұлт­тық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес ­23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген еді. Биыл рухани мереке алғаш рет атап өтілмек. Атаулы датаның аясында ел ішінде қандай жобалар басталып, іс-шаралар атқа­­рылатынына зер салып көрдік.

Сонымен Ұлттық кітап күні аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар ілкімді жоба басталды. Атап айтсақ, алдағы мерекеде «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары анықталады. Дүбірлі додаға отандық жеке және заңды тұлғалар кейінгі екі жылда жарық көрген кітап­тарымен «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрын­дағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа» аталымдарында қатысты. Байқаудың Гран-при сыйлығы «Жыл кітабы» мазмұны мен баспа-полиграфиялық сапасы жағынан өте жоғары деңгейде дайындалған, сатылым көрсеткіші жоғары, жылдың ең үздік деген басылымына беріледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, кітап бәйгесінің жалпы жүлде қоры – 36 500 000 теңгені құрайды.

Сондай-ақ мерекеге орай елімізде кітап апта­лығы басталды. Апталық аясында әр күнінің тақырыптық айдары бекітіліп, ұлттық, рес­пуб­ликалық, облыстық және аудандық кітап­ханаларда үш жүз­ден астам іс-шара ұйым­дас­ты­рылады. Мәселен, күні кеше ғана республиканың түкпір-түк­пірінде кітап фестивальдары, open air, Ашық есік күні, кітап көрме-жәрмеңкелері өтті. Бұдан бөлек жергілікті авторларды таны­ту жобалары, «Кітапхана түні» акциясы, «Weekend. Book. Vibes», «Кітап. Тарих. Шежіре» күні ­(сирек және құнды, ерекше кітаптар), «Кітап – достық амбас­садоры» атты халықаралық басқосу жоспарланған. Иә, кітап оқу мәдениетін қоғамға кеңінен насихаттауда аталған іс-шаралардың идеологиялық маңызы зор.

Ал еліміздегі кітап өнімінің басылып шығу статистикасына келетін болсақ, былтыр Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына 231 баспадан 5620 кітап пен кітапшалардың міндетті данасы (жалпы таралымы 6 млн 238 мың 610) келіп түскен. Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, оның ішінде «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 169 аталым әдебиет (жалпы таралымы 255 мың дана) бар. Аталған әдебиеттер республикалық, облыстық жалпыға қолжетімді кітапханаларға таратылған.

«Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптардың ішінде Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс туын желбіреткен – Рақым­жан Қошқарбаев», «Сағадат Нұр-ма­ғамбетов – Халық қаһарманы №1» фото­альбомы, Фариза Оңғар­сынованың 85 жылдығына «Таң­да­малы шығармалары», Әкім Таразидің шығармалар жина­ғы­ның 13-томы, Бексұлтан Нұр­же­кеұлының «Таңдамалы шығар­ма­­лары», Софы Сматаевтың «Елім-ай», Төлен Әбдіктің «Таң­дамалы» 2-томы, Герольд Бель­гердің 2 том­дығы, Есенғали Рау­шановтың «Құстар – біздің досымыз», Әмірхан Бал­қы­бектің «Қатардағы өлең», Тыным­бай Нұрмағанбетовтің «Әңгіме­лер.Таңда­малы» 1-томы мен басқа да жас авторлардың шығар­ма­ла­ры бар», дейді МАМ Архив, құ­жат­тама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқар­ма­сы­ның басшысы Алмаз Мырзахмет.

Сондай-ақ оның айтуынша, аталған министрлік «Әдебиеттің әлеу­меттік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тара­ту» бағдарламасы аясында отан­дық қаламгерлердің жаңа шы­ғар­­маларына қаламақы төлеу жұ­мыс­тарын үйлестіреді. Мәсе­лен, былтыр 52 авторға қаламақы тө­ленген.

Министрліктің көрсеткен статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде оқырманның сөзсіз сұранысына ие кітап – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы екен. Жалпы, қазақ тілінде кітап шығару ісінің 200 жылдан астам тарихы бар. Қазақ баспасының шежіресі сонау 1800 жылы Қазан қаласында ашылған тұңғыш Азиялық бас­паханадан бастау алады. Қазақ тiлiндегi ең алғашқы кiтап – 1807 жылы жарық көрген «Сейфүл – Мәлiк» қиссасы.

«Ұлттық кітапхана қорындағы алғашқы қазақ кітаптары деп 1871 жылы жарық көрген Әбілғазы­ның «Түрік тұқымдас бектердің, хандардың шежіресі», 1871 жылы шыққан «Ер Тарғын» дастаны, сондай-ақ 1879 жылы жарық көрген Ыбырай Алтынсариннің «Начальное руководство к обу­чению киргизов русскому языку» атты еңбегін айта аламыз», дейді Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚазҰЭК кітапханасы ақпарат­тық жүйесінің жариялаған көр­сет­кіші бойынша ең белсенді оқыр­ман жастар екен (51%). Әрине, бұған дау жоқ. Ал 27%-ын­ про­фес­сор мен оқытушылар құ­ра­мы, мем­лекеттік қызметшілер және түрлі сала мамандары құ­рай­ды. Ал ең көп оқылатын әде­биет – сала­л­ық әдебиет (фило­со­­фия, меди­цина, математика, өнер, т.б.) – 69%, көркем әдебиет – 31%. Егер стати­с­ти­каға сүйе­не­тін болсақ, медицина туралы кі­тап­тарды – 23059, психология жайын­да – 6918, дін жөнінде – 2305, геогра­фия хақында 12105 оқыр­­ман сұраған. Көркем әдебиет кі­тап­хана оқырманы арасында да сұ­ра­нысқа ие. Көркем әдебиетті түр­лі жанрға бөліп қарастырсақ, романдар – 33%, детективтер – 19%, тари­хи беллетристика – 15%, қиял-ғажайып – 13%, шытырман оқиға – 12%, балалар әдебиеті – 8%.

Сонымен еліміздің жастары жылына орташа есеппен 10–12 кітап оқиды екен. Сүйіп оқитын кітаптар қатарында ХХ ғасыр мен қазіргі заманғы балалар жазу­шыларының шығармалары бар. Жастар арасында жауап берген респонденттердің көпшілігі кітапты көп оқитынын айтады. Мәселен, білім алу үшін – 55%, оқу­ды міндет ретінде қабыл­дай­тындар – 5%, кітап оқуды ұната­тын­дар – 40%. Тым жақсы да емес, тым жаман да емес нәтиже осындай.