«Мал ашуы – жан ашуы» дейді халқымыз. Күнкөрісі малға байланысты болған ата-бабаларымыздан қалған бұл нақылдың арқауында айдың-күннің аманында қолындағы түлігінен айырылған ауылдағы ағайынның жанайқайы бар.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылы қай өңірде болсын белең алған осы қылмыстың жалпы саны 5 636 болған екен. Малы қолды болған шаруалардың жанайқайы естір құлақтың бәріне жеткен еді. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымда Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесуі барысында мал ұрлығымен күресті күшейту қажеттігіне ерекше назар аударып: «Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деген еді. Бұған қоса Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне, өңірлердің әкімдеріне және жергілікті Полиция департаменттеріне мал ұрлығына қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, 2019 жылы елдегі мал ұрлығының саны 4 746-ға дейін азайды. Сол жылдың соңында Парламент Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» 188-1-бабын енгізді. Соған сәйкес мал ұрлағаны үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 11 млн 796 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасаған және ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау үшін ұрылардың мүліктерін тәркiлей отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Бірнеше рет мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiру арқылы жасалған мал ұрлау үшін мүлкiн тәркiлеп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін кінәлілердің мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мал ұрлығының асқынып кетуіне баукеспелермен бітімгершілік жолымен татуласу да теріс ықпалын тигізіп келген еді. «Айыбын мойындап, алдына келсе, атасының құнын кешетін» кеңпейіл қазекем талай «барымташыны» ұрлаған малын қайтарып, «ат-шапан айыбын» төлеп, кешірім сұраған соң түрмеге қаматпаған. Мәселенің осы жағы да ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 68-бабына тиісті түзету енгізіліп, татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға және бұрын жасаған қылмысы үшін татуласу арқылы жазадан босатылғаннан кейін белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтын болды. Бұған қоса мал ұрлаудың алдын алу үшін мал иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігі де ескерілді. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылғы 29 сәуірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №145 бұйрыққа қол қойды. Бұл құжатта мал иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейтіні және қараусыз жүрген мал оның иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамауға жататыны көрсетілген. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (биыл 11 796 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.
Осылайша, заңнаманың қатайтылуының септігі тиген болар, өткен 2024 жылы елдегі мал ұрлығы саны 1 051-ге дейін, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 5,4 есе, ал бұрнағы жылғымен салыстырғанда 30,9 пайызға азайған. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне жүгінсек, кейінгі 5 жыл ішінде мал ұрлығына қатысы бар 516 қылмыстық топтың құрамында әрекет еткен 3 905-тен аса адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Мал ұрлығының жартысынан көбі жайылымда жасалған. Жайылым ережелерін бұзудың 38,5 мыңнан аса фактісі анықталып, кінәлі адамдар әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда мал ұрлығына қарсы күресте тоқмейілсуге болмайды. Себебі кейбір өңірлерде мал ұрлау қылмысы азаймақ түгіл, көбейе түскен. Мәселен, Атырау облысында былтыр 34 мал ұрлығы болған, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға көп. Қостанай облысында да өткен жылы 32 мал ұрлығы жасалып, 3,2 пайыз «өсімге» жол берілген. Бірқатар өңірде осы қылмыс біршама азайғанымен, әлі де көп болып отыр. Мысалы, былтыр Алматы облысында – 217, Абай облысында – 120, Түркістан облысында – 117, Жетісу облысында – 101, Батыс Қазақстан облысында – 93, Павлодар облысында – 56, Ақмола облысында – 37, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында – 34-тен, Қарағанды облысында 32 мал ұрлау фактісі тіркелген. Осы келеңсіз құбылысқа қарсы пәрменді күрес жүргізіп отырған өңірлер ретінде Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын атауға болады. Оларда мал ұрлығы өткен жылы 3-ке дейін азайған.
Негізгі табыс көзі – төрт түлігі болып отырған ауыл адамдарына ауыр соққы болып тиетін осы қылмыс саны айтарлықтай қысқарғанымен, әлі де тыйылмай тұрғаны ойландырмай қоймайды. Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Қостанай облысының Торғай өңірінде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жайылымда жүрген жылқыларды аңша атып өлтіріп, сол жерде сойып, ішек-қарнын, терісін, басын қалдырып кетіп жүргені Қамбар ата түлігін қастер тұтатын жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызған. Әйтеуір, ар-ұяттан жұрдай баукеспелер әшкереленіп, «темір тордың арғы жағына» аттандырылып жатыр.
Кейбір сарапшылардың пікіріне қарағанда, мал ұрлығының тыйылмай тұрғанының бір себебі – сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған «барымташылардың» біреуі бар кінәні өз мойнына алып, сыбайластарын жазадан құтқарып жіберетіндігінде. Сөйтіп, қылмыскер 3 жылға сотталып, осы мерзімнің жартысын өтеген соң шартты түрде бостандыққа шығып жатады. Ал ұсталмаған ұрылар өз «кәсіптерін» жалғастыра береді. Бұл ретте «жең ұшынан жалғасқан» жемқорлық иісі де мүңкіп тұрады.
Жақында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев Іші істер министрі Ержан Саденовтің атына депутаттық сауал жолдап, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы тұрғындарының мал ұрлығына байланысты Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болғанын айта келіп: «Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Барымташылар Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де өздерін емін-еркін сезініп, жұрттың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын «полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай іздемейді», деп налиды. Мүмкін ұры мен полиция сыбайласқан ба? Баукеспе ұрылардың барымтасынан зардап шеккен ағайынның пікірі осындай», деді.
Ішкі істер министрлігі депутаттық сауалға жедел жауап беріп, Шыңғыстай ауылы тұрғындарының қаққан дабылы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, мал ұрлығын жасады деген күдікпен Қатонқарағай ауданының екі тұрғыны ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады. Бұған қоса аталған ауданға Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның қызметкерлерінен құрылған топ қосымша тексеру үшін жіберілетінін мәлімдеді.
Қалай болғанда да ауылдағы ағайынның маңдай терін төгіп өсіріп отырған ақадал малын оңай олжа еткісі келетін ұры-қарылармен күресті күшейте түсу керек. Мал ұрлауға қатысты қолданыстағы заңнаманың орындалуына жан-жақты талдау жасап, оның тиімділігін арттыру шараларын қабылдау да қажет сияқты.