• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 19 Сәуір, 2025

Шаруаларға дем беретін кәсіпорын

0 рет
көрсетілді

Көкшетаудағы «ҚазАгроМаш» зауыты ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қажетті құрылғыларды шығарады. Зауыт өнімі ақық дән өсіретін алқаптарда тәжірибеден өтіп, саладағы сұранысты өтеп отыр.

Өндірістің бастау көзі – «ҚазАгроЭкспорт» дилерлік компаниясы. Компания аймақта 2011 жылдан бастап табысты жұмыс істеп келеді. Ал таза отандық өндіріс ошағы – «ҚазАгроМаш» зауыты 2023 жылдың мамырынан бастап өз өнімін шығара бастаған. Аз уақыттың ішінде өнім  сапасы арқылы кірпияз көңіл диқандардың сеніміне ие болды.

Уақыт  өте келе, тұтынушылар қатары да молайып келеді Зауыт директоры Виталий Борконың айтуына қарағанда, отандық өндірістің өрге басуы мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде субсидияның арқасы. Әуел бас­та алыс-жақын шетелдерден да­йын техниканың бөлшектерін әкеліп, жинап, сатумен айналысқан дилерлік компания отандық өндірісті өрістетуді тиімді деп тапқан. Осындай оймен өз өнімдерін шығаруды қолға алған. Өндірістік алаңдарды,  инженерлік инфрақұрылымдарды салу үшін «ҚазАгроЭкспорт»  серіктестігінің қорынан қомақты қаражат бөлінген. Өндірістік алаңдар талапқа сай болғаннан кейін осы заманғы жаңа технологиялық құрылғылар мен әрқилы станоктардың қажеттілігі туындаған. Міне, осы кезде «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша несие алған.

Өндірістік базаның жалпы көлемі төрт мың шаршы метрді құрайды. Алаңның бар телімі кәдеге асып тұр. Алдымен құрылғыға қажетті металл өңделеді. Зауыт негізінен топырақ өңдейтін агрегаттарды шығарады ғой. Оның ішінде өтімдісі, сұранысқа иесі кәдімгі соқалар. Негізінде зауытта бес өндірістік алаң бар. Олардың барлығы озық технология бойынша жабдықталған. Мәселен, Германия құрылғылары сапасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ Чех, Қытай, Ресей желілері де мамандардың көңі­лінен шығып тұр. Дәнекерлеу цехында құрылғы соңғы өңдеуден өтіп, келесі алаңға жол тартады. Бұл жерде тазартылып, сырланады. Бар жұмыс толайым аяқталған соң сату алаңына шығарылады. Алаңға көз салсақ, үлкенді-кішілі топырақ өңдейтін құрылғылардың түр-түрі толып тұр. Диқанның қолындағы техниканың күш-қуатына байланысты кез келген құрылғыны ала аламыз.

– Біздің жұмысымыз ұжымның ынтымағымен іске асады, – дейді Виталий Александрович, – ең бастысы диқан еңбегінің нәтижесі. Егер олар өздерінің адал еңбектеріне сай мол өнім алып жатса, материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүм­кіндігі болады ғой. Міне, осы кезде біз­дің зауыттың өнімі де өтімді бол­мақ. Жақсы өнім алу үшін егіс­тік алқаптардың озық технология бойынша өңделуі басты талап. Біз әрине, жұмысымызды мейлінше жетілдіргіміз келгенімен, алқаптағы ахуалды жете білмеуіміз де мүмкін. Осы өңірдегі топырақтың өзі әрқи­лы емес пе? Кей жер таза қара топы­рақты болса, кей аудандардағы алқап­тардың ахуалы басқаша. Сон­дық­тан, тереңірек жырту, көбірек қоп­сы­ту, ылғал жабу деңгейі әрқи­лы. Демек, қолданылатын құрыл­ғы­лар да осы талаптарға сай бо­луы керек. Әр кезде ауыл шаруашы­лы­ғы құрылымдарының өтінішін қалт жі­бермей, жетілдіріп отыру мін­деті осыдан туындайды. «ҚазАгроЭкспорт» серіктестігінде сервис­тік қызмет көрсе­ту жүйесі бар. Олар ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарына қызмет көрсете отырып, нақтылы тәжірибеге сараптама жасап, ұсыныс әзірлейді.

Зауыт директорының айтуына қарағанда, бұл жер кейбіреулер айтып жүретіндей бар тетігін шетелден жеткізіп, осында құрастыратын кәсіпорын емес, өз еліміздің өнімі. Ал қажетті материалдардың елу пайы­зы отандық кәсіпорындардан алынады. Өндіріске қажетті металдың негізгі бөлігі Теміртаудан жеткізіледі. Тек біздің елде жоғы ғана Ресейден тасымалданады. Зауыт мамандары металдың сапасына айрықша көңіл бөледі. Түпкілікті өнімнің беріктігі де осыған байланысты емес пе? Сондықтан жоғары сапалы 45-маркалы болатты пайдалану қолға алынған.

Бір жақсысы, компания өз зауыттарында бұрын шетелден жеткі­зілетін құрылғылар тәрізді өнім дайындауға ұмтылып отыр. Бұл жағы көкейге қонады. Ауыл шаруашылығы үшін қажетті, бір қарағанда тым қарапайым болып көрінетін жер өңдейтін құрылғыларды шетелден тасымалдау тым қымбатқа түсер еді. Кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, нарық айдынын қамтуға тырысып келеді. Ай сайын зауыт цехтары 150 түрлі құрылғылар шығарады. Оның ішінде кәдімгі борана, топырақты нығыздайтын сүйретпе дөңгелектер, соқаның бірнеше түрі.

2024 жылы кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастады. Топырақ қопсытқыштың ауқымы 11-15 метрге дейін жетеді. Жұмыс өнімділігі үшін бұл да қажет. Ең бас­тысы, жомарт жердің бабын табуға септігін тигізбек.

– Кешегі кеңес заманында ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін өте қажетті осындай құрылғылардың түр-түрі болды. Әттең өтпелі кезеңде сол көк темірдің барлығын металл жинайтындар тауысып бітірді. Қазір науқандық жұмыс кезінде осы көне құрылғылардың біреуін жамап-жасқайын десең, бір қарыс темір таба алмайсың. Жаңа құрылғылар жақсы. Мамандар кәсіпорын басшыларына тәжірибеден өткізген кезде өтініштерін айтып, жетілдіріп отырады. Мәселен, топырақ қопсыт­қыштың тереңдеп алуы қажет. Ол үшін әрине, салмағы да болуы керек. Міне, осындай кейбір жайлар жетілдірілгеннен кейін өнім сапасы арта түскендігі байқалады, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов.

Кәсіпорын конструкторлары дала сырын жақсы білетін диқандардың ақыл-кеңесін тыңдай отырып, ауқымы 11 және 15 метрлік топырақ қоп­сытқышты жетілдіргеннен кейін желілік өндіріске қойған. 12-18 метрлік тегістегіш – егіс алдында қол­дану үшін таптырмайтын құрал. Ең бастысы, нығыздалған топы­рақ бойындағы ылғалды сыртқа шы­ғар­май, буландырмай ұстап қалады. Топырақ қызған соң ылғалды жерге сіңірілген тұқым тез көктеп шығады әрі біркелкі өседі. Зауыттағы мамандардың айтуына қарағанда, ең маңыздысы, диқандар үшін тиімді болғаны. Өткен жылы зауытта өндірілген құрылғыны жетілдіру үшін тура астықты алқаптан қайтарып әкеліпті. Кем-кетігінің бәрін жөндеп, қайтарған. Тұтынушы разы. Міне, осындай істің нәтижесі мол болары сөзсіз.

Бүгінде зауытта 86 адам жұ­мыс істейді. Орташа еңбекақы 300 мың теңге көлемінде. Тәп-тәуір еңбекақы. Әйтсе де кадр мәселесінде қиыншылық бар. Әсіресе машина жасау саласындағы конструкторлар қасқалдақтың қанындай қат. Амалсыздан өзге өңірлерден мамандар шақырылып жатыр. Зауыт басшылығы облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен келісімшарт жасаған. Техникалық білім беретін колледждермен бір­лесіп дуалды оқыту жүйесін жол­ға қойған. Алдағы уақытта бұл мәсе­ленің шешілуіне ықпал ететін барлық тетіктер қарас­тырылып отыр.

Зауытқа орналасу үшін жұмыс­шы­лар­дың бойындағы табиғи икем мен тәжірибеге көбірек көңіл бөлі­неді. Мәселен, дәнекерлеушінің өз ісін қаншалықты білетіндігін цех мең­герушісі електен өткізеді. Құрыл­ғы­дағы дәнекерленген жер­лер­дің ізі мен беріктігі сыналады. Бүгінде дәнекерлеу цехында 16 адам жұмыс істесе, олардың тоғызы жас маман. Демек, сабақтастық бар.

Астықты өңірдегі ахуалға бірша­ма әсер ете алатын ұжымның аяқ алы­сы нық. Ал болашаққа деген жос­­па­ры тіпті қомақты. Ең бастысы, бере­ке­нің бастауына белсене үлес қоспақ.

 

Көкшетау