• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет 22 Сәуір, 2025

Еревандағы еліміздің мәдени күндері

30 рет
көрсетілді

Армения Республикасында өткен Қазақстанның мәдени күндері аясында Арам Хачатурян атындағы концерт залында отандық өнерпаздардың гала-концерті өтті. Ауқымды мәдени іс-шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереван қаласына жасаған ресми сапары барысында Мемлекет басшылары арасындағы келісімдер нәтижесінде ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Қазақ­стан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, ресми делегация басшысы Аида Балаева, Армения Респуб­ли­­ка­­сының Білім, ғылым, мәде­ниет және спорт министрі Жанна Андреасян, Қазақстан Республикасының Армения­­­­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Болат Иманбаев, сондай-ақ армян зиялы қауымы өкілдері, дипломатиялық корпус, шығар­машылық одақтар, қазақ диас­порасы, ғалымдар, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

«Бүгінгі игі іс-шара – Мем­лекет басшыларының достық қарым-қатынасы мен екі ел ара­сындағы стратегиялық әріп­тестіктің жемісі. Біздің бүгінгі кездесуіміз қасиетті Пасха мере­кесімен тұспа-тұс келіп отыр­ғанын атап өткім келеді. Бұл да – достық пен бірліктің, жанашырлық пен мейірімге бастайтын ізгіліктің символы. Алдағы уақытта елдеріміз арасындағы байланыс берік әрі нәтижелі боларына сенемін. Себебі өнер мен мәдениетте ешқандай шекара болмайды. Мәдениет елдерді біріктіреді, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің негізін қалайды. Ортақ құндылықтар мен шығармашылық байланыс – бейбітшілік пен достық­тың мызғымас дәнекері», деді А.Балаева құттықтау сөзінде.

Гала-концерт бағдарламасы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Онда халық әндері мен заманауи композиторлардың туындылары, қазақстандық эстрада, классика мен фольклор үндесіп, үйлесім тапты. Сахна төрінде аты аңызға айналған әнші, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Александр Беляков пен Әйгерім Бекетаева, «HasSak» этнофольклорлық ансамблі, «Бірлік» би ансамблі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Асқар Мұқият және басқа да әртістеріміз өнер көрсетті.

Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері аясындағы іс-шараларға 3 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ қос елдің министрлері – Аида Балаева мен Жанна Андреасян арасын­да екіжақты кездесу өтіп, мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәсе­лелері талқыланды. Іс-шаралар бағдарламасында қазақстандық фильмдер көрсетіліп, Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті.

Бұған қоса, Қазақстанның ресми делегациясы түрлі салалар бойынша армян әріптестерімен кездесулер өткізіп, ақпарат, музей және кітапхана ісі, кино­өн­діріс салаларындағы ынтымақ­тас­тықтың келешегі, бірлескен бас­тамалар жөнінде пікір алмасты.

Айта кетейік, Қазақстан мен Армения арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастар орнаған уақыттан бері мұндай ауқымды мәдени іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Еске салсақ, бұған дейін 2024 жылдың қазан айында Астанада Армения мәдениеті күндері өткен еді.