Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қолдауымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты І халықаралық көктемгі мектеп өз жұмысын бастады.

Аталған іс-шара Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылып отыр. Көктемгі мектепке БАҚ өкілдері, баспа саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ Қытай, Ресей, Моңғолия, Бангладеш, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінен келген студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысып жатыр.
Көктемгі мектеп барысында медиамәтінді редакциялау технологиялары, медиадизайндағы жаңашылдық, кітап индустриясындағы жасанды интеллектің рөлі, фактчекинг және ақпаратты верификациялау, медиаэтика мен медиасауаттылық, сондай-ақ digital журналистиканың өзекті мәселелері талқыланып отыр.
Бағдарлама аясында халықаралық ұйым өкілдерінің, танымал баспа мамандары мен журналистердің шеберлік сыныптары өтті.
Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталады.
Ұлттық кітап күні мерекесіне орай бекітілген апталық аясында 17 сәуір – «Сөз өнеріндегі өлкетану» күні болып белгіленген еді. Еліміздің барлық өңірінде жергілікті авторлармен кездесулер, автограф сессиялары, өлкетану бағытындағы кітаптардың таныстырылымы ұйымдастырылып, пікір алмасу, талқылау алаңдары өткізілді.
Соның ішінде Жезқазған қаласында Айнұр Қожахметтің «Мерей» кітабының тұсаукесері, Ақтөбе облысында Оразақын Асқардың 90 жылдығына орай «Кітап – бала жанының бағдаршысы» атты поэзия кеші, Түркістан қаласында «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» тақырыбында жергілікті қаламгерлермен кездесулер өтті.