23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында еліміздегі алғашқы цифрлық кітапханалық жүйе «QazaqMura»-ның негізін қалаушы және ең ауқымды кітап фестивалінің бірі – «Kitap Fest»-тің құрылтайшысы Жұлдыз Омарбекке хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Цифрландыру жайлаған ақпараттық дәуірде кітапханалар қандай бағытты көздегені дұрыс?
– XXI ғасырда кітапханалар назар аударту, кітап оқу үшін ғана емес, білім сапасы, ойлау тереңдігі және ақпарат көздеріне деген сенім үшін күрестің алдыңғы шебінде тұр. Өйткені қазір ақпараттық шу артып, дереккөздер құнсызданып кетті. Әр адам бір мезгілде автор, редактор және таратушы бола алатын заманда кітапхана шындық сүзгісі рөлін атқаруға тиіс. Бұл сындарлы ойлау мен ақпараттық гигиена мәдениетін насихаттауды талап етеді.
Екінші, пассивті режімнен белсенді өзара әрекеттесу форматына көшу. Кітапханадағы цифрландырылған қорлар – алғашқы қадам қана. Маңыздысы – оқырмандарды, әсіресе жастарды, осы материалдарға қайта оралуға ынталандыру. Бұл интерактивті форматтар арқылы мүмкін: цифрлық көрмелер, визуалды навигаторлар, ойын платформалары, подкастар және білім медиажобалары.
Үшіншіден, оқырманға цифрлық білімнің орталығы адам екенін түсіндіру қажет. Технологиялар – құрал ғана, мақсат емес. Кітап, кітапхана әрқашан гуманистік бағытқа үндейді. Цифрлық дәуірде ол ұрпақтар арасындағы диалог, ғылыми ізденіс және мәдени өзіндік сәйкестіктің кеңістігі болып қалуға тиіс.
– Дәстүрлі кітапхана мен цифрлық игіліктердің арақатынасы туралы не деуге болады?
– Бұлар органикалық одақ болуға тиіс. Оқу залы VR-архивпен қатар өмір сүре алады. Кітапханалық каталог тізім ғана емес, визуалды және интеллектуалды карта болуы керек. Олардың қатарына лекциялар, подкастар және бейнемазмұндармен медиаплатформалар кіріктірілсе, құба-құп. Бұл жерде технологиялар кітапхананың әлеуетін толық ашатынын көрсетуге тиіс. Сонда әрқашан адам және оның білімге деген жолы алдыңғы орынға шығады.
– Мұның бәрін халықаралық тәжірибелерге сүйеніп айтып отырсыз ғой? Қазір қандай тәжірибелер қолайлы?
– Мен АҚШ, Канада, Финляндия, Эстония, Қытай, Франция, Ұлыбритания кітапхана жүйесін зерттедім. Олардың басты артықшылығы – икемділік және кітапханашылардың кәсібилігіне деген сенім. Біз бейімделе алатын тәжірибелердің қатарында:
цифрлық білім платформалары; көпмәдениетті және көптілді каталогтер; халықаралық кітапхана желілері мен ғылыми хабтарға қатысу; кітапханашыларды заманға сәйкес оқыту және кәсіби деңгейін, әлеуметтік мәртебесін көтеру тұр.Бұлар технологиялар ғана емес, мәдени көпірлер. Қазақстан әлемдік кітапхана экожүйесі интеграциялануға тиіс.
– Дәл қазір кітапханалардың мәдени және білім ықпалын арттыру үшін қандай стратегия тиімді?
– Мен «3К» стратегиясын ұсынамын, ол кітапханалардың жұмыс негізіне айналуы мүмкін. Мәселен былай:
Контент – ұлттық, сенімді, әртүрлі, заманауи форматтарды қамтитын (аудиокітаптар, подкастар, стримдер); Кооперация – университеттермен, мектептермен, ғылыми орталықтармен және медиамен серіктестік; Комьюнити – кітапхана айналасында тірі қауымдастық құру: жас зерттеушілер, авторлар, студенттер, оқытушылар. Сонда жоғарыда сөз етіп отырған тәжірибелер жүзеге асады.– Алматыда Орта Азиядағы ең ірі Президенттік кітапхананың құрылысы басталды. Мәселен, сіз осы жаңа нысанды қалай елестетер едіңіз?
– Президенттік кітапхана – жаңа мекеме ғана емес, ұлттың мәдени және интеллектуалды орталығына айналса, құба-құп. Ол жаңа кітапханалық құндылықтарды жүзеге асыруымен ерекшеленуге тиіс. Ең бірінші, ашықтық күтемін. Ашықтық пайдаланушыларға, серіктестіктерге ғана емес, сондай-ақ тың идеяларға да сондай көзқарас керек. Сонымен қатар дәлдік, бұл – қоғамның ақпараттық иммунитетінің кепілі. Сонда мазмұнның, форматтардың және мағыналардың тұрақты дамуы өзінен өзі жүзеге асады.
Егер ақпараты арзан, ал шындығы сирек кездесетін заманда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, басты міндет – білімге деген сенімді қайтару. Президенттік кітапхана дәл осы сенімнің тірек нүктесіне айнала алады. Ол тексерілген контент ұсынып қана қоймай, талдау мәдениетін, саналы оқу дағдысын дамытып, іргелі орын ретінде қалыптасатын үлкен мүмкіндік дер едім.
– Ал болашақтың кітапханасы ше?
– Ол да осындай – ұлттың мәдени кодын цифрлы түрде шарлауға мүмкіндік беретін зияткерлік торап орталығы.
Әңгімелескен –
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»