Әдебиетіміздің ұлы Абайдан басталған ұзын-сонар көші бар. Сол көштің ең бір ілкімді де ірілер шоғырланған кезеңі 60-жылдар болатын. Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділ, Әкім Тарази ілескен айтулы көш еді бұл. Сол көштің ақыры болып Әкім ағамыз да өзінің ұлы жолына түсіп, бақилыққа бет алыпты.
Бұл көшке ілескендер қазақ әдебиетінің қоржынына ұлан-ғайыр олжа салды. Соның бірі – енді мәңгілікке айналған Тарази қаламынан туындаған шығармалар.
Жас күнімізде қаламдас достар бір-бірімізді іс-әрекетімізге орай танымал қаламгерлердің татымды туындыларына теліп атау үрдіске енген болатын. Бұл – Тарази туындыларының сахна төрінде маздап жанып, көрермен көкірегін жылытып тұрған шағы еді. Біреулер «Жолы болғыш жігіт» атанса, біреулер «Жақсы кісі», ал енді біреулер «Лайнер» деген атқа ие болып шалқып жүрді. Біз осылайша қаламгер кейіпкерлерін өмірден іздеп табатынбыз. Жазушының театр мен кинодраматургия саласындағы еңбегі орасан. Ол ұзақ сөз.
Ә.Тарази Мұстафа Шоқай тақырыбына батыл қалам тартты. Түркістан бірлігі деп өткен азаматтың бейнесін кемелденген социализм кезеңінде шынайы бейнелеп, ерлік көрсетті. Алғаш дегеннен шығады, Ф.Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын да алғаш қазақ тілінде сөйлетті.
Әуелі Сайын өзі жазған «Арғы-бергі жолмен» мәңгілікке аттанса, Қалихан «Қоңыр күзде» қол бұлғап кетті. «Ертістің мұхитқа құйғанын» суреттеп, Рамазан да соңдарынан ілесті. «Соңғы көшті» шығарып салған Қабдеш те соңдарынан жол тартты. Енді топыраққа «Тұлпардың ізін» қалдырып, Әкім аға да аттанып барады. Ол да айтулы көштің ақыры болып үйірге барып қосылар. Онда да әдебиет деген әлем әңгіме болмай қалмас. Өйткені әдебиетті жетілдірген өздері емес пе?
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты