Орал қаласында бопсалаумен айналысқан бір топ адам ұсталды. Бес күдіктінің төртеуі – колледж студенттері, деп хабарлайды Egemen.kz Батыс Қазақстан облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға былай болған: алдын ала мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші әлеуметтік желіде танысуға арналған арна арқылы бір қызбен сөйлескен. Хат алмасу кезінде қыз оны өз үйіне кездесуге шақырған. Алайда көрсетілген мекенжайға келген кезде, пәтерге белгісіз үш жігіт баса-көктеп кіріп, жәбірленушіні сыртқа шығарып, өздерін қыздың ағасы ретінде таныстырып, қорқытып ақша талап еткен.
Қорыққан жәбірленуші телефонын күдіктілердің біріне берген, ол банк қосымшасы арқылы өзінің шотына ақша аударып алған.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері осы оқиғаға қатысқан адамдарды түгел анықтады. Қазір олар тұтқынға алынып, бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жоғарыда айтылғандай, бес күдіктінің төртеуі — Орал қаласындағы колледж студенті, олардың бірі — сол кездесуге шақырған қыздың өзі. Полиция тергеу жұмысын жалғастырып жатыр.