Елорда төрінде Тимур Дулатовтың «90+1» кинокартинасының жабық көрсетілімі өтті. Туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «SBA Enterprise» кинокомпаниясы түсірген.
Елімізде футбол тақырыбында түсірілген алғашқы кинокартинада басты рөлдерді Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және блогер Артур Асқарұлы ойнайды.
«Бұл жоба 2023 жылы ұйымдастырылған киножобалар питчингінде іріктеліп, өндірістік жұмыстары өткен жылы аяқталды. Ал биыл кең көлемде көрермен назарына ұсынылып отыр. Біз бұл фильмді отандық киноөндірісті дамыту мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау ісіндегі маңызды қадам деп есептейміз. Фильмнің мақсаты – елімізде спортты дамыту мәселесін көтеру ғана емес, сонымен қатар табандылық пен жігердің маңызын ашып көрсету. Жастарға жол көрсетіп, мотивация сыйлау киноның өзегіне айналған», деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильм сюжетіне келсек, басты кейіпкердің ата-анасы жол апатына ұшырап, оған отбасының тірегі әрі сүйеніші болуға тура келеді. Футбол десе, жанын беретін жігіттің бала күнгі арманынан қол үзгісі жоқ. Туынды шытырманға толы хикаяға негізделген.
«90+1» – бұл тек спорттық драма емес. Бұл – жастарға арналған мотивациялық кино. Біз қандай қиындық болсын, арманға жетуге болатынын көрсеткіміз келеді. Бұл – ата-аналарға да «балаларыңызға сеніңіздер, қолдау көрсетіңіздер!» деген үндеу», деді фильмнің сценарисі Қуаныш Керімқұлов.
Аталған фильм 24 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде кең көлемді прокатқа шығады.
Сондай-ақ биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен бірқатар маңызды отандық киножоба жарыққа шығады. Олардың қатарында лудомания мәселесін қозғайтын «Игроманка», 2011 жылы Тараз қаласындағы теракті кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» және «Күзгі самал» атты әлеуметтік-драмалық фильмі бар.