• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2025

Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек - Тоқаев

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөз сөйлеп, елдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтардағы жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Ол былтыр Түркістан қаласында жаңа Достық үйі ашылғанын тілге тиек етіп, дәл осындай орталықты халық тығыз қоныстанған Алматы облысында да салуды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ғимарат өңірдің қоғамдық өмірінің маңызды орталығына айналуы тиіс.

Сонымен қатар Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да этносаралық қатынастар белсенді дамып жатқан аудандарда Ассамблея бөлімшелерін ашу қажеттігін айтты. Достық үйлері алдағы уақытта басқа да қала және аудан орталықтарында да ашылмақ.

«Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек», Мемлекет басшысы.

Президент сонымен қатар барлық өңірлердегі Достық үйлерін туристік бағыттар картасына енгізу қажет екенін атап өтті. Бұл орындар еліміздің азаматтары үшін ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де тартымды болуы тиіс.

«Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына енгізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Мемлекет басшысы сессия барысында ақпараттық кеңістікте этносаралық бірлік пен келісімді насихаттаудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл Ассамблея құрылымдарының, әсіресе, журналистер клубының басты міндеттерінің бірі болуы тиіс. Салалық министрліктер мен өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін әзірлеуі қажет.

Президент сондай-ақ, этностардың ана тілінде жарық көретін өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын жүйелі түрде қолдау керек екенін айтты. Бұл шаралар этносаралық келісімді нығайтып, мәдени әралуандықты сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін барынша пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол Қазақстанда Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов сынды әлемдік деңгейдегі тұлғаларға арналған музейлердің жұмыс істейтінін, олардың ел мәдениетінің баға жетпес бөліктері екенін айтты.

Президент бұл музейлердің көрмелерін Астана, Алматы және басқа қалаларда ұйымдастырып, кеңінен насихаттау қажет екенін ұсынды. Сонымен қатар, кейбір этномәдени бірлестіктердің жинаған этнографиялық және өнер туындыларының жеке коллекциялары да Қазақстанның мәдени мұрасына айналуы тиіс.

«Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс. Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.