Ұлттық кітап күні қарсаңында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жас көрерменге ерекше сый тартты. Әлемге әйгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің балалар әдебиетіндегі жауһары саналатын «Кішкентай сиқыршы» повесінің желісімен сахналанған «Орман ғажайыптары» атты жаңа қойылымның премьерасын ұсынды.
Балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма – жақсылық пен зұлымдық, батылдық пен мейірім, адалдық пен ізгілік тақырыптарын қозғайтын ойлы дүние. Ертегі кейіпкерлерінің сахнаға шығуы – кітапқа деген сүйіспеншілікті жаңа деңгейге көтерудің сәтті үлгісі болғандай.
Спектакль режиссері – Антон Зайцев. Оның шығармашылық жетекшілігімен театр репертуары «Ана жүрегі», «Абай. Мен бір жұмбақ адаммын...» «Үйшік», «Бауырсақ» сияқты басқа да қойылымдармен жаңа тыныс алып, заманауи режиссерлік шешімдер мен тың шығармашылық бағыттар арқылы жаңаша түрленіп, өзгеше лепке ие болды.
Ал қойылымның сахналық көркемдеуін жасаған – Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина. Оның бейнелік шешімдері мен сахналық кеңістікті тани білетін кәсіби талғамы спектакльдің эстетикалық деңгейін айрықша биікке көтереді. Қойылымның музыкалық әлемін композициялық үйлесіммен әрлеген – Андрей Долгоруков, ал сахналық қозғалыс пен пластикалық көріністерді хореографиялық тәсілдер арқылы мазмұнды еткен – Арыстан Түйжанов.
Ертегіде 15-тен аса түрлі қуыршақ түрі сахнаға шығады. Жас көрермен планшетті, тросты, паркетті, бойлы сынды сан алуан қуыршақ түрлерінің сиқырлы әлеміне еніп, әр кейіпкердің болмысы мен мінезіне терең үңіле алды. Әр қуыршақтың өзіндік пластикасы мен бейнелік шешімі арқылы спектакль көркемдік тұрғыдан байып, көрушіге ерекше эстетикалық әсер сыйлады.
Сондай-ақ премьера аясында Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп кітап көрмесі ұсынылды. Аталған көрме жас көрерменнің кітап оқуға қызығушылығын оятып, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру, олардың рухани дамуына жол ашуды мақсат етеді.