• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Сәуір, 2025

Алғашқы мереке, ауқымды жоба

90 рет
көрсетілді

Кітап қай заманда да мәдениет­тің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттілік­тің белгісі, кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Рухани, мәдени имму­­нитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөз­сіз. Оқитын ұлт қалыптас­тыру жолында Мемлекет басшысы бір­қатар бастама көтеріп, тікелей назарында ұстап отыр. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында барша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырғанына дүйім жұрт куә.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқ­саныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың не­гізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітап­ханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, ең алдымен кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.

«Мысалы, көптеген мемлекет Ұлт­тық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олар­дың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шара ұйымдастырып, арнайы­ жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мә­нінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша ор­нықтыруымыз керек», деген еді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің «Ұлттық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені маз­мұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, рухани мереке биыл алғаш рет кең көлемде атап өтілді. Атаулы датаның аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей бастамасымен әр өңірде түрлі ілкімді жобалар басталып, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған «Ұлттық кітап» республикалық байқауын атап өтеміз. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиында дүбірлі доданың жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Мерекелік кешке Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, басқа да қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен депутаттар қатысты.

Байқауға кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың кітаптары ұсынылып, тоғыз аталым және Гран-при бойынша жеңімпаз анықталды.

Сонымен, елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған кітап додасында «Бала­ларға арналған үздік кітап» ата­лымында 1-орын «ATA Creative Hub» баспасына («Тау құсы», авторы Елдос Тоқтарбай), 2-орын «Көкжиек-Горизонт» баспасына («Көйлек киген көбелек», авто­ры Бекен Ыбырайым), 3-орын «Дарын­ды бала» орталығына («Дарынды бала әлемі. Әлем халық­тарының ертегі­лері») бұйырды. Ал «Үздік комикс» жанрында 1-орынды «Khan Comics» бас­пасы («Еркетай комикс»), 2-орынды «Steppe&World» баспасы («Саққұлақ»), 3-орынды «НЗМ» ДББҰ («Қазақ хал­қы­ның күй-аңыздары») иеленді. Сондай-ақ «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа» аталым­дарында оза шапқан туындылар белгілі болды. Ал байқаудың негізгі сыйлығы – Гран-при «Жыл кітабы» аталы­мында «Алматыкітап» баспасы ұсынған «Қазақстан тарихи тұлғалары» сериясы жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, кітап додасына жалпы саны 120 өтінім келіп түскен. Жүлде қоры – 41,5 млн теңге. Әр аталым бо­йынша 1, 2, 3-орын иегерлері ақшалай сыйлықпен марапатталса, «Жыл кітабы» аталымының иегеріне 5 миллион тең­ге көлемінде сыйақы табысталды.

«Биыл біздің баспамызға – 25 жыл толып отыр. Осы орайда Ұлттық кітап күні қарсаңында баспамыз «Жыл кітабы» аталымын жеңіп алды. Бұл тек баспа ұжы­мының еңбегі ғана емес, кітапқа, сөзге, ұлттық құндылықтарға деген шынайы сүйіспеншіліктің мойындалуы деп ойлаймын. Осы жеңіс үшін ерекше алғысымыз – баспамыздың не­гізін қалаушы, шабыт беруші, «Менің Қазақстаным» сериясының авторы әрі идея авторы – Элеонора Баталоваға арналады. Бүгінде бұл серияда 100-ге жуық кітап жарық көрді, оның ішінде осы марапатталған еңбектер де бар. Пре­зидент бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні – жай ғана әдеби іс-шара емес, еліміздегі бүкіл баспа сала­сының мемлекеттік деңгейде танылған маңыздылығының айғағы. Осы ретте кітапқа деген шынайы ықыласы мен әрдайым көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға алғыс айтамыз», дейді «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева.

«Жыл кітабы» атанған еңбектердің қатарында «Абай – мәңгілік тұлға», «Ыбы­­­рай – даланың таза бұлағы», «Шо­қан – Шы­ғыс­тың жарық жұлдызы», «Ахмет – Алаш­тың ардақтысы» атты туындылар бар.

«Баспагерлердің саны көбейді, кітап саны да көбейіп жатыр. Кітап шығару қазір трендте. Жазушыларымыз да шабыттана жазып жатыр. Бұл өте жақсы көрініс. Мемлекет тарапынан күте­­тініміз, кітап оқыту идеологиясы күшейтілсе екен дейміз. Баспамыз бала­ларға арналған әлем әдебиетінің туын­дыларын қазақ тіліне аударып шығарады. Соңғы 5 жылда 150-ден астам кітап басып шығардық. Шамамен, 80 пайыз балаларға арналған болса, 20 пайыз ересектерге арналған көркем әдебиет», дейді баспагер Раиса Қадыр.

Дүбірлі додада жеңімпаз атанған «Көкжиек-Горизонт» баспасы «Ұлттық кітап» байқауындағы жүлдесін Астана қаласындағы Балалар паллиативті көмек орталығына аудармақ екен.

«Барша елімізді Ұлттық кітап кү­німен құттықтаймын. Биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған іс-шара өте жо­ғары деңгейде ұйымдастырылды. Жал­пы, осы күнді атаулы мерекеге айнал­дырған Мемлекет басшысына ерекше алғыс айтамыз. Бас­памыз байқауда екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Бұл қаржыны Астана қаласындағы Балалар паллиативті көмек орталығына аударамыз. Біздің ұжым үшін мұндай игі қадам үлкен мәртебе», дейді «Көкжиек-Горизонт» баспасының басшысы Аида Оразаева.

Сондай-ақ салтанатты жиын аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңіс­тің 80 жылдығына арналған әде­биет­тер, сондай-ақ былтыр мемлекет­тік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен суреттер көрмесі ұйым­дастырылды.

Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай министрліктің бастамасымен ­16-23 сәуір аралығында республика бо­йынша 300-ден астам тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Одан бө­лек әлеуметтік желілерде кітап оқу мәде­ниетін насихаттауға бағытталған челлендж өтті. Оған алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.