• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Сәуір, 2025

Caspi Bitum зауытында битумның бірінші партиясы өндірілді

30 рет
көрсетілді

Ақтаудағы «Caspi Bitum» БК» ЖШС-да (ҚазМұнайГаз ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) жаңғырту жобасы аясында алғашқы маңызды нәтижеге қол жеткізілді. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары шеңберінде 740 тонна жол битумының бірінші партиясы өндіріліп, сапа паспорты алынды. Бұл жаңартылған өндірістік қуаттардың жұмысқа толық дайындығын көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауқымды жаңғырту жобасы ЭЛОУ-АВТ мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысын жетілдіруге бағытталған. Негізгі мақсат – мұнай өңдеу көлемін жылына 1,5 миллион тоннаға дейін арттыру. Осы мақсатта жаңа технологиялық жабдықтар орнатылып, ескілері алмастырылды.

«Маңызды кезеңдердің бірі — наурыз айында биіктігі 40 метр және салмағы 140 тонна болатын жаңа Т-1102 вакуумды бағананы күрделі монтаждау жұмыстары болды. Бұл жабдық мазут өңдеуді ұлғайтуға және жаңа су сақиналы вакуум жасау жүйесін қоса алғанда озық технологияларды пайдалана отырып, жол битумын өндіру үшін негізгі шикізат болып табылатын жоғары сапалы гудрон алуға мүмкіндік береді. Вакуумды бағанамен қатар қондырғының атмосфералық бөлігі, технологиялық пештер, жылу алмасу және сорғы жабдықтары модернизациядан өтті, сонымен бірге автоматтандыру және бақылау жүйелері де жаңартылды», деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ

Айта кетейік, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталған, бас мердігер CITIC Construction компаниясы. Жоба тәулік бойы үздіксіз жұмыс режимінде 220-дан астам маманды тарта отырып жүзеге асырылған. Нәтижесінде жоба белгіленген мерзімнен бір ай бұрын аяқталып, инвестиция көлемі 76 миллион АҚШ долларын құраған.

Caspi Bitum зауытының ресми іске қосылуы және жобалық қуатқа шығуы 2025 жылғы мамыр айының басына жоспарланған.

Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызды. Жаңғыртудың арқасында битум өндірісі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артады.