Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс кинодағы көріністерден әлдеқайда өзгеше. Ерлік пен қанды шайқас туралы әңгімелер бізге соғысқа қатысқан ата-бабаларымыздың балаларынан, немерелерінен жетті.
Атам Ержан Жақсылықов 1917 жылы дүниеге келген. 1942 жылы шілде айында Актөбе облысы Қарабұтақ ауылдық әскери комиссариатынан қызыл әскер қатарына шақырылған. Сол жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін миномет ротасының взвод командирі қызметін атқарыпты. Атам Оңтүстік, Закавказье, Балтық маңы, 3-Беларусь майдандарында жауды талқандап, соғысты аяқтаған. Оның взводы шығыстағы Пруссия жерінде болған майданда ерлікпен шайқасқан. Гвардия кіші лейтенанты Е.Жақсылықовтың миномет взводы дәл нысанаға жиі атқылап, жаудың күшін, техникасын, бекіністерін жойып отырған.
Қасіретті соғыс туралы Ержан ата мектептегі тарих сабағы мен сыныптан тыс сабақтарда айтатын. Ол ешқашан ерлігін мақтан етпейтін, керісінше басқа бөлімшелер мен командирлердің ерлігін айтып, оларға көбірек назар аударатын. Бірақ соғыстағы өзінің қатысуы туралы айтқан әрбір сөз, әрбір ұрыстағы тәжірибесі отбасымыздың әрі ұрпақтарымыздың жадында мәңгі қалады.
Атам жасаған бір ерлік – Кенигсберг қаласының түбінде жаудың қорғанысын бұзу операциясы. Германияның бас штабы Кенигсбергті алынбайтын бекініс деп санаған. Қаланың көшелері мен үйлері мықты бекініс болып, оқ ататын нүктелермен қорғалған екен. Жіңішке өрілген сымдары, миналы алаңдар, траншеялар және фаустпатроншылар мен жауынгерлер қаптап жүрген қаланы айналып өту өте қиын еді.
Ержан атам былай деген еді: «Жорық басталар алдында, 1945 жылдың 6 сәуірі таң алдында, артиллерия дайындықтары басталды. Сигналды зеңбірекке дейін тыныштық сақталды. Тіпті жан-жануарлар мен құстар да осы бір түнде жоқ болып кеткендей көрінді. Қоршаған орман мен даладағы ағаштар тұманға оранған күйде тұрды. Әлі де болсын аман, зақымданбаған, соғысқа дейінгі қалыпта еді. Ал соғыс басталған соң бәрі өзгерді. Орман мен дала түтінге батып, ағаштар мен бұталар сынып, күйді. Бетон қорғаныстар, траншеялар, терең шұңқырлар мен снарядтардың жарылған жерлері қалды. Барлығы жан-жаққа қираған, өртенген және қираған еді. Бірақ бізге «алға жылжи отырып, мақсатымызға жету керек!» деген міндет қойылды».
Е.Жақсылықовтың басқаруындағы миномет взводы Кенигсберг қаласының шетінде жаудың 50 адамдық взводын, олардың командирлерін жойып, жаудың бақылау пунктін, үш пулемет ұясын дәл атқылап бұзды. Бұл жағдайда кеңес армиясы жаяу әскерлерінің шабуылдаушы бөлімшелеріне маңызды қолдау көрсетіліп, қала қорғанысы толықтай жойылып, Кенигсберг қаласы азат етілді. Атам осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Бұл награда туралы ұсынысты 1945 жылдың 11 сәуірінде 91-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Богданов қол қойған. Ал 1945 жылдың 12 сәуірінде атамды Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттау туралы бұйрық шыққан.
Соғыстан кейін Ержан атам бар өмірін мектеп өміріне арнап, ұстаздық қызмет атқарды, жас ұрпақты тәрбиелеп, білім берді. Ол 1975 жылы өмірден озды, яғни мен дүниеге келмей тұрып үш жыл бұрын қайтыс болды. Біз әрқашан атамызды еске алып, ұрпақтан ұрпаққа оның ерлігін ұлықтап келеміз.
Жеңіс күнін әкелген барша соғыс ардагерлеріне алғысымызды білдіреміз, өйткені олар кейінгі ұрпаққа тәуелсіз Қазақстанда еркін өмір сүруге мүмкіндік берді.
Абылайбек ОРДАБАЕВ,
Маңғыстау өңірлік көлік прокуроры