• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Логистика 26 Сәуір, 2025

Логистикалық мүмкіндіктер талқыланды

150 рет
көрсетілді

Алматыда өткен «ЕСЭ Asia-2025» халықаралық контейнерлік форумында трансазиялық көлік дәліздерін қалыптастыру мен кеңейту мәселелері, посткеңестік кеңістікте контейнерлік тасымалдарды дамытудың өзекті бағыттары талқыланды.

«Kazlogistics» одағының бас директоры Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, логистикалық сегмент дамуға бет алды. Кейбір компаниялар сервисін әлемдік стан­дарттарға сәйкестендіруге тырысып жатыр.

«Логистикада ықпалдастыру үдеріс­терінің өзіндік ерекшелігі бар. Үлкен аумақты алып жатқан әрі басқа елдермен тығыз байланысы бар еліміз үшін көлік-логистикалық жүйені дамыту мен экономиканы әртараптандыруға теріс әсер ететін көлік шығындарын азайту маңызды. Бұл орайдағы негізгі мәселе – тарифтік саясат, елдер арасында келісілген және реттелген транзит мөлшерлемесін ұйымдастыру. Өйткені логистикалық бизнес бір елдің аумағындағы логистикамен шектелмейді» дейді Қанат Әлмағамбетов.

Форум барысында сарапшылар 2025 жылы индустрия өзінің цифрлық трансформациясын жалғастыратынын, саланың барлық аспектісіне қойма операцияларынан бастап жүк тасымалына дейін әсер ететінін айтты. Дамудың негізгі бағыттары одан әрі автоматтандыру мен роботтандыруды, машиналық оқыту алгоритмдерін енгізуді, жеткізу тізбектерінің ашықтығын күшейтуді, сондай-ақ экологиялық тұрақ­тылық пен Азия нарықтарына бағдар­лануды қамтиды.

Еуразиялық теміржол жүк тасымалдары қатысушылары одағының атқарушы директоры Сергей Авсейковтың айтуынша, Ресейде де, елімізде де контейнерлеу деңгейіне өте жақсы деп баға беруге болмайды.

«Қазіргі нарық қойма операцияларын автоматтандыру, роботтандыру сияқты озық технологиялармен ғана ерекшеленеді. Бұл ретте бизнес-үдерістерді жеделдетіп, еңбек өнімділігін арттыратын және адам факторының әсерін азайтатын WMS-жүйелерді пайдалану басым бағытқа айналып отыр. Роботтандыру тауарларды сұрыптауды, тасымалдауды, орауды авто­маттандыруға мүмкіндік береді. Қазір бәрімізге келісім, үйлесімділік маңызды. Тасымалдау үдерісін басқару жүйесін жетілдірсе барлық бағытта көлік-логис­тикалық сервистердің деңгейін арт­­тыруға болады. Оған кедендік ре­жімдерді үйлестіру, тасымалдау құжат­тары жүйесін біріздендіру, сондай-ақ ЕАЭО аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздері арқылы жүк тасымалдауды кеңейту мақсатында тарифтік саясатты үйлестіру керек. Логистиканы цифрландыру жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді. Блокчейн және IoT сияқты технологияларды пайдалану нақты уақыт режімінде жүктердің орналасқан жері, тауарлардың жай-күйі және басқа да негізгі параметрлер туралы ақпарат алуға жағдай жасайды. Бұл нарыққа қатысу­шылар арасындағы сенімді арттырады және клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартады», дейді Сергей Авсейков.

 

АЛМАТЫ