Өңір тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ұйымшылдықпен ат салысуда. Күні бүгінге дейін 340 гектар алқапқа 2,3 миллион түптен астам көшет отырғызылды. Игілікті іске облыстық барлық тұрғындары дерлік ат салысуда.
Жалпақ жұртқа өнеге болатын акция Аршалы ауданында да жалғасын тапты. Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов та қатысып, Аршалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағына елмен бірге 100 түптен астам қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды.
–Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде қыруар жұмыстар атқарылуда, – деді облыс әкімі, – бұл – еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың саулығы үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та таяуда экофестивальге қатысып, халықты табиғатты аялап, туған жердің тазалығын сақтауға шақырды. «Таза Қазақстан» тек қоқыс жинау ғана емес түптеп келгенде әр адамның туған жеріне деген жанашырлығы.
Аудан тұрғындары да бағалы бастаманы бірауыздан қолдап, мұндай шараның айрықша маңызды екенін айтуда. Сөз соңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылға дейін облыста екі мың гектар аумаққа 14 миллион түп көшет егу жоспарланып отырғандығын айта кету парыз.
Ақмола облысы.