• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Сәуір, 2025

«Орталық Азия – Қытай» форматындағы кездесу

30 рет
көрсетілді

Алматыда «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуі аяқталды. Келелі кездесуге Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин мен Түрікменстан өкілі қатысты.

Кездесу барысында саяси диалогтерді нығайту, сауда-экономикалық байланыс­тарды кеңейту, көліктік өзара байланысты дамыту, сын-тегеуріндер мен қауіп-қатер­лермен бірлесе күресу, сондай-ақ өңір­дегі орнықты даму мен экология­лық қауіп­сіздік мәселелеріне басты назар аударылды. Орталық Азияның Қытаймен өзара сыйластық пен теңдік қағидаттарында көпжақты өзара іс-қимылының архитектурасын жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі Мұрат Нұртілеу сөз алғанда өңірдегі тұрақтылық­ты қамтамасыз ету үшін шешуші салалар­дағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажетті­гіне назар аудара отырып, «Орталық Азия – Қытай» көпжақты форматын нығайтудың маңызын атап өтті.

«Форматымыздың «Орталық Азия +» тетіктері арасында флаг­манға айналуы, ал көшбасшылардың алдағы кездесуі мәңгілік достық пен өркендеудің жаңа кезеңіне қадам басу үшін барлық жағдай жасалып жатыр», деді М.Нұртілеу.

Отырысқа қатысушылар қазіргі жаһандық жағдайда сындарлы диалогтер­ді жалғастырудың, безбенделген бай­ланыстарды дамыту мен басым бағыт­тар бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына назар аударып, осы форматтағы тұрақты кездесулерге дайын екенін білдірді.

Жабық форматтағы кездесу соңында Сыртқы істер министрлері Ақпараттық коммюникені қабылдады, онда «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберінде тату көршілік, орнықты даму және көпжақты өзара іс-қимылды тереңдету қағидаттарына ортақ міндеттеме бекітілген.

 

АЛМАТЫ