Қазақстанда конституциялық реформалар аясында Президенттің сайлау жүйесіндегі, қаржы секторындағы және жергілікті атқарушы биліктегі өкілеттіктері нақтыланды. Жаңартылған нормалар мемлекеттік институттардың жұмысын үйлестіруге, басқару тиімділігін арттыруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының қызметін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Президент комиссия туралы ережені бекітіп, оның қызмет тәртібін айқындайды. Сонымен қатар сайлау мен референдумға дайындық және оның қорытындылары туралы ақпаратты тұрақты түрде тыңдайды.
Заңнамада Президенттің республикалық референдум өткізу мәселесіндегі құзыреті де нақты көрсетілген. Мемлекет басшысы референдум өткізуді өз бастамасымен немесе мемлекеттік институттар мен азаматтардың ұсынысы негізінде шеше алады. Референдум бастамасын кемінде 200 мың азамат көтере алады.
Ұсыныстар қаралғаннан кейін Президент референдум өткізу, заңды референдумсыз қабылдау немесе бастаманы кері қайтару туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ қоғам пікірін нақты көрсету үшін референдумға шығарылатын сұрақтардың мазмұнын түзетуге құқылы.
Қаржы жүйесін басқару саласында да Президентке маңызды өкілеттіктер берілген. Президент Ұлттық банк төрағасын тағайындап, қызметінен босатады, сондай-ақ оның орынбасарларын бекітеді. Бұл ақша-несие саясатының тұрақтылығын сақтауға және қаржы жүйесіндегі үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Ұлттық банктің қызметі туралы есепті тоқсанына кемінде бір рет тыңдайды. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын бақылауға мүмкіндік береді.
Президенттің өкілеттігі Жоғары аудиторлық палата қызметіне де қатысты. Мемлекет басшысы палата төрағасын тағайындап, Құрылтайдың келісімімен сегіз мүшесін бес жыл мерзімге бекітеді. Бұдан бөлек, осы органның қызметін реттейтін ережені де Президент бекітеді.
Жоғары аудиторлық палата Президент алдында тұрақты есеп береді. Бұл мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтіп, сыртқы аудиттің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңартылған нормаларда Президенттің жергілікті атқарушы билікті қалыптастырудағы рөлі де айқындалған. Мемлекет басшысы Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
Президент әкімдерге тапсырма беріп, олардың орындалуын есептеулер арқылы бақылап отырады. Қажет болған жағдайда, соның ішінде мәслихат сенімсіздік білдірген кезде, әкімдерді қызметінен босатуға құқылы.
Сонымен қатар Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты өкілеттіктер де бекітілген. Жаңа Президент қызметіне кіріскеннен кейін мұндай органдардың басшылары жаңа тағайындаулар жасалғанға дейін өз міндетін атқара береді.
Мемлекет басшысы бұл органдардың құрылымы мен штат санын бекітіп, басшыларын және олардың орынбасарларын тағайындайды. Сондай-ақ ведомстволарды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдай алады. Бұдан бөлек, Президент аталған органдар жетекшілерінің есебін тұрақты түрде тыңдап отырады.