Бүгін Maqsut Narikbayev University-де (MNU) «Орталық Азия XIX-XX ғасырлардағы Батыс зерттеушілері мен саяхатшыларының көзімен» жобасы аясындағы алғашқы көрме өтті. Іс-шара барысында сол тарихи кезеңдегі өңір өмірін айқын бейнелейтін бірегей архив материалдары көпшілік назарына ұсынылды, деп жазады Egemen.kz.
Көрме Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, танымал мажар шығыстанушысы және саяхатшысы Арминиус Вамберидің еңбектеріне арналды. Экспозицияда оның 1868 жылы жарық көрген «Орталық Азияға саяхат» атты кітабынан цифрланған фотоматериалдар мен тарихи суреттер топтамасы қойылды. Көрмеге Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, тарихшылар, халықаралық сарапшылар және журналистер қатысты.
«Maqsut Narikbayev University-дегі бұл көрме – түркітану ғылымының дамуы мен Мажарстанда қалыптасуын көрсететін маңызды оқиға. Арминиус Вамбери – әлемдік түркітанудың негізін қалаушылардың бірі. Ол Орталық Еуропаға қоныстанған мажар тайпаларының шығу тегін зерттеуге бар ғұмырын арнады. Сонымен қатар мажар тілі түркі тілдеріне жата ма, әлде фин-угор тілдік тобына ма деген бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғылыми пікірталасты да алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Оның еңбектері Мажарстан мен Орталық Азия халықтары арасындағы рухани байланыстың берік негізін қалады. Соның арқасында қазақтар мен мажарлар арасындағы туыстық сезім бүгінге дейін сақталып отыр», деді Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона.
Көрмеде Батыс этнографтары, шығыстанушылары, саяхатшылары мен лингвистерінің көзқарастары арқылы Орталық Азияның тарихи мұрасын кеңінен насихаттау көзделді.
«Арминиус Вамберидің Орталық Азияға жасаған саяхаты әртүрлі өркениеттер арасындағы өзара түсіністікке жаңа жол ашты. Осы тарихты университет қабырғасында бөлісе алғанымызға біз ерекше қуаныштымыз. Maqsut Narikbayev University-де біз зерттеушілік рухты, пікір алмасу және тарихқа деген құрметті жоғары бағалаймыз. Осындай мәдени бастамаларды қолдау – біздің халықтар арасындағы көпірлерді нығайту және студенттерімізді өз мұрасын ғана емес, әлемдік мәдениеттердің байлығын да бағалауға шабыттандыру жолындағы кең міндеттеріміздің бір бөлігі», деді MNU Провосты Сергей Пен.