Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» театрында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбайдың «Бір адамға екі өлім жоқ» атты тарихи драмасының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері – Бағдат Әшім.
Қуғын-сүргін жылдарындағы халықтың бастан кешкен қайғы-қасіреті көркем бейнеленген спектакль көрерменін бейжай қалдырмайды. Өйткені драма тарихи шындыққа негізделген. Басты кейіпкер Мұхиден Төлеубеков – өмірде болған тұлға. Ол – жалған жаламен «халық жауы» деп айыпталып, өлім жазасына кесілген азаматтардың бірі. Алайда қанды қырғын жүзеге асқанда Мұхиден жараланып, мәйіттер арасында жасырынып аман қалады. Сол жерден Үміт есімді жиенінің үйіне қансырап жетіп, бас сауғалайды. Ал Үміттің күйеуі Сәмен шахтада жұмыс істейтін, кеңестік идеологияға шындап берілген адам еді. Бас сауғалап келген Мұхиденді НКВД-ға ұстап беруді ойлағанымен, соңында адамдық сезімі жеңіп, ол райынан қайтады. Алайда ауыл белсенділерінің аңдуымен Мұхиден қайта ұсталып, тағы да өлім жазасына кесіледі. Осылайша, ол бір өмірінде екі мәрте ату жазасына ұшырайды. Пьесаның қысқаша мазмұны – осы. «Шаңырақ» театры сахналаған спектакльдің соны қырлары, актерлердің, режиссердің өзіндік ізденістері жүрекке жылы тиді. Сондай-ақ студент жастардың ойындары көңілге қонымды шықты. Мұны көрермендер қошеметінен аңғардық. Қойылым соңында драма авторы Жамбыл Артықбай тарихи деректерге негізделген пьесаның басты идеясы туралы әңгімелеп, «Шаңырақ» театрының өнерлі жастарына және театрдың көркемдік жетекшісі Жамбыл Тілеповке алғыс білдірді.
– Өмірдің әр сәтінде, әр секундында біз жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен сатқындықтың арасында таңдау жасаймыз. Егер сатқындықты таңдаса, сол сәтте-ақ оның ішіндегі адам өлді деген сөз. Кейінгі өмірінде оның тек сыртқы бейнесі, қауашағы ғана қалады. Ондай «адамдар» жүз жыл жасауы мүмкін, бірақ олардың ішінде жүрек, рух болмайды. Біздің пьесадағы негізгі драмалық түйін де осы. Пьесадағы Сәменнің алдында екі таңдау тұрды. Мұхиденді ұстап берсе – сатқындыққа барып, адамдықты өлтіреді. Ұстап бермесе – өз өміріне қауіп төнеді. Осындай қиын таңдаудың ортасында қалған адамның ішкі арпалысы қойылымда жақсы ашылған», деп Жамбыл Артықбай студент жастарға батасын берді.
Айта кетейік, «Шаңырақ» театры жақында ғана Дубайда өткен байқауда топ жарып, бас жүлдені олжалады. Оның алдында Испания, Әзербайжан сынды мемлекеттерде ел мерейін асырып жүрген студенттік театрдың халықтық театр атағын алатын күні де алыс емес деп сенеміз.